Ұлы ақын арқылы ұлттық рух ұрандалды

Ұлы ақын арқылы ұлттық рух ұрандалды

Кез келген іс-шараларын мемлекеттік бағдарламалармен ұштастырып, жас ұрпақты ұлттық рухқа, отаншылдыққа тәрбиелеуге келгенде нұралықтардың ісін өзгелерге үлгі етіп айтуға толық негіз бар.Еліміздің болашағы жай жастар емес, кеудесінде ұлттық рухы асқақтаған, ана тіліне, дініне деген сүйіспеншілігі шексіз жастар екенін жадыларынан шығармайтын ауыл әкімдігінің қызметкерлері үнемі мақсат үдесінен шыға біледі.

Олардың ішінен ауылдық жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Гүлназ Ізбасарқызының еңбегін елеп айтуға тұрарлық. Аудан орталығынан шалғайда орналасса да атқарған жұмыстары өзгелер­ден оқ бойы. Жігері жасымаған жалынды жас мақсаты биік, талабы айқын. Өзі өткізген шараларда ұстанатын бағыты – бабалардан қалған ұлттық рухты асқақтата отырып рухани жаңғыру. Көзінде оты, сөзінде жалыны бар Гүлназдағы қазақы қасиеттің тұнығы – намысшылдығы. «Қазіргі жастарда мүмкіндік өте көп. Яғни ол –жаңа технологияларға деген қолжетімділік. Бүгінгі жастармен бұрынғы жастарды салыстыра алмаймыз.  Жаңа технологиялар қарыштап дамыған заманда олар тез үйренуге, кез келген ортаға бейімделуге ұмтылуда. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар. Өз өмірлерін техникамен байланыстырған жастардың әдебиетке деген құлшыныстары төмендегенін байқауға болады. Он жерден қаражат бөліп, материалдық жағдай жасасын мейлі, рухани сана, ұлттық код болмаса, мұның бәрі бекер. Виртуалды әлемге байланып, жүзбе-жүз жолыққанда тілдесуден қалып барамыз. Жанның азығы болатын қазына – кітап дер едім. Менің ойымша, осы бір әдемі дәстүрді қайта насихаттау кезек күттірмес істердің біріне айналдыратын кез келді» , — деп ішкі ойынан хабар берген Гүлназ Ізбасарқызының бойынан намыс, жігер жоқ деп қалай айта аласыз!

Сөзіміз дәлелсіз болмасын, жуырда Гүлназ Кеңесбаеваның ұйытқы болуымен өткен және бір тағылымды да тәлімді кештің куәсі болдық. Өстемір ауылындағы №14 орта мектеп ұжымының қолдауымен өткен М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған шара ойлаған деңгейден аспаса кем болған жоқ. Мектептің мәдени залында өткен кештің басты мақсаты оқушылардың шығармашылығын шыңдау, әдебиетке, поэзияға деген қызығушылықтарын ояту болса, аталмыш мектептің білімгерлері бұл істе бәсі жоғары екендіктерін байқатты. Бүгінде мектеп директорының м.у.а. Ержан Қуатұлы ақын туған өлкеден түлеп ұшқандықтан болар, ақынға деген ерекше ілтипатын айқын аңғартып жүр. Осыған дейін өзі бас-көз болып «Мұқағали кабинетін» ашуы да біріншіден жыр дарабозына деген жылылығы болса, екіншіден оқушылардың әдебиетке деген құмарлығын арттыру еді. Еңбек еш кетпепті. Білімгерлер атына сын, затына мін келтірмеді. Қай-қайсы да ақын аталарының тебірене, толғана оқыды. Жүректің тілінен төгілген жауһар жырлар жүректерге жетті. Сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, арнайы көрме таныстырылды. Кеш барысында Нұра ауылдық Мәдениет үйінің директоры, жүрегі қазақ деп соққан атпал азамат Семейхан Даривхан ақынның «Сәби болғым келеді» әнін тарту етіп, тыңдаған жанның жан-дүниесін шымырлатты. Кеште арнайы келіп қатысқан аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы қорытынды сөз айтып, белсене қатысқандар білімпаздарға орталықтың «Алғыс хатын» табыс етті. Осындай мәнді, мағыналы шаралар арқылы ақын шығармашылығының одан әрі насихатталып, өміршең боларына кәміл сеніп қайттық.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»