ӨЛДІ ДЕУГЕ СЫЯ МА АЙТЫҢДАРШЫ…

ӨЛДІ ДЕУГЕ СЫЯ  МА АЙТЫҢДАРШЫ…

Қай бір жылы, 1-мамыр мерекесінде, ауылдағы стадионда әдеттегідей қазақша күрестен түйе палуан ұйымдастырылды. Мен Қайрат ағаны сол жерде бірінші рет көрдім. Бәлкім оның алдында да көріп жүрген болармын. Сірә есте қалмаса керек. Санада біржола қалатындай алғаш танысуым осы күн болды. Күрес жүргізуші ортаға «Шыныбеков Қайрат» деп хабарлады. Бойы аласа келген, жүзінен мейірім шашқан сүйкімді бір жігіт ортаға шықты да, күлімсіреп шеткерек барып тұрды. Түріне қарап спортшы деп айту қиын, кенет, күрес киімін кию үшін үстіндегі киімін шешіп қалып еді, біздер балалар жағы тұтастай гу ете түстік. «Пресс» деген іштің бұлшық етін кинодан, суреттен көргенде онша әсері болмайды екен, тірідей көрсең әсері сұмдық. Сол жерде тұрған бәленбай бала, әрқайсымыз «ішін қара» деп екі-екіден айтып шыққан болармыз. «Пресс» деген жарықтығың адам сәл тырысса жыпырлап атып шығатын, сәл босаңсыса артқа шегініп кететін қызық дүние екенін осы жерде көріп таңғалдық. Мынандай денемен, мынандай пресспен Қайрат ағайдың осы жердегі бәрін жеңіп шығатынына шүбәміз қалмады. Шынымен солай болды. Сарыбастауда не көп, күрескер көп. Және барлығы аудан тұрмақ облысты шырқыратып қайтқандар. Небір алып жігіттер түрлі әдіс жасады, Қайрат ағай мысық құсап төрттағандап түседі. Соңғы финалда, кіммен екені есімде жоқ, ұзақ күресті, ұпаймен ұтты, әділ жеңді. Біздер балалар, Қайрат ағайдай болсақ қой деген қиялмен үйге қайттық.

Біз неге екені ол кісіні «ағай» дедік, «ағай» деп өстік. Шамасы аз уақыт болса да күрестен жаттықтырушы болған соң ғой деймін, аузымыз «ағайдан» жаза баспады. Ең масқарасы қасындағы өзі қатарлас жігіттерді атымен атаймыз да солардың арасынан жеке дара, Қайратты «ағай» деп атап жүрдік. Енді ойласам тек тренерлігі үшін ғана емес екен, Қайрекеңде өзінен жасы кішілерді еш алаламай, бәріне қамқор болғысы кеп тұратын ағаға тән қасиеті болыпты. Өзінен кішілерге әлімжеттілік жасамады. Күрес білем деп жаман жолға түспеді. Сол кездерде иттің итақайына дейін өзінен бәлен жас кіші мектеп оқушыларына «салық салу», бірдеңе тартып алу, еш себепсіз ұру белең алып тұрған кездерде бұл дүрмекке қосылмады. Адамгершілігінің ақ туын биік ұстай білді, басқа жерде қандай болғанын білмедім, арын былғамады, таза жүрді, таза тұрды. Ұрысса аға ретінде жанашырлықпен шын ұрысты. Содан да болса керек, «Қайрат» деген есіміне «ағайды» қосып айтпасақ көңіліміз олқы, сөзіміз толық еместей боп шығады.

Қайрат ағай тек күрес үшін емес, спорт үшін жаралған адам еді. Спорттың қай түріне болса да бейім болды. Әсіресе доп десе көзі жайнап кететін. Волейбол мен футбол десе ішер асын жерге қояды. Сол кездегі біздің буын ертеден қара кешке дейін мектептен шықпайтынбыз. Түске дейін сабақ, түстен кейін футбол, волейбол, баскетбол, тенис. Қолға тигенін ойнай беретінбіз. Соның қай қайсының да бел ортасында жарқ-жұрқ етіп Қайрат ағай жүретін.
Ер жеттік, үйлі-баранды болдық, Талғарға қоныстандық. Ағаймен жұма намазында, ия болмаса көшеде жиі жолығып қап жүрдік. Ауылдың жағдайы, ауылдың жай-күйі, ауылдағы спорттың жағдайы десе тоқтамай сөйлеуге бартұғын. «Сарыбастау сүйеніштерінің» бел ортасында жүрді. Қордың болашақ жоспарларын айтқанда көзі жанып кететін. Бала-шағаның нәпақасы деп өзі осы жаққа келгенімен жүрегін туған жерге тастап кеткен азамат еді.
«Қайрат ағай шарықтасқа арандап қала жаздады» деп бір естідік. Әне-міне барамыз деп жүргенде «тәуір болыпты» деп бір естідік. Еее, жазылып кеткен ғой, «Қайраттай қайраты тасып тұрған адамға сол да сөз болып па «деп ойладық. Ауруханаға түсіпті дегенде іздеп бардым. Амандық-саулық сұрастық, аз-кем әңгімелескендей болдық, кейін бір жолыққанда «Сол сенің келіп кеткенің еміс-еміс есімде» дегенде таңғалдым. Наркоздың күші әлі кетпеген кезінде барыппын, сонда да болса сау адамдай сөйлескеніне таңғалам.

Біз қазір аузы дуалы дұрыс қария қалмады деп кейиміз, дені дұрыс ақсақалдар жоқ деп налимыз, дәп бір қариялар аспаннан салбырап түсетіндей. Иә болмаса жерден өніп шығатындай. Өзіміз шалға айналатынымызды, болашақ қариялар өзіміз екені ой тұрмақ санамызға кірмейді. Ертең немерелерімізге не әңгіме айтып берер екенбіз, қаумаласып бата сұраса қандай бата берер екенбіз, елдің жердің тарихын сұраса, жөн –жосықты сұраса не айтар екенбіз деген ой мазалайды. Аузын буған өгіздей түпкі үйден шықпай отыратын болармыз, иә болмаса артық сөйлеп келін-баланың мазағына айналатын шығармыз деген қауіп те жоқ емес. Ал, Қайрат ағайдан әдемі қария шығар еді. Елге ие болар ақсақал шығар еді. Қазақтың жөн-жосығын, әдеп-инабатын, салт-дәстүр, тарту-таралғысын, қонақ кәдесін, туысқандық жолын, арғы-бергі тарихын, шариғат жолын тым жақсы білетін.

«Қайрат ағай қайтыс бопты» деген хабар дүңк ете түсті. Артынша өзімнің бала күннен бірге өскен Ғабиден ағам қайтыс болды деген хабар жетті.Бірінің артынан бірі жеткен қаралы хабардан ес жия алмай қалдым.
Ауылға жастарға арнап спорт кешенін саламыз деп жоспарлағалы бір жылдай болды, қолдап отырған ауыл адамдары өте аз. Осындайда Қайрат ағай еске түседі. Тірі болса арқа сүйер аға, ақыл қосар ақылшы, жауға алдырмас дос болар еді ау деп.Кейбір ағалардың, құрдастар мен інілердің керітартпа тірліктерін көргенде қоя салғың келеді. «Мен неменеге терлеймін, осы жалғыз маған ғана керек пе?»- деп.

Осындай сайтан ойлар мазалап жүрген көңілсіз бір күндерде Қайрат ағаның бауыры Амангелді Шыныбеков ағам звандады. «Жәкіш, спорткомплекс бастаймын деп жатыр екенсіңдер, істеріңе Алла берекесін берсін. Біз өз жылғыларымызбен жинайтынымыз бар одан бөлек Түрке әулетінен 100 мың теңге, сосын Қайрат ағаң кезінде өзі берем деп ниеттеніп жүр еді, кейін анандай жағдай болып кетті ғой, сонда да болса Қайрат ағаңның атынан 50 мың теңге қабыл аларсың»,-деді. Жүрегім атша тулап, толқып кеттім.Өмірін спортқа арнады, спортпен келіп, спортпен кетті. Енді ана дүниеде жатып ауылдың спорт кешеніне ақшасы келіп қосылып жатса, бұған қандай сөз тауып айтарымды да білмедім. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы» деген хакім Абайдың сөзі нақ осы Қайрат ағама арнап айтылғандай болып кетті. Оның қасында тірі деген атымыз болғанымен, тірінің тірлігін жасай алмай жүргендеріміз қаншама?! Жаныңыз жәннатта болсын, Қайрат ағай! Ерте ме, кеш пе, сіздің артыңыздан біз де барамыз. Сол кезде суретіңіздегідей алдымыздан өстіп күлімсіреп шығатындай боласыз да тұрасыз. Осы ойдың өзі жанға медет, жүрекке шуақ, бойға күш сыйлайды!

Жәнібек Сауданбекұлы,
«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық
қорының президенті