Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әдеп жөніндегі кеңес туралы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  Әдеп жөніндегі кеңес туралы

Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Революциялар, соғыстар, ұлт-азаттық соғыстар арқылы әр түрлі халықтар тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазақстан үшін 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары халықтың егемендікке, өзін-өзі билеуге ұмтылысының бастамасы болды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі «ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдады. Биыл біз ұлттық мерекенің, Тәуелсіздік күнінің, «Қазақстан Республикасы» атты егемен мемлекеттің құрылуының 30 жылдығын атап өтеміз, осыған орай Әдеп жөніндегі кеңес туралы айтып өтсек.

1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиялық құжатында ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі тиімді, заманауи мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымына ие кәсіби мемлекеттік құру екені анықталған.

«Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да ең негізгі орынды иеленді, онда «халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұр» деп атап көрсетілді.

Мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және билікті асыра пайдалануға жол бермеу үшін 1997 жылы Қазақстанда Жоғары тәртіптік кеңес, сондай-ақ, жергілікті жерлерде тәртіптік кеңестер құрылды. Одан кейін тәртіптік кеңес Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясы болып қайта құрылды. 2000 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссия таратылды. Ал жергілікті жерлердегі тәртіптік кеңестер мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға бағынды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларында тәртіптік кеңестері құрыла бастады.

Өз жұмысына немқұрайлы қараған немесе лауазымын асыра пайдаланып, көпшіліктің сынына ілінген мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қарайтын Тәртіптік кеңес 2016 жылы Әдеп жөніндегі кеңеске ауыстырылды. Өйткені, кеңес мүшелеріне тәртіптік істерді қарау емес, бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу шараларын қабылдау басымдылығы берілген. Соған байланысты жаңаша сипатта жұмысын бастаған Әдеп кеңесі аудан, қалалардың өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен мамандардың шалт басқан әрбір қимылына әділ де шынайы баға беруді жүргізіп келеді. Әрине, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқтығын ескерсек, мемлекеттік қызметкердің түрлі жағдайға тап болатынын ұғынуға болады. Дегенмен, мемлекеттік қызметкердің Этика кодексіне сай қызмет көрсетіп, халықпен сыпайы әрі жанашыр ниетпен тілдесуі шарт.

Әдеп жөніндегі кеңестердің қызметі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың жасалу себептері мен жағдайларын анықтауға бағытталған.

Әдеп жөніндегі кеңес қызметінің спектрі кең. Яғни, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын қарау; мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар жұмысының қорытындыларын қарау; қызмет этикасының сақталуына мониторинг пен бақылауды жүзеге асыру кезінде Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызмет нәтижелерін қарау; тәртіптік тәжірибені талдау қорытындылары негізінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің нәтижелерін қарау; сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның, кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның және т.б. ұсынымдарын қарау.

Бүгінгі таңда Әдеп жөніндегі кеңес жүйелі проблемаларды, соның ішінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі мәселелерді қарау және шешу алаңы болып табылады. Олардың қызметінде этикалық бұзушылықтардың алдын алуға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға және қолайлы моральдық-психологиялық климатты қалыптастыруға баса назар аударылған. Соның аясында 2021 жылдың 11 айында Әдеп жөніндегі кеңестің 8 отырысы өткізіліп, 98 мәселе қаралды. Ал тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін – 5, Әдеп кодексін бұзғаны үшін 49 іс қаралып, 16 іс тәртіптік жаза қолданылу мерзімінің өтуіне және тәртіптік теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылды.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңеспен әкімдер мен өзге басшыларға қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасына бағытталған шараларды жүзеге асыру бойынша 72 ұсыныстар енгізіліп, барлығы орындалды. Осылайша Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы профилактикалық мәселелерге бағытталып, оның құрамының 70 пайызы үкіметтік емес ұйымдардың ұжымда қадірлі және құрметке ие болған, тәжірибелі білім өкілдерінен тұрады.

Мемлекеттік қызмет үшін беделдің, яғни, имидждің қызметтік және мәртебелік маңызы зор. Ол халықтың оған деген сенім деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқарушылық қызметтің, мемлекет жүргізіп жатқан өзгерістердің тиімділігіне берген бағасының критерийі болып табылады. Сондықтан бедел азаматтардың мемлекеттік органдарға қатысты мінез-құлқын едәуір негіздей отырып, қоғамның мемлекеттік қызметті және оны реформалау бағдарламасын қолдау деңгейін анықтайды. Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру аталған әлеуметтік институттың тиімді қызмет етуінің және дамуының, сондай-ақ мемлекеттік орган қызметі мен мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттырудың негізгі шарты болып табылады.

Мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру – күрделі әрі көп уақытты алатын үрдіс. Өйткені, оны қалыптастыру үрдісінің өзі атқарушы биліктің беделдік саясатымен де тығыз қарым қатынаста. Мемлекеттік қызметшінің оң беделіне қойылатын негізгі ережелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс Кодексінде белгіленген. Сонымен, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік, моральдік-этикалық бейнесіне ерекше талаптар қояды.

Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстай білуі, ұжымға басшылық жасамас бұрын, бағына білуді үйренуі, өз қызметкерлерінен талап етіп отырғанын өзі орындай білуі керек. Егер мемлекет мүддесіне нұқсан келіп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көрсе, дереу араласып, шаралар қолдануы керек.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң әдеп кодексі бар. Онда мемлекеттік қызметшінің барлық міндеттері мен құқықтары жазылған. Біріншіден, ол ҚР Президентінің саясатын ұстануы керек. Екіншіден, адамгершілігі мол, адал, адамдарды тыңдай білетін, мемлекеттік қызметшілердің кез келген сұрағына жедел жауап беретін, қоғамдық орында өзін мәдениетті ұстайтын қызметкер болуы тиіс. Егер мемлекеттік қызметші қоғамдық орында ерсі қылық көрсетіп, көпшілік назарына іліксе, онда оған қатысты жеке тексеру жүргізіледі. Егер фактілер расталса, мемлекеттік қызметші жауапқа тартылады. Ол билік пен халық арасындағы өзіндік байланыстырушы буын болып табылады, сондықтан да көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты. Кез келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы – жай мамандық тұрғысымен салыстырғанда мейлінше жоғары. Бұл – өзін-өзі жетілдірудің тұрақты процесі.

Бірінші кезекте ескеретін нәрсе: мемлекеттік қызметке кіріскен адам өзіне көмек пен қолдау сұрап келгендердің тағдыры негізінен өзінің шешіміне қатысты болатындығын есінде сақтауы керек.

Өзін мемлекетке қызмет етуге шешім қабылдаған азаматтың қандай қасиеттерге ие болу тұрғысына келетін болсақ, мемлекеттік қызметші үнемі өзінің жоғары мәртебесіне сай болып, байыпты және кәсіби тұрғыда қалыптасуы тиіс. Жылдар өте келе өз қызметін жақсарту жолдарын ұдайы іздестіруі қажет.

Ол өз ісіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметші сыпайы, тіл тапқыш болуы тиіс, өйткені қызмет барысында ол азаматтармен және жұмыста әріптестерімен үнемі қарым-қатынаста болады ғой. Қатардағы азаматтар тап болған проблемалардан оның өзін шалғай ұстауына болмайды.

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет

саласындағы бақылау басқармасы