Дара да, дана Бауыржан

Дара да,  дана Бауыржан

Адамзат тарихында, халық жадында мәңгі өшпес із қалдыр­ған Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында жанқиярлық ерлік көрсеткен батырымыз Бауыржан Момышұлының азаматтық қасиетін, тұлғалық келбетін, батырлығын келер ұрпаққа паш ету баршамыздың парызымыз. Осы орайда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауданымызда бірінші рет «Дара да дана — Бауыржан» атты Бауыржан оқулары бастау алған еді.

Игі бастамаға мұрындық болып, ұйымдастыру ісін қолға алған Бірлік ауылындағы Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясының ұжымы болатын. Аталмыш білім ошағы баһадүр батырдың есімін алғалы, дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры мен ғибратқа толы істерін келер ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында мектеп көлемінде жыл сайын Бауыржан оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырған еді. Міне, биыл бұл дәстүр аудан көлемінде жалғасын тапты. Ондағы мақсат — оқушылар арасында  Б.Момышұлының шығармаларын, нақыл сөздерін, ерлігі мен батырлығын насихаттап, балалардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтау болатын.

Бауыржан оқуларына аудан мектептерінен 34 оқушы қатысып, бағын сынады. Олардың сайысына төрелік етіп, әділ бағасын беру үшін №35 мектеп –гимназиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі жетекшісі, ғылым кандидаты Айтжамал Нұрбатырова, ардагер ұстаз, әдіскер — Нұргүл Тасырова, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері – Анар Мухатова мен Жанар Сыбанқұлова, №35 мектеп-гимназиясы директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Құралай Достайқызы қазылар алқасының қатарынан табылды. Игі шара басталмас бұрын мектеп директоры Бақытжан Малдыбеков алғы сөз сөйлеп, Бауыржан оқуларының ережесімен таныстырып, жеңімпаздарға арнайы стипендия тағайындалатынын айтып өтті. Содан кейін Белбұлақ ауылдық округінің әкімі, байқау демеушісі Нұрбол Досымбаевқа сөз берілді. Ауыл әкімі Бауыржан атамыздың өнегеге толы өмір жолы туралы айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау түрлі кезеңдер бойынша өтті. Бірінші кезең «Тау тұлға — Бауыржан» деп аталып, онда оқушылар батыр бабамыздың бірнеше өлеңін ой кестесіне сай көркемдеп оқып, сахна мәдениетін паш етті. Байқаудың бірінші кезеңінен-ақ оқушылардың жақсы дайындықпен келгені байқалып тұрды. Бірі Бауыржан аталарының жиырма бес өлеңін жатқа білсе, енді біреулері қазылардың қалауына келген өлеңдердің шумақтарын мәнерлеп оқып беріп жатты. Ал «Айығар соғыс өрті, жылдар өтер, ер халық ер ұланын жырлап өтер» бөлімінде оқушылар Бауыржан аталарына арнап өздері жазған төл туындыларын паш етті. Қатысушылардың біреулері өлеңдерін ұйқастыра, буын санына келтіре, әсем көркемдеп жазса, енді бірінің ұйқасы келмей, ойларын жинақтап жеткізе алмады. Қазылар алқасы барлығын талапқа сай бағалап отырды. Үшінші кезеңде «Нақыл сөздер эстафетасы» болды. Онда үміткерлер Бауыржан атамыздың нақыл сөздерін жатқа айтып жарысты. Балалардың алды атамыздың отыз нақыл сөзін білсе арты алты-жетіден кем айтпады. Байқаудың соңғы бөлімі «Бауыржан мұрасын кім көп біледі?» деп аталатын сұрақ-жауап ойынымен өрбіді. Қатысушылар Бауыржан атамыздың өмір жолы мен атамыз туралы жазылған кітаптардағы түрлі оқиғаларға қатысты құралған 10 сұраққа 1 минутта жауап беріп, ұпай жинады. Бұл бөлімде санаулы оқушы ғана сұрақтарға дұрыс жауап беріп, жоғары балл жинады.

Биыл алғаш рет өтіп отырса да балалардың дайындығы, жеңіске деген құлшыныстары тәнті етті. Бір ғана әттеген-ай дейтін тұсы, көптеген оқушылар Бауыржан атамыздың шығармаларымен кең көлемде танысып, атамыз туралы жазылған кітаптарды оқымаған болып шықты. Бұл кемшіліктерді түзету уақыт еншісіне қойылды. Алдағы жылдары мұндай олқылықтарға жол берілмейді деп сендік. Бауыржан оқуларын қорытындылаған қазылар алқасының сараптауы мен әділ бағалауының нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Байқау тәртібі бойынша жүлделі жеті орын белгіленген болатын.

Бас жүлдені Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясының 5в сынып оқушысы Данияр Советхан жеңіп алып, 15000 теңгелік сертификатқа ие болды. Байқауда Даниярға тең келер қатысушы болмады. Ол Бауыржан атамыздың жиырма бес өлеңін, жиырмадан аса нақыл сөзін жатқа білетін, қойылған сұрақтардың барлығына дұрыс жауап берген, өзінің шығарған өлеңі де мағынасы мен оқу мәнері жағынан жоғары бағаға ие болған оқушы. Ал бірінші орынды тағы да Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназия­сының 6 «г» сынып оқушысы Айзере Бөрібай мен 7ә сынып оқушысы Иманғали Тасполат жеңіп алып, 12000 теңгелік сертификатқа ие болды. Алдыңғы орындарды атамыздың атындағы мектептің оқушыларының жеңіп алуы заңдылық еді. Өйткені, Бауыржан атамыздың атын алып жүрген мектепте білім алатын балалардың батыр бабамыз туралы өзгелерден аз білуі ұят-ты. Сондықтан да үш оқушының суырылып шығуына таңырқаудың өзі әбестік. Жүлделі екінші орынды сонау Жалғамыс ауылындағы №14 орта мектептің 7 сынып оқушысы Меруерт Асқарбек пен Кеңдала ауылындағы №42 орта мектептің 9 сынып оқушысы Жансая Бердіғожа иеленіп, 10000 теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Үшінші орынды Бесағаш ауылындағы №28 орта мектептің 6 сынып оқушысы Думан Нұрғисаұлы мен Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Айзада Байтұрсын жеңіп алып, 5000 теңгелік сертификатқа ие болды. Барлық жеңімпаздар биылғы оқу жылының аяғына дейін, яғни бес ай бойы сертификатта көрсетілген көлемде стипендия алып отыратын болады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»