Шығарар олар Алаш атын аспанға

Шығарар олар Алаш атын аспанға

Таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті де қасиетті сөз – Тәуелсіздіктің бесігінде тербелгенімізге, Құдайға шүкір 30 жыл. Ішкі, сыртқы әлемі, экономикасы, валютасы, ұлты мен ұлысы секілді көптеген құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдыра алған еліміз шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптасып үлгерді. Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан ұрпақтың ендігі парызы – осы аманатты сақтап қалу.

Қайнар ауылдық округі осы биік мүддені берік ұстанған елді мекендердің бірі. 11 ауыл кіретін округ аумағы жағынан да, салмағы жағынан көшбастауға лайық ауыл. Өйткені мұнда аузы дуалы қариялар мен жастық жігері мұқалмаған жастардың арасында рухани байланыс көпірі еркін өркен жайған. Көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше тұрғындардың басты ұстанымдары – еңбекпен келген егемендіктің, термен келген тәуелсіздіктің қадір-қасиетін келесі ұрпаққа ұғындыру және сол жолдағы атқарған жұмыстары жүйелі. Жуырда ғана Еламан ауылындағы №41 орта мектепте өткен келелі шара кезінде оған біздің де көзіміз жетіп қайтты.

Аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Матан Бекбосынов, аудандық ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жаният Молдахметқызы арнайы барып қатысқан шара «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» деп аталды. Мектептің акт залына жиналған ауыл тұрғындарын рухты әнмен қарсы алған ұйымдастырушылар бұл мерекенің басқалардан өзгеше екендігін сезіндіре білді. Мемлекеттік Әнұранмен басталған шара ақын, ҚР оқу ісінің үздігі, Жалқамыс ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Тәліпұлының тұщымды баяндамасына ұласты. Баяндамашы егеменді еліміздің бұрынғы кезінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын жан-жақты талдап, жетістігі мен жемісті жылдарын жіпке тізгендей көз алдымызға әкелді. Келесіде сөз алған Оразхан Өмірханұлы баяндамашының сөзін жалғап, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығын баянды ету әрқайсымыздың борышымыз екендігін еске салды. Осында мәні зор шараны ұйымдастырғандарға алғысын білдіруді де ұмыт қалдырған жоқ.

Ал, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», Қайнар ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсынғали Саудабаевтың құлақ құрышты қандырған аталы сөзі тыңдармандардың қай-қайсын да ұйытты. Кеңестік дәуірде  ер жетіп, білімі  мен  біліктілігін солқылдақ саясат төңірегінде шыңдаса да, халқым, ұлтым деп соққан жүрегі соғысынан жаңылып көрмеген көсем сөзімен дәлелдеп берді. – Барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі – ұлттық болмысымыздан ажырап қалмау. Жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ол үшін жас ұрпақтың жүрегіне тәуелсіздік ұғымын біржола шегелеп, мәңгі сақтауымыз керек, — деп жиналғандардың патриоттық рухын бір асқақтатты. Округтің тыныс-тіршілігіне белсене атсалысқан бір топ азаматтарды марапаттаған Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев құттықтауынан соң басталған концерттік шара рухты да жігерлі әндермен әрленіп, поэзиямен көркемделе түсті. №41 мектептің ұстаздары хор ұсынса, оқушы Диас Бекбосын оқыған өлең қазақтың қазақтығын танытты. Сондай-ақ мектеп ұстаздары қойған «Тарихи тұлғалар» қойылымы кім-кімнің де жүрегін селт еткізбей қоймады. Бағдарлама барысында Шолпан Есқожаева, Нұрислам Мұханғали, Ұлнар Нұрберген, Бақнар Бейсенбек, Лаура Оспанова, Асылжан Әбдіманап, Зайтуна Имрамзаева, Айнара Айтбек, Ақниет Қиырбай Сырым Жүсіпбек, Шоқан Алиев сынды өнерлі жандар ән аспанында қалықтатты. Бір айта кетерлігі, шарада округтегі 5 мектеп — №37, №15, №26, №11, №41 түгел қамтылыпты. Шара соңында «Әз Желтоқсан» қоғамдық ұйымының төрағасы Ербол Әбдірешов сөз алып, тілегін айтып, белсенді оқушы Диас Бекбосынды марапаттады.

Осылайша, шынайы патриоттық сезіммен рухтанып қайтқан кештен шыққан соң халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі ойға оралды. Оралды да береке-бірлігі тарқамаған ауылдың кешеден бүгінге жалғасқан ұлтжандылығы бүгіннен ертеңге де жалғасатынына сеніп қайттық.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»