Тектіден текті туады

Тектіден текті туады

«Тектіден текті туады,тектілік тұқым қуады» деген екен Бекасыл әулие өз заманында. Бұл — өмірдің өзінен ойып алынған, еш қоспасыз пәлсапалық ұғым екені айдан анық. Әбдіғұловтар әулетін ауданымызда жақсы таниды.

Осы әулеттің бәйтерегі болған Қапиза атамыз ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атанып, «Ленин ордені» мен «Орақ пен Балға» алтын медалін, «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне жарқырата қадаған абыройлы азамат болатын. 1957 жылдан 1987 жылдар аралығында Белбұлақ ауылдық атқару комитетінің депутаты, Еңбекшіқазақ парткомитетінің мүшесі,1963-1967 жылдары Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаты болып халқына адал қызмет еткен. Қапиза атамыздың ұрпақтары да елі үшін еңбек етіп, халықтың ықылас-ілтипатына бөленіп, ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен  көптің көңілінде жүрген жандар. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Бақыт Қапизаұлы Әбдіғұловтар отбасының ортаншы ұлы еді. Ол мектеп жасына жеткен уақытта 1967 жылы Талдыбұлақ ауылында жаңа мектеп ашылып, бала Бақыт алғашқылардың бірі болып мектеп табалдырығын аттаған. Бүгінде дәл осы мектеп өнегелі отбасының бәйтерегі Қапиза Әбдіғұловтың атымен аталады. Мектеп қабырғасынан өте зерек, білімге құштар болып өскен Бақытты ұстаздары да мақтап отырады екен. Мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, үнемі ортасында ерекшелеп жүретін-ді. Оқуын жақсы аяқтаған ол бірден Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, агроном мамандығын игеріп шыққан. Еңбек жолын туған ауылындағы Мичурин атындағы колхозда агроном болып бастаған. Сол кездері әкесі Қапиза сол колхоздың төрағасы болып, еңбектің көрігін қыздырып, шаруаның шырайын келтіріп тұрған шақ екен. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, әкесінің жолын қуып, ауылшаруашылығы саласының маманы атанған Бақыт колхоздың күнделікті қайнаған тірлігіне бел шеше кірісіп кетеді. Бұл сексен екінші жылдар болса керек.

-Мен де Ауылшаруашылығы институтын бітірген бойда осы колхозға жұмысқа тұрған едім. Менен кейін араға бірер жыл салып Бақыт та агроном болып жұмысқа араласты. Ол уақытта колхозымыз көкөніс пен сүт-өнімдерін өндіретін бағытта жұмыс жасайтын. Бау-бақшамыз бен мал-жайымыздың күтімін жасап, өзге ауылшаруашылығы нысандарынан оқ бойы озық болуға бар күш-жігерімізді жұмсайтынбыз. Бақшамызда қызанақ, баялды, қырыққабат, пияз, жүгері, қызылша сынды түрлі көкөністер өсіретінбіз. Алма бағамыз да бар. Бақыттың жұмысына деген сүйіспеншілігі, еңбекқорлығы баршамызды қызықтыратын. Уақыт өте келе №3 бригаданың бригадирі болды. Екеуіміздің бригадамыз қатар жұмыс жасайтын. Оны бүкіл ұжым сыйлайтын. Оның бригадасы озат бригада болды. Өзгелерден алда болып, ылғи басшылардың мақтауын алатын,- дейді әріптесі Осман Зодиев ағынан жарылып. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген осы шығар. 1986 жылы Бақыт Қапизаұлы колхоз-совхоздарды басқарушы мамандарды даярлайтын арнайы курста білімін жетілдіреді. Бұл уақыттарда колхоздың тасы өрге домалап, еңбектің көрігі қызған уақыт болатын-ды. Әкесі Қапиза зейнет демалысына шығып, колхозға басшы болып Серік Алиев есімді азамат тағайындалады. Оның басшылық қызметі ұзаққа созылмай, 1995 жылы жол апатынан көз жұмады. Одан кейін колхоз басшылығының тізгінін білікті басшы Амангелді Бегімбетов алады. Еліміз тәуелсіздігін алып, экономикалық қарым-қатынастардың жаңа әдісі өмірге ене бастаған тұста 1996 жылы аталмыш колхозға Бақыт ағамыздың әкесінің есімі беріліп, «Қапиза Әбдіғұлов» атындағы өндірістік коо­ператив болып өзертіледі. Колхоздың күнделікті қызу тірлігімен біте қайнасқан Бақыт ағамызды ауылдың жай-күйі алаңдатып, ендігі өмірінде ауылды көтеру үшін игі істер атқаруды шешеді. Осылайша 1999 жылы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, қоғамдық-саяси мәселелерге араласа бастайды. Өз алдына маңызды міндеттерді қойып, ел сенімін ақтауға кіріседі. Ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, қосымша жұмыс көздерін ашу мәселесін қолға алды. Шаруа қожалықтарына, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, табиғатымызды қорғау, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, көпұлтты ауыл тұрғындарының ауызбірлігін сақтап, олардың өмір сүру деңгейін көтеру жолында табанды еңбек етуге кіріскен еді. Халық қалаулысы ретінде қарапайым халық пен биліктің арасында алтын көпір болып, ауылдастарының өтініш-тілектерін атқарушы органдарға жеткізіп, оңтайлы шешілуіне өз күшін салып жүрді. Сол кезде аудандық мәслихаттың төрағасы болған Нұрсейіт Құдықұлы:

— Бақыт Қапизаұлы өте жауапкершілігі жоғары азамат болатын. Аудандық мәслихатқа оны колхозшылар ұсынды. Өйткені ол колхоздағы білікті бригадирлердің бірі еді. Ауылдастары сенім артып депутат етіп сайлаған күннен ең алдымен ауылының жағдайына қатты алаңдады. Сол кездері Талдыбұлақ ауылында ауыз судың мәселесі өзекті болып тұрды. Халық лай су ішіп, үнемі шағым айтатын. Бақыт депутаттық сауал жолдап алдымен ауылдың су құбырларына тазалау құрылғыларын орнатқызды. Кейін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп су құбырлары тартылғаны есімде. Одан кейін жолдың мәселесіне де ерекше назар салды. Құлжа жолының бойына ағаштар отырғыздыртты. Ауылындағы фельдшер-акушерлік пунктқа көп көмек берді. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті жаңартуға қосқан үлесі де мол еді. Өзі ауылшаруашылығының маманы болған соң ауданымыздағы шаруалардың жай-күйіне қатты алаңдайтын. Өте сабырлы, мінезі жайсаң, еңбекқор азамат болды. Аудандық мәслихатқа екі шақырылымда депутат болып сайланып, ел игілігі үшін көп еңбек етті,-дейді әңгіме барысында.

Қамшының сабындай біртұтам қысқа ғұмырында адам баласының жетсем деп жүрген жеңістері де, терсем деп жүрген жемістері де таусылған емес. Адамның арманы шексіз, бірі орындалса, екіншісі қылаң беріп, алыс белестен қол бұлғап тұратыны ақиқат. Сол асыл армандарға өмірдің асау толқынына төтеп беріп, тырмысып жағаға ұмтылған жандар ғана жете алады екен. Әттең, Бақыт ағамыздың ғұмыры қысқа болды. Небәрі 44 жасында өмірден озды. Аз ғана өмір сүрсе де нардың жүгін көтерген, кіршіксіз тазалық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, бар саналы ғұмырын туған еліне қалтқысыз еңбек етуге арнаған адал азамат еді. Өмірлік серігі, ошағының иесі Элмира Асқарқызымен бақытты ғұмыр кешті. Отанасы 30 жылдай ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан жан. Өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қақты. Оқытты, тоқытты. Үлкен өмірге жол сілтеді. Болашақтарына бағдар берді. Бүгінде үлкен қызы Ақмарал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, Алматы технологиялық университетінің экономика және бизнес факультеттерінде білім алған. «Казкоммерцбанк» АҚ-да жоғары лауазымдық қызмет атқарған. Қазіргі күні бала күтімімен үйде отырған ана. Ал кіші қызы Айдана Тұран университетінің «Қаржыгер» мамандығын бітіріп, дәл осы оқу орнының экономика және бизнес факультетінің магистрі атағын алған. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы Есеп және статистика басқармасында бас менеджер болып еңбек етіп жүр. Ұлы Санжар атасы мен әкесінің ізін жалғап Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің орман, жер және су ресурстары факультетінде білім алғанымен бүгінде құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген білікті маман. Олардан тараған немерелері жайқалып өсіп келеді.

Аз жасап, көп іс тындырған Бақыт Әбдіғұловтың елі үшін еткен еңбегі еш кетпеді. Оның есімі мәңгі халық жадында сақталады. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді дана халқымыз. Алдыңғы толқын ағалардың орнын кейінгі буын інілер басып, өмір ақырындап өз арнасымен жылжи береді екен. Ал естеліктер ел есінде мәңгілікке қалады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»