Ақ отауға – ақ бата

Ақ отауға  – ақ бата

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде құрылған Аналар кеңесінің жұмыс атқарып келе жатқанына біраз уақыт болды. Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүріміз бен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі болып отырған жайы бар. Ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде де Аналар кеңесі құрылып, ел игілігі үшін жұмыс жасауда.

Жуырда Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық «Аналар кеңесі» бірлесе ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында «Ақ отауға — ақ бата» атты кеш өткізген еді. Тәуелсіз елдің еңсесі биік, қадамы нық, болашағы зор болсын десек, бүгінгі ұрпақты ата-баба салтымен, әдебиеті һәм мәдениетімен сусындату аға буынның міндеті. Сондықтан да кеш ұйымдастырушылары ұрпақтар сабақтастығын паш етіп, бұл күнгі басқосуға ұзақ жылдар отасып, өнегелі ұрпақ өрбіткен отбасылар мен кейінгі буын, жаңа отау тіккен отбасыларды шақырды. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші жаңа өмірге қадам басқан ақ отау иелерінің бақытты да баянды ғұмыр кешіп, үбірлі- шүбірлі болуына үлкендердің ақ тілек, ақ батасының да қасиеті дариды деп жатады. Аузы дуалы қарттардан бата алу дәстүрінің елімізбен бірге жасап келе жатқаны да сондықтан. Бұл игі шараның мақсаты да керегесі кең, босағасы берік, бақыты баянды отбасы иелерінен ақ бата алу дәстүрін дәріптеу болатын.

Аталмыш кешке арнайы шақырылған отбасылардың бірі 60 жыл отасып, шежірелі ғұмыр кешіп жатқан Семетай Әбдіхалықов пен Сәкен әжей пен 50 жыл отасып, «Алтын тойларын» атап өтіп жатқан Нұрбай Жұмаходжаев пен Айнаш Мұхамбетова, Нұрбек Мәденбеков пен Светлана Анапияева, 30 жыл отасқан Ұлан Мүшіров мен Айгүл Бимағанбетова, одан бері 12 жыл отасқан отбасылық жұп Айдос Балғабек пен Камиля Рахымберген сынды өнегелі отбасы иелері мен жаңа өмірге қадам басып, болашаққа бірге беттеген жас отау иелері Медет Тоқтасын мен Инабат Әбу, Айсұлтан Елеубай мен Жансая Темірхандар шақырылды. Кеш басырында мәуелі бәйтеректей жапырағын жайып отырған отбасы иелері жанұялық тәжірбиелерімен бөлісіп, отбасылық құндылықтарының сырын ашып, жас отбасыларына ақыл кеңестерін берді. Отбасы институтының берік болуын, сол шағын ғана мемлекетте ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеудің жолын нұсқап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жастар да өз кезектерінде сұрақ сауалдарын қойып, ата-әжелердің ақылына құлақ түріп, отбасының іргесін берік ұстаудың құпиясына қанықты. Емен-жарқын әңгіме барысында жазылмаған отбасылық заңдарды ұлттық құндылықтарға негіздей отырып бала тәрбиелеу, отбасында берілетін тәрбиенің тамыры тереңде болуы туралы да сөз болды. Жастар алдыңғы буын ағалар мен аналарға қарап бой түзейтінін, сол үшін үлкендер түзу жолмен жүріп, жақсы сөз сөйлей алуы қажет екендіктерін айтты. «Аталы ел -баталы ел» демекші жас отау иелеріне ақ баталарын беріп, ақ жол тіледі.

Отбасы құндылығын дәріптеген кештің сәнін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғанипа Садықова «Әкешім-анашым» әнімен, Мәдениет майталманы Мұратбек Сарыбасов «Ата-ана» әнімен, Қызыл-Қайрат ауылдық Мәдениет үйінің әншісі Натхан Манай «Қазақтың келіндері» әнімен әрлесе, отбасылық жұп Айдос пен Кәмила да «Өмір гүлім» атты ән шашуын тарту етті. Кешті қорытындылаған аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сиқымбаева мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева аталмыш кештің мәні мен маңызын ашып,

Отанымыздың отбасынан басталатынын айтып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан- ұрпаққа жеткізетін бүгінгі жастар, яғни жас отау иелері екенін тілге тиек етті. Кешке белсене атсалысқан отбасыларына сый-сияпаттарын табыс етіп, алғыстарын білдірді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»