Тәуелсіздік – тұғырым!

Тәуелсіздік – тұғырым!

Еркін елге айналу жолында мың өліп, мың тірілген халқымыз үшін Тәуелсіздіктен асқан қастерлі мереке жоқ! «Елім» деп соққан жүрек түкпіріне мызғымастай боп бекіп, тарихқа алтын әріппен жазылған Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толады. Бұл – Қазақстан халқы үшін зор қуаныш.

Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың баға жетпес байлығы, құнды қазынасы, сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Оған қол жеткізу оңайға соқпады. Бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті Тәуелсіздіктің әр жылы біздер үшін қымбат саналары сөзсіз.
Ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздік жылдары Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде елде татулық, бірлік, тұрақтылық орнады. Әлемдік аренада Қазақстанның абырой-беделі арта түсті. Төрткүл дүниемен терезе теңестірген еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып, мәдени-спорттық саладағы жетістіктері жарқырай көрініс тапты. Өңірлердің дамуында тың серпіліс болды.
Соның бірі Алатаудың баурайындағы Талғар ауданының тарихына келсек, 1928 жылы құрылған. Табиғаты көркем, топырағы құнарлы бұл өңірге қоныстанушылар саны жылдан жылға еселеп артып, қазіргі таңда халық саны 200 мың адамнан асады.

Өзімнің еңбек жолымда Талғар аудандық мәслихатының IV, V, VI шақырылымдарының депутаты болып, ел сенімін арқалап, халқыма қалтқысыз қызмет еткеніме куанамын. Сонымен қатар, VI шақырылымда Талғар аудандық мәслихатының хатшысы болып та абыройлы қызмет атқардым. Ал 2021 жылдың басынан бері Талғар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы болып бекіп, ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесімді қосып келемін. Экономикалық-әлеуметтік жағдайы күрделі, іргелі ауданның Тәуелсіздік жылдардағы дамуына ел азаматы ретінде аянбай атсалысып, абырой биігінен көрінуімнің нәтижесінде 2010 жылы Талғар ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болдым. Еселі еңбегім еленіп, 2018 жылы «Құрмет» орденін иеленуім мерейімді тасытты. Бұл жетістіктерімнің барлығы да – Тәуелсіздігіміздің арқасы дер едім.

Ауданымыздың саяси-экономикалык, әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсарды. Оның бір дәлелі ретінде ауданның дамуына бөлінген қаражатты айтуға болады. Мысалы, 2003 жылы 719 млн. 581 мың теңге, 2011 жылы 5 млрд. 861 млн. теңге, ал 2021 жылы 17 млрд. 455 млн. теңге бөлініп, халықтың игілігіне жұмсалуда. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің жетістігі әрі жемісі деп айтуға болады.
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде қаншама құрылыс нысандары қарқын алды?! Атқарылған жұмыстың бір бөлігі – Талғардағы блок-модульдік қазандықтар құрылысы. Талғар ауданында 252 көпқабатты тұрғын үй бар болса, ал Талғар қаласында ғана 164 көпқабатты тұрғын үй бар. Қаланы орталықтан жылыту 1998 жылы тоқтады. Сол сәттен бастап көпқабатты үйлердің тұрғындары автономды түрде жылытылды (қатты және сұйық отын, электр энергиясы). Осы мәселені шешу үшін 3,7 млрд. теңгені құрайтын блок-модульдік қазандықтар орнатылды. Жалпы, қазіргі уақытта орталықтандырылған жылытуға қосылған 138 көпқабатты үйлер немесе 4255 пәтер бар, бұл жалпы көлемнің 84,1 пайызын құрайды.

Ауданымызда үш ауысымды мектептерді жою, сапалы біліммен қамту мақсатында 20 жыл ішінде 7500 орындық 18 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде 2019 жылдың желтоқсан айында Талғар қаласында «Алмалы» балалар және жасөспірімдер мектебі ашылды. Қазіргі таңда 13 спорт түрінен 1000 бала жаттығып, салауатты өмір салтын ұстануда.

Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Республикамыздың осындай биіктерді бағындыруына барлық адамдар сүбелі үлес қосып келеді. «Ұрпақтарының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын» деп көксеген ата-бабамыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін!

Жұмахан Еңкебайұлы,
Талғар ауданының «Құрметті азаматы»,
«Құрмет» орденінің иегері.