Балалардың рухымен асқақталды

Балалардың рухымен асқақталды

Әр ұлттың еншісіне берілген атаулы күн болатын болса,  қазаққа 16 желтоқсанды атап бергендей. Биыл ел тарихының елеулі күніне 30 жыл толып, оны ұлықтау шаралары әр мекемеде өтуде. Сондай рухты шараның бірі Талғар қалалық балалар музыка мектебінде болды. Қандай мереке болсын атаусыз қалдырмайтын бұл білім ошағы ұлық мерекеге арнап кең көлемде концерт ұйымдастырыпты.

Гүлбағила Мұсабекқызы басшылық ететін мектептің өнерпаз жеткіншектері ауданның ғана емес республиканың атын шығарып жүрген талантты да дарынды балалар. Ол жөнінде баспа бетінде талай мәрте жазғанбыз да. Бұл жолы да сол деңгейден түспеген шәкірттер әсем ән-күймен, музыкалық аспаптармен, ансамбльдермен патриоттық асыл қасиетті әспеттеді. Кешке ата-аналар мен зейнеткер ұстаздардан бөлек инновациялық білім орталығының директоры, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Найля Үмбетова да қатысты. Кеш шымылдығын кіріспе сөзімен ашқан мектеп директоры кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы еңбектер де бүгінгі күні тарихқа айналып бара жатқандығын айтып, соның ішінде мектеп жетістігіне де біршама тоқталып кетті. Сондай-ақ халық аспаптар бөлімі балаларының арасында өткен «Жас музыкант» байқауында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталды. Қобыз номинациясы бойынша Гран при иегері Кәусар Рахымбай мен домбыра номинациясы бойынша Гран при иегері Мадияр Мұқанбай арнайы дипломдарға ие болды. Мұнан кейін сөз алған Найля Бейсенбайқызы «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген тәмсілін басшылыққа ала отырып бұл дата азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес екендігін айшықтап берді. Дағдарысы мен дамуы алмасқан мына дәуірде сол құндылықтан айрылып қалмау үшін балаларымыз білімді, жастарымыз жалынды бола тұра ұлттық бояуымыздың солғын тартпауын алға тартты. Осы жолда аянбай тер төгіп жүрген музыка мектебінің болашағына сәттілік тіледі.
Концерттік бағдарламаның беташары тарихқа шолу жасаған бейнеүзікпен басталды. Роза Еркенқызы мен Айсұлтан Мұхамадиевтің орындауындағы Б.Бейсенованың «Астана» әні рухымызды бір көтеріп тастады. «Ұлар» домбырашылар ансамблі орындаған күй-тартыс пен Бибіжан Омарова, Гүлжайна Жұманова, Данияр Сатылғанов орындаған Құрманғазының «Адайы» бәрекелді дегізді. Фортепианодан төгілген Качинидің «Розовая пантерасы» Елена Короткова мен Ильхам Розиевтің орындауында жүрекке жетсе, Сұңғыла Амантай мен Роза Аубакиова ұсынған «Күзгі әуен» көкіректерде жатталып қалды. Рашид Әбенов, Роман Бурсаков, Дастан Тұрсынжан, Айсұлтан Мұхамадиев, Альбина Ауғанбек, Мария Вождаева, Шерхан Айтханов, Сымбат Дүйсеке, Нұрай Ерлан, Денис Юхименконың өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты. «Желмая» қобызшылар ансамблі орындаған «Балбырауын» күйі кештің маңызын сәтті айшықтады. Әрине, оқушылар үшін қысқа, тіпті қас-қағым сәт болып көрінген екі сағаттық іс-шара Тәуеліздіктің бар болмысын айшықтап берді.

Меруерт Маулетқызы,
«Талғар»