БАБЫ КЕЛІСКЕН БОКСШЫ

БАБЫ КЕЛІСКЕН БОКСШЫ

Қазақ бокс мектебінің әлем алдындағы беделі жыл өткен сайын арта түсуде. Кешегі Серік Қонақбаевтар атой салған шаршы алаңдағы қазақ боксының абыройы өз деңгейінде. Керек десеңіз біздің елдегі былғары қолғап шеберлерінің өнеріне қарап шеберлігін шыңдап, әдісін үйреніп әлемді бағындырсам деген өзге елдің спортшыларының бабы бұрынғыдан бөлек.

Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылдығында осы спорт түріне көз тіккен көпшіліктің ауызында Куба бокс мектебінің түлектері болса, бүгінде бұл қатарға біздің жігіттер де қосылды. Әрине оның бәрі бапкерлердің тынымсыз ізденісі, баулыған шәкірттердің төккен тері. Соның арқасында шапан киіп шаршы алаңға шыққан Генаны, қуатты соққысы талайды құлатқан Қанатты, жұдырығы жебедей қадалған Жәнібектерді, батырдың айбатын көрсеткен Жүкенбаевты бергенді қолдан бермегенді жолдан алған Бибосыновтың өнерілері арқылы біздің боксқа әлем көз тігуде. Аталған жүректі жігіттеріміздің жеңісті жолын тәуелсіздік жылдары тыңнан түрен соққан Бекзат Саттарханов сынды арда ұлдар арқылы жалғасын тапты. Көріп отырғанымыздай кешегі көк бөріше жортқан батырлардың көк ту астына бірікке ұрпақтары бір-біріне қарап бой түзеп осылайша ел мерейінің өсуіне өз үлестерін қосуда. Алдыңғы буынды үлгі етіп, басқан ізін бағыт көрген жастарымыздың қарасы ауданымыздан да көптеп шығуда.

Сондай болашағын былғары қолғаппен қабыстыруды қалаған қара домалақтарымыздың бірі – Елмұратұлы Дінмұхаммет. Бірлік ауылына қарасты Б. Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясының жетінші сыныбында оқитын жеткіншектің бокстан жетістіктері аз емес. Талпынысы қатты талапты ұл үшін бір жылдық жаттығудың өзінен-ақ нәтиже көрсетуге болатыны белгілі. Оған дәлел сөз еткен спорт түріне келгеніне бар-жоғы бір жарым жылға жуық уақыт болған Димаштың әр деңгейлі жарыстардан жүлдегер атанып үлгергендігі. Бабы мен бағы қатар келе жатқан спортшыны айтқанда бәйгеге баулыған бапкері Арықбаев Мирас Маратұлын атамау ағаттық болар. 1997 жылдан бері бокспен айналысып келген бапкердің өз уақытында халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып, облыс атын шығарған кездері аз болмаған. Десе де, бүгінде Талғар қаласындағы №2 спорт мектебінде білгенін басқаға сабақ етуді жөн көріп, жаттықтырушылыққа бет бұрған. Ал, бұл таңдауының дұрыстығын Дінмұхаммет сынды шәкірттерінің аяқ алысынан аңғаруға болады.

Жақында Алматы қаласындағы «Динамо» спорт клубында КСРО спорт шеберлері Құрбанов Карим, Ходжаев Маратты еске алуға арналған республикалық турнир өткен болатын. 2007-2011 жылғы мектеп оқушылары арасында өткен жарыста аты озып алға шыққан Димаш 60 келі салмақта алтыннан алқа тағып арнайы кубокқа қол жеткізді. Жалпы ауданымыздың атынан финалға шыққан бес боксшымыздың екеуі 44 және 48 келі салмақта бірнші орынға табан тіресе, үш жігітіміз күміс олжалады. Одан бөлек осы мектептің төрт баласы жүлделі орынға жетіп үштіктен көрінген. Қатарластарынан оқ бойы оза шапқан болашақ чемпион Димаштың бұл жетістігі ауданның ғана емес, облысымыздың атын асқақтататыны анық. Оқуда үлгерімі жақсы, спортта жетістікке ие жас боксшының арманы – әлем чемпионы болу. Осы жолда төгілетін тердің көптігін Димаш та жақсы біледі. «Мықты бапкер мінезі мұқалмас шәкірт тәрбилейді» демекші, жігері қарсыласын жасытатын жүректі жігіттеріміздің қатары көбейсін!

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»