Көңілге үміт ұялатты

Көңілге үміт ұялатты
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. «Ең басты жетістігіміз-біртұтас ел болып жаңа мемлекет құрдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік» — деді Президентіміз. Жастарды жігерлендірген бұл Жолдаудың аясында біз, еліміздің мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiмізді аянбай төгiп, еңбек етуге дайынбыз.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы – маңыздылығын кезекті рет көрсетті. Бұған дейінгі Жолдаулар елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, жаңа Жолдау азаматтардың тұрмыс-ахуалын арттыруды көздей­тін әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды айқындап отыр. Биылғы жолдаудағы көтерілген мәселелердің мәні мен мазмұны өте маңызды деп баға беремін. Өзім кәсіби педагог болғандықтан Президенттің білім беру саласындағы атап өткен өзекті мәселелеріне тоқталып өткім келеді. Баршамызға белгілі қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Бұл дегеніміз шәкірт тәрбиелейтін ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегін бағалай білу деп білемін. Сондай-ақ, мемлекет басшысы мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу керектігін қадап айтты. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс екендігін атап көрсетті. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген ұлттық қауіпсіздік мәселесі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму үдерісі, әр тараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру тетіктері, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру бағыттары, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты оның ішінде – баспана мәселесі кеңінен қаузалды. Жолдаудағы бұдан басқа да пандемия жағдайындағы күрделі мәселер жаңа жағдайда, жаңа бағытта шешімін таппақ.
Жер бетінде соңғы жүз жылда болмаған індеттің кесірінен барлық елдердің экономикасы құлдырап, даму деңгейі төмендеді. Осыған орай, ел мен жердің тыныштығын, халықтың денсаулығын, экономикалық тұрақ­тылығын сақтау үшін шұғыл шешімдер жасалды. Соның арқасында елдігіміз бен теңдігіміз, ауызбіршілігіміз артып отыр. «Біріксек алынбас қамал жоқ» демекші осынау өтпелі кезеңде ынтымақ пен татулықтың туын бекем ұстап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Бұл жаңа Жолдаудың мән-мағынасы, артар жүгі де осында жатыр.
Күлсара Мекебаева,
«Әдемі» балабақшасының тәрбиешісі