Тіл мәртебесі – ел мерейі

Тіл мәртебесі – ел мерейі

Әр жылғы Жолдаудан біз еліміздің өркендеп, өсіп келетінін көре­міз.Барлық бағыт салала­рын­­дағы басымдықтар мен жетістіктерге, құт­ты қадамдарға қуанып отырамыз.Солар­дың ішінде біздің ең құн­ды, қасиетті – Тәуел­сіз­дігімізге аса мән беріле­ді. «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдау­­дың дән-дәнегі де тәуел­сіздік­пен тамырлас жатыр.

Жолдаудың «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» тақырыбындағы бөлімінде этносаралық қатынастың маңыздылығына кеңінен тоқталған. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің бейбіт өмірге деген құштарлығымызды көрсетеді. Иә, жүз отыздан астам өзге ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетімізде татулық ең басты орында тұрады. Татулық бір ғана қарым-қатынастан қалыптаспайды. Түрлі мәдени-әдеби байланыспен бекемделеді.Соның ішінде тіл, дін, дәстүр, әдет-ғұрып сияқты құндылықтар ерекше еске алынады.
Өзгенің сені сыйлауы үшін өзіңнің сыйың болу керектігін көпшілік түсіне бермес. Алайда, тәуелсіздік атты шаңырақты ұстап тұрған уықтардың ішінде тілдің орны ерекше. Соңғы уақытта тілге қатысты тартысты әңгімелер әр жерде, әлеуметтік желілерде көбейіп кетті. Меніңше, бұның барлығы хайп үшін жасалынып жатыр. Тәубе, тәуелсіздік алғалы ана тілімізді сақтауға, дамытуға көптеген реформалар жасалынды. Сағат санап болмаса да кезең-кезеңімен ана тіліміз өз мәртебелі биігіне көтеріліп келеді. Осының барлығы еліміздің тілге деген, ұлтқа деген асқан құрметі деп білемін.

Қазірдің өзінде қазақ тілін үйренем дейтін өзге ұлт өкілдері көп. Олардың ішінде жастар үлкен қызығушылық танытуда.Бұл – еркін елдің еркін ойлы жастарының сана сезімінің өскенін көрсетеді. Бұл Жолдауда да ана тілге деген үлкен көңіл бөлініп отыр. Оған Мемлекет басшысының: «…Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі…» деген айқын көзқарасын атап өтуге болады. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл.Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады деп түсінемін.

Арсен Құрманказиев,
аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің маманы