Елдікті танытқан сайыс

Елдікті танытқан сайыс

Азаттығымыздың үшінші онжылдығына қадам басқанда әрбір саналы азаматты «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?» деген заңды сауал мазалайтыны анық. Бұл әсіресе ұстаздар қауымы алдынан жиі шығады. Осы жолда бар мақсат-міндетін білім мен тәрбиеге бағыттап жүрген Тұздыбастау ауылындағы №13 мектептің ұстанған жолын айқын деп айта аламыз. Жуырда ғана мектеп қабырғасында тәуелсіздікті ұлықтау мақсатында өткен «Желбірей бер, Тәуелсіздік байрағы» атты іс-шара осының айғағы.

Шараны мектептің АӘжТД пәнінің мұғалімі Сұлтанғазиев Ерболат Абайұлы ұйымдастырды. Әскери-спорттық, патриоттық сайыс түрінде өткен шараның негізгі мақсаты — жас ұрпақ бойындағы Отанға, елге, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, патриоттық сезімдерін дамыту.
Сайыс 10-сынып оқушыларынан құралған «Тәуелсіздік ұланы», «Болашақ», «Сарбаздар» және «Айбын» командалары арасында тоғыз тапсырма бойынша өтті. Командалар алдымен топтың атымен, ұранымен, әнімен таныстырып, сапта жүру дайындықтарын байқатты. Келесіде жүректі тебірентер рухты әндерден өзара жарысқа түссе, үшінші кезекте Калашников автоматын шашып-жинау өнерін қазылар назарына ұсынды. Пневматикалық винтовкадан оқ атып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тәуелсіздік тақырыбындағы көркем сөзден сайысқа түсті. Ал спорттық ойындардың ішіндегі қол күрес, арқан тартыс кезінде оқушылар аянып қалған жоқ.

Сайысты тамашалаған әрі қазылық жасаған Желтоқсан оқиғасының ардагерлері Қайрат Диясұлы мен Қайрат Мұсылманов, Ауған соғысы ардагерлері Ержан Байбалақов пен Ержан Қозбақов, Талғар қаласы ҚІБ басшысы, подполковник Айдар Болатұлы мен бөлім бастығының Әскери-патриоттық жұмыс жөніндегі көмекшісі Салтанат Алымқызы, және шараға демеушілік көрсеткен Тәжік-Ауған шекара қақтығыстарының ардагері, «ҚаҺарман ұрпақ» қоғамдық қорының директоры, запастағы штаб сержанты Арман Қайроллаұлы мен ардагерлері Қанат Жылқыбекұлы, Сәндібек Нұрғалиұлы балалардың физикалық дайындықтарының өте жоғары деңгейіне тәнті болды. Тартысты да қызықты өткен сайыс қорытындысы бойынша «Тәуелсіздік ұланы» командасы Ӏ орынды, «Сарбаздар» командасы ӀӀ орынды иеленді. Ал«Болашақ» және «Айбын» командалары ӀӀӀ орынды өзара бөлісті.
Шараға қатысқан қонақтар ұйымдас­тырушыларға алғыс білдіріп, «Мадақтама қағаздары» мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»