Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет

Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» — деп атақты жазушы Ж.Ж. Руссо айтқандай, мұғалім- мамандық болса, ұстаздық қызмет – табиғат дарытқан құдіретті қасиет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық сәуле, мұқалмас жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Осындай дара қасиеттердің барлығы бір бойынан табылатын, жаңа үміт, мақсат пен міндетті жалау етіп, соны бағындырып келе жатқан жас ұстаз Бөрібай Мөлдір Серікқызы жайлы әңгіме өрбіткіміз келеді.

Мөлдір Серікқызы 1997 жылдың 13 қаңтарында Алматы қаласында туған. 1998 жылы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылына қоныс аударып, сол ауылдағы №28 орта мектепте 9- сыныпқа дейін білім алады. Ары қарай Алматы қаласындағы О.А. ­Жәутіков атындағы физика-математикалық тереңдетілген мектепті үздік бағамен тәмамдайды. 2014-2019 жылдар аралығында Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық Евразиялық университеттің есептеу техникасы (программист) мамандығын игеріп, студент шағынан, яғни 19 жасынан бастап, еңбекке араласады. Еңбекқор қыз демалыс уақытында да мектеп оқушыларына математика пәндерінен даярлық курстарын жүргізіп, ұстаздықтың баспалдағына алғашқы қадамдарын бастайды.


Әкесі – Исабаев Серік Бөрібайұлы 25 жыл әскери қызметте еңбек етіп, полковник шенін алған абыройлы азамат. Қазіргі уақытта зейнет демалысына шықса да, ұстаздық міндеттетті ту етіп көтерген қайсар қызының бір жағына шығысып жүр.
Мөлдірге білімге деген құштарлық ананың қанымен дарыса керек, анасы — Оразбекова Жанар Бірлесқызы 22 жыл ұстаздық етіп, бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз. Қазіргі таңда Бесағаш ауылындағы №45 мектеп-гимназиясында педагог-зерттеуші болып еңбек етіп келеді.
Жоғарғы оқу орнын үздік тәмәмдаған Мөлдір Серікқызы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы тарапынан ұйымдастырылған «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрететін бір айлық курсты оқып, сертификат алып шығады. Алған білімін, өмірлік іс-тәжірибесін кәдеге жарата білген өжет қыз «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие грантын иеленеді. Өзінің тірнектеп жинаған тәжіриесін, білім-білігін үлкен істермен ұштастыру мақсатында жеке кәсібін бастап, ұстаздық дейтін ұлы жолдың сүлеуіне түседі.
Бесағаш ауылының оралығынан бастауыш пәндері, математика секілді негізгі пәндерден қосымша даярлық сыныбын ашып, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр. Алты айдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықта қазіргі уақытта 11 оқушы білім алады екен. Барлық санитарлық талаптарды сақтап, балалардың дене қызуларын тексеріп, антисептик сұйықтығы мен кварц арқылы сыныпты дизенфекциялап отыратынына да көз жеткіздік.
Оқушылармен пікірлесе отырып, алып жатқан білімдерінің нәтижелі, Мөлдірдей ұстаздарына деген құрметі ерекше екенін де аңғардық.

Отбасындағы қос ұстаз Мөлдір мен анасы Жанар Бірлесқызының балаларға деген мейірімі мен қамқорлығы да ерекше. Бір баланы бір пәннен даярлау бағасы 20 мың теңге болса, бір отбасынан екі немесе үш оқушы білім алатын және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына 25% жеңілдіктер де қарастырылған екен.
«Өмірден өз орнын тапқан шәкірттеріңді көргенде өз еңбегіңе деген ризашылық пен ерекше қанағат сезімді байқайсың. Одан әрі құштарлана, ынталана аса бір махаббатпен, сезіммен алға ұмтыласың. Өзіңе деген ынта – ықылас, сенім артып, жауапкершілікпен іс тапсырса, асқан құлшыныспен еңбегіңді еселей түсуге ұмтыласың. Азды – көпті еңбегің бағаланып жатса, қолыңнан іс келеді деп сенетін жандар табылып, шын ниетімен қамқорлық жасап, жұмыс істеуге жағдай жасаса, кәсіби шеберлігің мен ұстаздық қызметіңе ерекше назар аударса, кім-кімге де болсын серпіліс әкеледі» — деп мамандығын мақтан ететін Мөлдір қыз өз ойымен бөлісті.
Иә, адам баласының даму тарихындағы жасаған рухани, мәдени қазынасы, тәжірибесі, соның ішінде «көргенділік» деп аталатын адамгершілік, тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан – ұрпаққа осы ұстаздық үрдіс арқылы беріліп, жалғасын тауып келеді. Қазіргі оқытудың мазмұны да, сипаты да, соған орай, амал – тәсілдері де күрделене түсті.

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм, өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» — деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, Мөлдір Серікқызының барлық оқытушылық қасиеттері оқушыларға көмектесуге бағытталған. Осы орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық мөлшермен берілетін 7 млн. теңге көліміндегі кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиеге ұсыныс берген екен. Алдағы уақытта білім алатын оқушылардың қатарын көбейтіп, оларды тасымалдайтын жолаушылар көлігін (микроавтобус), сонымен қатар интеративті тақта алып, қосымша пән мұғалімдерін де қатарға қосып, кәсібімді кеңейтсем деген еңбекқор қыздың ниетін байқадық. Алғыр қыздың алға қойған мақсаттарына жетіп, ұстаздық жолындағы бағыты бақытқа бөлесін деген тілектестігімізді білдіреміз. Ұстаз деген ұлы сөзге бүкіл дүниедегі Ұлылық, Ізгілік, Даналық, Кемеңгерліктің бәрі сыйғандай…

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»