203 жас студент атанды

203 жас студент атанды

Талғар қаласындағы тарихы тереңге тартқан білім ордаларының бірі –
М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі. Өнегелі істерімен қашанда ел аузында жүретін бұл білім ордасының құрылғанына бір ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде бұл қарашаңырақтан еліміздің ауылшаруашылық саласына қажетті қаншама маман білім алып, еңбек жолын бастады. Бүгінде заман талабына сай жабдықталған білім ошағы облыс, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, білім саласындағы үздіктердің бірі саналады.

Өз Тәуелсіздігін жариялағанына биыл 30 жыл толып отырған жас мемлекетімізді әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосып, өркениетке бастайтын өскелең ұрпақ екені рас. Жастардың білімді де білікті болуына мемлекетімізде қолынан келгенін аянып жатқан жоқ. Небір бағамды бағдарламаларды жүзеге асырып, олардың білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуын басты назарда ұстап, мол мүмкіндіктер жасалып жатыр. Білімді шәкірттен қашанда білікті маман шығады. Бүгінде елімізде ауылшаруашылығы мамандары мен жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып отырған уақыт. Талғар агробизнес және менеджмент колледжі осындай мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орыны болғандықтан, мұнда білім алушылар саны жыл санап артып келеді. Міне, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында іргелі оқу орыны 203 жасты оқуға қабылдап, студенттік өмірге жетелеп әкетті. Күні кеше аудандық Мәдениет үйінің кең залында «Студент қатарына қабылдау» кеші өтіп, білім алушы жастарға студенттік билет пен үлгерім кітапшалары салтанатты түрде табыс етілді.
Айбынды Әнұранымыз шырқалып, салтанатты жиын ашылысымен студент жастар сән-салтанатымен ортаға енді. «Электрмен қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ветеринария», «Жерге орналастыру», «Есеп және аудит», «Есептеу техникасы және ақпараттық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша оқуға қабылданған студенттер топ жетекшілерімен бірге сахнаға көтеріліп, көпшілікке таныстырылды. Сахнаға қойылған экраннан колледждің тыныс-тіршілігін бейнелеген бейнеролик көрсетіліп тұрды. Алғашқы құттықтау сөзді колледж директоры экономика ғылымдарының кандидаты, Құрметті профессор Жақсылық Сатылғанов алып, жастарға ақжарма тілегін арнады. Әлемнің кез-келген есігін ашатын білім кілтін Үміт Тұрсынжанға, үлгерім кітапшасын Арман Тұрсынжанға, білім алушы құқығын беретін студенттік билетті Анастасия Ловчиковаға табыс етті. Содан кейін студент жастардың қуанышына ортақтаса келген қонақтар Талғар медицина колледжінің директоры Бағжан Құдабаев, аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Камнұр Тәлімұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Серікбай Бейсенов, «Жусан» банкінің Талғар филиалының директоры Гүлнар Күрішбекова, Қазақ ұлттық аграрлық универсиетінің профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, топырақтану және агрохимия кафедрасының меңгерушісі Тілепберген Рысбеков, осы оқу орнының профессоры Қанат Дүйсебаев, аудандық Мәдениет үйінің директоры Кеңес Баймұханов, колледждің арнайы пәндер оқытушылары Қалыбай Бисембиев пен Ербол Жұмаділов сахнаға көтеріліп, кезекпе-кезек сөз алды. Студент қатарына қабылданып жатқан жастарға жүрекжарды жылы лебіздерін арнап, топ жетекшілеріне үлгерім кітапшалары мен студенттік билеттерін табыс етті. Жігерлі жастар да өз кезектерінде алдыңғы буын ағаларының алдында ант қабылдап, білім биігінен көрінуге уәде етті. Әрі қарай тізгінді жүргізушілер алып, оқу орнының жастары бар өнерлерін салып ән шырқап, би биледі. Колледж Гимні шарықтай шырқалып, мың бұралған бишілер «Қазақ биі» мен «Үнді биін» билеп берді. Ұлағатты ұстаз қауымы да бар өнерін ортаға салып, Жамбыл атамыздың «Угәй-ай» әнін тамылжыта шырқаса, №6 орта мектептің «Өрлеу» оркестрі күмбірлі күйімен көрерменді тәнті етті. Әсем әндерін тамылжыта шырқаған колледж өнерпаздары салтанатты кешті «Ұлттар достығы» блогымен қорытындылап, көпұлтты елімізді мекен еткен ұлттардың биін билеп берді. Мәнді де мағыналы кештен баршамаз зор әсер алып тарастық.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».