Қайырымдылық жылы жүректен

Қайырымдылық жылы жүректен

Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі асыл қасиеттерінің бірі. Халқымыз көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, қиналғанға қайыр беріп, мүгедектерді қолдап-қорғауды  әрбір  қайырымды адамның адамгершілік борышы деп есептейді.

Өкінішке орай, мейірімділік  пен қайырым­ды­лық сынды қасиеттер барлық адамға тән емес. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның  негізгі тірегі. Ал сауабы мол іске атсалысу – әрбір адам­ның азаматтық парызы. Жуырда ауданымызда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында «Қайырымдылық жылы жүректен» атты мерекелік кеш өткен болатын. Игі шараны үнемі ауданымыздағы қайырымдылық істердің басы-қасында ұйытқы болып жүретін «Самға-Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Аталмыш шараның мақсаты ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан түрлі жарыстарға қатысып, жетістіктерге жеткен азаматтарға қолдау көрсетіп, марапаттау болатын. Еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында жылды қорытындылау болды.

Қайырымдылық кешіне аудан әкімінің орын­басары Оразхан Қаспақбаев қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өткен VI Республикалық олимпиадаға қатысып, параолимпиада ойындарының ішінен жүзу, дзюдо, голлболл, блайн футбол, тоғызқұмалақтан топ жарып, жүлделі орындарды иеленген Куралай Кадырбаева, Элла Петровец, Ердаулет Байбак, Рустам Молдасанов, Рустам Таипов, Сакен Тленчиев, Дәурен Мусаев, Айдос Аукен сынды азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлім менгерушісі Жұлдыз Қонақова аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Дарындар іске» атты II -ші облыстық байқауына қатысып, қол өнер, би, бейнелеу өнері мен ән салудан үздіктер қатарынан көрініп, жүлдегер болған Сәуле Алмаскарова, Александр Курилов, Замзагуль Уызбаева, Владимир Репетиев,Мадина Тайжанова, Ғалым Көздібаев, Ұлжан Дүнгенбаева, Ажаркуль Рысбековаларды да «Алғыс хаттарымен» марапаттады. Қашанда игі істерге демеушілік танытып жүретін аудандық «Нұр Отан» партиясының белді мүшелері, ауданддық мәслихаттың депутаттары Роза Баракова, Жаслан Айткалиев, Марат Алиманов, Александра Даурбаевалар барлық жеңімпаздарға ақшалай сый-сияпаттарын табыс етіп, жеңістерімен құттықтады.

Мерекелік кеш әрі қарай өнерлі жастардың концерттік бағдарламасына ұласты. Мерей Дари­баев, Саят Аукен, Саят Маратұлы, Жандарбек Нұрбай сынды эстарада жұлдыздары әсем әндерімен кеш шырайын аша түсті. Қоғамдық бірлестік ұжымы қашанда қолдау көрсетіп, демеп жүретін қаламыздағы М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің ұжымына, оның ішінде ерекше колледж оқытушысы Жәнібек Бекбауға, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Барлық жомарт жүректі азаматтарға «Самға-Н» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Назгүл Рысбаева «Алғыс хаттарын» табыс етіп, еңбектеріне жеміс тіледі.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»