ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АРМАН-МҮДДЕСІН АЯЛАҒАНДАР

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ  АРМАН-МҮДДЕСІН  АЯЛАҒАНДАР

Қай заманда болмасын адамның адамшылығын арттыра түсетін қасиеттер – кісілік қайнарлары болса керек. Себебі санасы биік адам сыртқы дүние мен өзінің ішкі дүниесінің жаратылыс сырын айқынырақ түсінеді. Және сол арқылы ішкі әлемін қуаттандырып, рухын бекіте түседі. Дәл осы байлам біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – ауданымыздың мақтанышы, ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, «Халық мұғалімі», Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Камнұр Тәлімұлының кісілік қасиеті мен зияткерлік тұлғасына толық сай келеді.

Ұтпаса ұтылмайтын мектеп
Жуырда Еңбекшіқазақ ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің кең залында Камнұр Тәлімұлымен «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылды. Жалпы бұл білім ошағы 1975 жылы 640 орындық болып ашылған екен. Ол кезде мектеп В.Ильич атында болыпты. 1992 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев арнайы келіп, мектептің жай-күйімен танысып шыққаннан кейін 1993 жылы мектеп атауы Д.Қонаев атындағы болып ауысады. Жастарымызды алға ұмтылдыратын, білімге, ғылымға құштарлықтарын арттыратын, ізгілікке бейімдейтін білім ошағында бүгінде 1123 оқушы білім алып жатыр. 100-ге тарта ұстаз олардың шамшырақтарын жағуда. Мектеп туралы тағы бір астын сыза айта кететін жайт – алдыңғы аға буын өкілдерімен, ел аузындағы ірі тұлғаларымен кездесу ұйымдастыруды жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі тәсілі ретінде ұстанған. Біз куә болған кездесу де солардың бірінен еді.

Мектеп басшысы Римма Ахметова ұлттық рух пен өр намыстың туын жықпайтын жігерлі басшы екен. Кеш басталып, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Есіркегенова кеш қонағын төрге оздырғанда тік тұра қарсы алған оқушылардың әдептілігінен-ақ мектеп басшысының біліктілігін аңғардық. Шараның мақсаты айтылып, мәні түсіндірілген соң мінбеге көтерілген Римма Ауесханқызының сөзінен елжандылық, ұлтына деген сүйіспеншілік сезімдерін айқын білуге болады. «Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ұстап, бізге жеткізе білген тағылымы бөлек, табиғаты таза тұлғаларды ұлықтаудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Олардың өткенінен сыр шерте отырып жастардың санасына там-тұмдап сіңіре білсек, Алаш елінің көсегесі көгереді. Ұлт қауызындағы рухтың сөзін сөйлеп, көзін көрсетіп жүрген абзал ағалармен кездесуді жиі ұйымдастыратын себебіміз сол», — деген мектеп директоры кеш тізгінін ұйымдастырушыларға өткізді.
Жігерлі жастың күткенін айтты

Талай тауды асса да, талай жерді басса да, тұяғы кемірілмей келе жатқан тумысы бөлек тұлпарды елестетін Камнұр Тәлімұлы ә дегеннен ұстазы Дәркембай Шоқпарұлы жайлы тебірене сөйледі. «Ұстазымның өмір өткелдеріне үңілген сайын оны әділдіктің жоқшысы болған екен-ау деймін. Ол өзін туған елінен ешқашан оқшау ұстаған емес. Оның барлық қолынан шыққан заттары, ұлты туралы, ұлтының тағдыры, ұлтының мақсат-мұраты туралы айтқан сөздері ердің сойы екенін танытады. Намысын қалқан етіп, арын жалау етіп, ішкі азаматтық рухының биіктігі арқасында шәкірттері біздер де жаман болған жоқпыз. Тасаға тығылмайтын тау тұлғалы асқақтығы менің де еңсемді төмендетпей, биіктетіп келе жатыр» ,- дей келе, ұстазының өткір, тапқыр, әзіл аралас әңгімелерінен үзінділер айтып берді. Мазмұнды сыр-сұхбаттан кейін оқушылардың сұрақ-жауап айдары келді. Жанерке Қыдырбай, Ақбота Құлжабек, Медина Жұмахан, Нұрболат Әлімғазы сынды оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Кеш барысында мектеп басшысы Камнұр Тәлімұлының иығына шапан жауып, сый-құрметін көрсетсе, өз кезегінде ол кісі жастарға батасын беріп, алдағы өмірлеріне ақ жол тіледі. «Қай шамаға дейін жете аламыз?» деген ой жеп, үміт пен сенім жырақтаған сәтте керең естіп, соқыр көретіндей етіп шегелеп, қара орман жұрттың, жігерлі жастың күткен әңгімесін айтып, қанаттандыратын сергек ойлы тұлғаны тыңдағың келетіні бар. Мына кеш сол жұтаңдығымды қанағаттандырып, қазақ болып туғаныма масаттандырды», — дейді кеш жүргізушісі Жанар Есіркегенова әсерімен бөлісіп.
Мектептің «Асыл әжелер» тобы «Құстар әнін» шырқап, 6-сынып оқушысы Қажымұқан Пердебай «Ата толғау» күйін шертіп, кеш көрігін қыздыра түсті. Не айтса да қазып айтып, жүрегінің сөзін маржандай тізіп, оқырманын қанатына ілестіріп, баурап әкететін Камнұр Тәлімұлының сөздерінен бүгінгі жас- ертеңгі маман иелері тұщынып қайтты.
Өнері елге аманат

Келесі шара Д.Шоқпарұлының өмірі мен өнеріне арналған ой-толғауға арналды. Ақмарал Қосқұлованың жетекшілімен 11-сынып оқушылары ұйымдастырыпты. Алдымен қолөнер атасы жайлы бейнеролик көрсетіліп, өлеңінен үзінді оқыған оқушылар кеш қонағы ұстаның ұлы, Д.Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлын әңгімеге тартты. Сұрақтарын қойып, зергер аталары жайлы мағлұматқа қанықты. Шырай Төрен ұста атасына арнап жазған жүрекжарды өлеңін оқыды. Балалардың қабілеті мен зеректігіне риза болған Дәулет Шоқпаров мектеп қорына Д.Шоқпарұлының «Замана ағымы» деп аталатын жаңа жыр жинағын тарту етті.
Әр өлеңі бір әлем

Мектеп ішінен ашылған Қонаев мұражайында өткен келесі шара ақын Т.Молдағалиевтың шығармашылығына бағытталыпты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Биетова өткізген шарадан елінің ертеңіне сенетін нағыз әдебиет жанашыры екендігін байқадық. Әсерлі кіріспеден соң оқушылар кезекпен ақын аталарының өлеңдерін жатқа оқыды. Оқырман жүрегін жаулап, жас ұрпақтың жан сарайын байытатын жырларды тыңдармандардың да жүрегіне ұялата білді. Оқушылардың бойға сіңірген тәрбиелері болар жалаң ұран түрінде емес, шынайы жүрекпен, поэзияға деген сүйіспеншілікпен жаттағандары байқалды. Әр кезеңнің өлеңдерін жекелей қамтып шыққан кештен біз де рухтанып шықтық.
Жаттанды сценарийден, айқайлаған пафостан ада, еркін форматта өткен кештен біздің де түйгеніміз молынан болды. «Бір жұттан аспайтын байлықтан не қайыр»- дейтін еді ауылдағы көнекөз қариялар. Уақыттың алмағайып мінезді аласапыранынан өту үшін адамы сарсаңда жүрген қоғамда рухани тіршіліктен алыстамауымыз керек екендігін түсінер кездің келгенін олар да ұғынды, біз де ұғындық.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»