Архив – уақыт қоймасы

Архив – уақыт қоймасы

Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қашалған таңбалардан бабалар жасап келе жатқан дәуірлердің есебінде кеткен шайқастар, аштық, жау тылында қалған жұрттың әрбір қаны мен көз жасын көреміз. Осыған қарап тәуелсіздіктің қандай құнды, керемет ұғым екенін сезінеміз. Бүгінде біз азат елде, бейбіт өмір кешіп жатырмыз. Бірақ бізге дейін осы ұлан-байтақ жерді, елді аманаттап келе жатқан батырлар мен ұлы тұлғалардың төккен тері өз алдына бір төбе екенін есімізден шығарған емеспіз. Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар, әрі оны ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Осы үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы бар. Біз қазір осы үшінші кезеңде тұрмыз. Алдыңғы буын ағаларымыздың келер ұрпағына аманат еткен тәуелсіздігін тұғырлы ету, қолда бар алтынның қадірін ұғынып, оны келесі дәуірге аманаттау және жеткізу – біздің мойнымыздағы парызымыз.

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Тарих тұрғысынан алғанда отыз жыл көзді ашып жұмғандай қас қағым сәт болып көрінгенімен біз сынды жас мемлекет үшін дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас бір дәуір деуге болады. Бұл отыз жылдық барлық арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді тағы бір ой елегінен өткізетін маңызды кезең.

Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болған 1991 жылы Күлипа Отарбаев Балқаш ауданына қарасты (бұрынғы Күрті ауданы) Дінмұхаммед Қонаев атамыздың туған ауылы Желтораңғы совхозында кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген болатын. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап өткен егемендігімізге жетіп, өз алдымызға отау құрып, дербес мемлекет болғанымыз ауыл халқының еңсесін көтерген еді. Аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл болғандықтан қайта құрудың қиындықтары көп сезілмеген-ді. Ауыл жұртшылығы совхоздың тірлігін алға сүйреп, мал басын көбейтіп, егінін егіп, әдеттегідей күн кешіп жатқан-ды. Тек партия тарап, партияның белсенділері қызметтерінен босатылып жатты. Күлипа Жұмабекқызының өмірлік серігі Сабыржан ағамыз да партия қызметкері болғандықтан жұмысынан босап, совхозға жұмысқа орналасқан еді. 1994 жылы бұл отбасы Талғар қаласына қоныс аударады. Ауылдағы мамыражай тірлік жоқ, қаланың қайнаған өміріне бейімделу бұл отбасына оңайға соқпады. Білімі мен біліктілігі артып тұрса да жұмысқа орналасу мәселесінде көптеген қиындықтар туындағаны рас. Ақырында өз орындарын тауып, бұл мәселені де шешеді. Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетін кітапхана ісі және библиография мамандығы бойынша, әрі Шымкент қаласындағы «Silkway» халықаралық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген Күлипа Жұмабекқызы қаламыздағы «Арна» өндірістік кооперативінің кадр бөліміне жұмысқа орналасады. Кейін «Авдан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұрағатында еңбек етеді. 2008 жылдың 4 мамырынан бастап «Алматы облысының мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалының архивисті болып, 2009 жылдың 05 қаңтарынан бастап бас маманы, 2010 жылдың 06 тамызынан қазіргі уақытқа дейін директоры қызметін атқаруда. Осылайша мұрағат ісіне араласқан Күлипа Отарбаева 13 жыл бойы осы мекеменің жұмысын алға сүйреп, қоймадағы құжаттардың бәз қалпында сақталып, ел игілігіне жарауына өз үлесін қосып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында мұрағат атауы бірнеше рет өзгертілген болатын. 1995 жылы Талғар ауданы әкімінің шешімімен Талғар аудандық мұрағаты болып құрылған. 1997 жылдан Алматы облысының мемлекеттік архивінің Талғар филиалы болып өзгертіліп, 1997 жылдың қарашасында «Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы болса, 2013 жылдан «Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы болып, 2016 жылдан «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы деп аталып жүр.

Мемлекеттік архивтерде жүргізілетін жұмыстардың басты мақсаты – архив қорларын сақтау, үнемі толықтырып отыру, халық игілігіне пайдалану. Архив – өткен өмірдің ескерткіші екенін білеміз. Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін және ондағы сақталған құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы ерекше екені де анық. Архивтерде жинақталған қорда төл тарихымызға қатысты баға жетпес мол мұралар сақталған. Сондықтан да ел аумағындағы мемлекеттік архив қорларына зор жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің талабы. Архивтер құрылғаннан кейін, араға 23 жыл салып, 2018 жылы облыс әкімдігі қаражат бөліп, Талғар филиалы жаңа ғимаратқа ие болды. Бұл Елбасымыздың саралы саясаты мен облыс басшылығының халық құндылығына деген жанашырлығының жарқын көрінісі.

Өткен жылы аудандық архивтың құрылғанына 25 жыл толды. Архив жұмыс істеген кезеңінен бастап қалалық, аудандық, ауылдық әкімшіліктерден, аудан мен қаланың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарынан мемлекеттік сақтауға 123 қор, 1932-2019 жылдардағы 40 000- нан астам сақтау бірлігі жиналған. Елбасымыз, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы айтқан болатын. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Архивтер сөйлейді», «Электронды архив», «Тарихи тұлғалар», «Архив шежіресі» атты жобалары қарқынды жүзеге аса бастады. Бұл жобалардың мақсаты — жеке тектік құжаттарды жинақтау, архив мекемелерінің жұмысын жандандыру, тұрғындардың туған жеріне деген қызығушылығын арттыру, архивтегі құжаттардың көмегімен ауданның, қаланың, ауылдың дамуына өз үлестерін қосқан тұлғалармен танысу, архивтерді жеке тектік құжаттармен толықтыру және жеке қорлар ашу болатын. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жүз жаңа есім» атты жоба бойынша белгілі тұлға ретінде танылған Талғар ауданының «Құрметті азаматтарының» тізімдерін дайындап, коллекциялық жеке қор ашу, ел-жұртқа ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды таныту жұмыстары да жүзеге асуда. «Архивтерде жинақталған қорда төл тарихымызға қатысты баға жетпес мол мұралар сақтаулы. Сондықтан да ел аумағындағы мемлекеттік архив қорларына зор жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені Тәуелсіздігіміздің тарихы да құнды құжаттар қоймасында сақтаулы. Елбасымыз Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде әр сала бойынша жүзеге асырылатын жобаларды нақтылап көрсеткенде «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ұйымдастыру мен «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыру туралы да идеясын айтқан болатын. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды цифрлық форматқа көшіруді жандандыру керектігін алға тартты. Бұл уақыт күттірмейтін мәселе болғаны рас. Аудандық архив бұл мәселе төңірегінде де ауқымды жұмыстар атқаруда. Қай жағынан алсақ та архив ісі зор жауапкершілік пен тиянақты еңбекті талап ететін сала»,- дейді Күлипа Жұмабекқызы.

Архив саласындағы еңбек жолында Күлипа Отарбаева ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді. Аудандық «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде түрлі партиялық жобаларды жүзеге асыру мен сайлау науқандарында халық қалаулыларымен бірлесе жұмыс жасап, бас партиямыздың ел сенімінен шығуына атсалысады. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен табандылығы лайықты бағасын алып, еңбегі мемлекет тарапынан да елеусіз қалып жатқан жоқ. Алматы облысы және Талғар ауданы әкімдерінің, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы мен «Nur Otan» партиясы Талғар филиалының, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Алматы облысының мемлекеттік архивінің бас директорының «Алғыс хаттарымен» неше мәрте марапатталып, 2011 жылы ұйымшыл ұжымымен бірге «Үздік филиал» атанса, 2016 жылы «Үздік филиал директоры» атты филиалдар арасында өткен сайыста белсенділік танытып, өзінің кәсіби біліктілігін көрсетіп, жүлделі I орынды иеленген болатын. Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Құрмет белгісі» төс белгісін де кеудесіне қадап, мәртебесі асқақтады.
Халық өмірінің сабақтастығын қамтамасыз ететін архив сынды дәулетті сақтау да, пайдалану да ұрпақтан-ұрпаққа мирас етерлік ғұмырлы дәстүрлердің бірі. Кез келген елдің архиві – әлемдік тарихтың бір бөлшегі, мемлекеттің тарихы. Жас мемлекетіміздің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу ісінде архив саласының мамандарының еңбегі өлшеусіз екені сөзсіз. Сондықтан еліміздің егемендігін ұлықтайтын жобаларды жүзеге асырып, Тәуелсіздігіміздің асыл қазынасы саналатын архив құжаттарын саф алтындай сақтап, құнды деректермен толтырып отырған Күлипа Отарбаева басшылық ететін «Алматы облысының мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалының архивистерінің еңбегіне шығармашылық жетістіктер мен табыс тілейміз!

Перизат Нұрқаев,
«Талғар»