ӨМІРШЕҢ МҰРАСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ӨМІРШЕҢ МҰРАСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Кеңес заманындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыз­дың руханиятын жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің кеңес дәуіріндегі алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен, өмір жолымен ұқсас. Олардың өмірінің, шығармашылығының рухани және әлеуметтік ортақ екі негізі бар. Рухани тұрғыдан алғанда олар кәсіби әдебиетке халықтың ауыз әдебиетінен нәр алып өскен өскін ретінде келді. Халқымыздың бай ауыз әдебиеті және өмірімізге етене сіңіп, төл мұрамыздай болып кеткен Шығыс әдебиеті бейне қамшының өріміндей, домбыраның қос ішегіндей еді. Қалмақанды да қалыптастырған бастау рухани мектептер осы. Оның үстіне Қалмақан ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген Сыр сүлейі, әйгілі шайыр Бұдабай Қабылұлы ақынның туған жиені болатын.

Қалмақан Әбдіқадыров (1903–1964) — 14 сәуірде Қызылорда облысы, Жаңақорған (қазіргі Шиелі) ауданында туған. Он екі жасынан жетім қалып, тағдыр тауқыметін басынан кешірген жан. Ол ұлттық әдебиетіміздегі өзіндік  үлес қосқан көрнекті ақынның бірі. Еңбек жолын «Еңбекші қазақ» газеті редакциясынан бастайды. Алғашқы  «Сырдария» өлеңі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған. (1925). Қалмақанның ақындық жолға түсуіне де осы  редакция себеп болып бағыт береді. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Жалшы» деген атпен 1928 жылы жарық көрді. 30-жылдарда өлеңді өндірте жазып, «Екпін», «Шахтер» атты өлеңдер жинағын баспадан шығарды. Осыдан бастап  оның өлең, жырлары, әңгімелері республикалық газет, журнал беттерінде жиі-жиі басылады. Әбдіқадыров  ұжымдастыру дәуірін, ондағы еңбек адамдарын үзбей жырлаған.

Бұл 1940 жылы Сырдың оң жақ бетіне қоныс аударған, әуелде – «Қызыл диқан», кейін жетпісінші жылдары – «Телікөл» атанған, қазір – Әбділда Тәжібаев атындағы ауыл. Әйгілі қос ақын осы ауылдың түлектері. Ағайындарының көпшілігі осында тұрады.
Ауыл арасында ақын жігіт атана бастаған Қалмақан Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшіп келгенде, жаңа өмірге белсене қатысу үшін 1925 жылы 22 жасында қалаға тартты. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясына арбакеш болып орналасуы оның бұдан былайғы бүкіл өмірінің бағытын, мән-мағынасын айқындап береді. Халықтың ауыз әдебиетіне, Шығыс хикаяларына қанық, әңгімешіл, ертегішіл, өлеңдетіп қоятын жас жігітті редакцияның қызметкерлері байқап жүреді. Ол қолы босаған сәтте қаламын жалап, қағаз түртетін. Оның қарымын аңдап, қамқорлығына алған Би аға – «Еңбекші қазақтың» жауапты хатшысы Бейімбет Майлин еді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген осы.
Осылайша, Би-ағаның қамқорлығы арқасында Қалмақанның өлеңі алғаш рет баспа жүзін көреді. Бұл 1925 жылдың 10 тамызында «Еңбекші қазақта» басылып шыққан «Сырдария» деген өлеңі еді. Қ. Әбдіқадыровтың жазба шығармашылығы осылай жылға болып басталады.
Басым бұлақ,
Таудан шығад,
Атым дария – мен анаң,
Суым сүтің,
Жерім құтың,
еңбекші елім, мен балаң,– деп жырлады Қалмақан. Осы тырнақалды туындысының өзінен-ақ жаңа лектің лебі, жаңа құрылысқа, тың тұрмысқа қуаныш, жүрек лүпілі сезіліп тұрған жоқ па?! Осы лүпіл қазақ жаңа әдебиетіне үміт күттірерлік ақын қосылғанын аңғартқан еді.
Ақынның 1935-51 ж. аралығында жазған «Май», «Батыр», «Сәтбаев», «Еділ – Дон», «Келес қызы» поэмалары  нақты өмір шындығынан алынып, ерлігі мен өнегелі істерін бейнелеуге арналған. Қ.Әбдіқадыровтың «Қажымұқан»  повесі 1954, 1956, 1959 ж. қайта басылды, 1970 ж. орыс тілінде жарық көрді. «Алатаудың бауыры» (1935),  «Амантай» (1936), «Тапқыш» (1937), «Тәтті қауын» кітаптары республикада балалар әдебиетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. «Серт» жинағына 1941 жылдарында майданда жүріп жазған өлеңдері топтастырылған.

Қ.Әбдіқадыров аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол Шығыс әдебиетінің классиктері Әбу-л-Қасым Фирдоуси, Әлішер Науаи өлеңдерін (1948), қырғыз А.Токомбаев, орыс жазушысы В.М.Кожевников шығырмаларын аударған. Оның тікелей парсы тілінен тәржімалаған «Мың бір түннің» 4 кітабы үш рет 1949, 1955, 1962 жылдары қайта басылды. Қ.Әбдіқадыровтың осы аудармасы әлемдік әдебиеттің алтын қазынасына жататын ең үздік нұсқаларының бірі болып табылады.

Жазушы жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Шиелі қалашығында қазақ орта мектебі Қалмақан Әбдіқадыровтың есімімен аталады.
1925 жылы «Еңбекші қазақ» газеті редакциясына келіп, сонда көшір (ат айдаушы) болады. «Сырдария» деген тұңғыш өлеңі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланады. Осыдан бастап өлең-жырлары, әңгімелері республикалық газет-журнал беттерінде жиі басылады. Оның «Келес қызы» повесі кезінде идеялық көркемдігі жағынан айтуға тұрарлық шығарма ретінде танылды. «Қажымұқан» повесінде қазақ халқының атақты палуаны, классикалық күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы қызықты, тартымды баяндалған.
Балалар әдебиетін өркендетуге өзіндік үлес қосқан. «Өміртайдың ауылы», «Амантай», «Алатаудың бауыры», «Тапқыш», «Тәтті қауын» және басқа да өлең, әңгімелері ұғымды, жатық тілмен жазылған.
Жазушы «Мың бір түнді», өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаидың таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан», «Алатаудың бауыры», «Амантай», «Тапқыш», «Тәтті қауын» атты шығармалары балалар әдебиетіне қосылған бағалы дүниелер. Автор өлеңдері мен поэмаларында адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптейді. «Батыр», «Келес қызы», «Еділ-Дон», «Сәтбаев» атты поэмалары – ерлікті, қайсар рухты, еңбек пен адамдық мұратты ғибрат етеді. 1964 жылы дүние салған. Қалмақан Әбдіқадыровтың аударма саласындағы үлкен еңбегі – тікелей парсы тілінен тәржімаланған «Мың бір түн» хикаяттары. Әлем әдебиетінің үздік туындысы «Мың бір түннің» автор аударған нұсқасы алғашқы болуымен де, сапасы жағанан да бағалы болып есептеледі. «Қажымұқан» әңгімесі Бұл – қазақ халқының тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірінен жазылған автордың осы аттас повесінен алынған үзінді. Қажұмұқан – қазақ топырағынан қуат алып, өзінің ерен күшін қажырлы еңбегі мен азаматтық намысына жаныған, жоқшылық өмірдің қазанында құрыштай қайнап шыныққан орасаң күш иесі. Ол күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған. Әлем сахнасында бұратана халық атанған еліміздің елеусіз тұсының өзінде Қажымұқандай балуан атын әйгілеп, әлемді таң қалдырған. Аты аңызға айналған балуан 28 мемлекетте күреске түсіп, 56 медаль иеленген. Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесінде балуанның бала күннен күрескер кезіне дейінгі қалыптасу жолы танылады. Орыс саудагерінің шаруасына жалданған «Қар күреген баланың» тосын әрекетінен қазақ сахарасының тылсымындай жойқын күштің бала бойына даруы табиғат берген куат пен қасиет екендігі байқалады. «Жаяу сүйреген шана» бөлімінде ауқатты ортаның әділетсіз, өзімшілдігі де қылаң береді. Әңгіменің келесі бөлімінде де Қажымұқанның еңбекқорлығы, төзімділігі, қажымас қайраты танылады. Әңгіме желісі тартымды әрі ғибратты, қызғылықты баяндалған. Хикаят көптеген шетел тілдеріне аударылған.
Ол өмірге ғашық еді, халқыма берерім әлі алда деп сенетін. Қалмақан Сыр өңірінің адамдары туралы «Сыр сарбаздары» деген цикл жазуды ойлап жүрсе керек. «Келес қызы» повесі соның бір тарауы болмақ екен. Қалмақан туған халқының рухани қазынасы, оның өзі жоқ болса да, сөзі халық арасында. Қалмақан қайтыс болғаннан кейін де «Тапқыш», «Тәтті қауын», «Қажымұқан», «Мың бір түн» кітаптары, өлеңдері мен поэмалары қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, басқа да тілдерде бірнеше рет басылып шықты. Қ.Әбдіқадыровтың өміршең мұрасы алдағы уақытта да ұрпақтар игілігіне қызмет ете бермек.

Ашық дерек көздерінен дайындаған Дарын Мақсатұлы