Ұлт реформаторы

Ұлт реформаторы

Жалпақ жаһанға мәлім болғандай, ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезіндегі кеңестік жүйенің жаппай ыдырауы мен идеологиялық бос кеңістік жағдайында өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елі бейне аса қауіпті бір құз жартастың жиегіне таяп қалғандай күйде еді.

Тура осы мезгілде ел тізгінін қолына алған Н.Ә.Назарбаев бәріне де сабырмен қарап, бәрінің де ығын, тілін тауып, қоғамның жалпы ыдырауының, саяси көзқарастардың бөлшектеніп кетуінің алдын ала білді. Ол сенімді экономикалық негіз болмайынша кез келген үндеу-шақырулардың елдің тығырыққа тірелуіне ғана алып келетінін басқалардан бұрынырақ әрі тереңірек түсінді. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде-ақ Мемлекет басшысы ретінде, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздік пен жалаң ұраншылдыққа қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Сондай аса маңызды шешімнің бірі һәм бірегейі кеңестік-социалистік жүйеден мұра болып қалған жоспарлы экономикадан бас тартып, қазақ мемлекетін бірден нарықтық қатынасқа көшіруі еді. Бұл туралы Елбасының сол кезең туралы: «Кейде адамдарды еркінен тыс, қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді» дегенін осы күндері еске алатын болсақ, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа дүние екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйіндіреді.

(Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫның мақаласынан ықшамдалды)