Дін қызметкерлері ақталуға тиіс!

Дін қызметкерлері ақталуға тиіс!

Сол бір Кеңестің қызыл жалауы желбіреген тұста басқа бағыттың бәрі жалған саналып тек коммунизм идеологиясы алғы шептен түспегендігін тарихтан білуші едік. Бірақ сол тұста кеңестік биліктің қыңыр саясатының ішінде ислам діні де қудалануға ұшырап, барлық діндарлар, имамдар мен ишандар қуғындалғанын соңғы кездері жиі естіп қалып жатырмыз. Сол кездегі теріс саясаттың кесірінен кері кеткен қазақилығымызды қайта қалпына келтіруді көздеген іс-шаралар мен танымдық кездесулер де көптеп ұйымдас­тырылу үстінде. Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде діни қызметкерлердің қатысуымен өткен «Қуғынға кеткен имамдар» тақырыбындағы дөңгелек үстел де сол мақсатты ұстанды. Талғар ауданының имамдары қатысқан кездесуді музей жетекшісі Мейіржан Мұсабаев ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселемен таныстырып өтті.

Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылы жариялаған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Жарлығына сәйкес қуғынға ұшыраған діни қызметкерлерді анықтау мақсатында өткізіліп отыр. 1920-30 жылдары кеңес билігі дін қызметкерлерін, діндарларды азаматтық құқық пен еркін ойшылдықтан ажыратты, қазақ қоғамына дін мен діни тұлғалардың ықпалын жоюды көздегенін білеміз. Мысалы, 1930 жылы Татарстанда болған 12 мың мешіттің 10 мыңын  жапқызған екен. Түркіменстанда тіпті бірде-бір мешіт қалдырмаған. Қазақстанда 1630 діни ғибадатхана, оның ішінде 782 мешіт жабылған. 1931-1933 жылдары 8 діни ғимарат жабылды. Комиссия есептеуі бойынша 879, олардың ішінде 499 мешіт әрекет етуді жалғастырды. 1917-1933 жылдары Қазақстанның Алматы облысының бір ғана ауданында шіркеу саны 18-ден 3-ке дейін қысқарды. Бір мәлімет бойынша 1929-1933 жылдары Қазақстанда 198 шіркеу және мешіт жабылды. Шілік ауданында 1913 жылы жұмыс істеп жатқан мұсылман діни ғимаратынан 1929 жылға қарай бір де біреуі қалмаған, ал дінге сенушілердің саны 26 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарды. Діни ғимараттарды жабу ісімен қатар араб тілді және араб графикасымен жазылған кітаптарды, оның ішінде Құран жаппай құртылды. Жер-жерде орын алған қарсылықтар күшпен жаншылды, – деп дерек пен дәйекті жіпке тізгендей қылып айтып өткен меңгеруші тіпті діни қызметкерлердің жеке мүліктерінің де талан-таражға түскенін алдыға тартты.
Тарихтың ақтаңдақ беттеріне сүйенсек, солақай саясат сол дәуірде араб графикасын қолданыстан шығару мақсатында алдымен латынға өтеміз деп желеу етіп, кейін кириллицаға дендетіп жібергенін айтуға болады. Міне, сол шіркеу әліпбиін қолданыстан алып тастап, латын графикасына өтуді қозғаудан қорқып жүргендер ащы шындықты білсе бірден құба құп дер ме еді?! Әрі беріден соң қазақ тілін тұқыртып отырған орыс кириллицасы екенін түсінетін уақыт жетті.

Руслан Исабаев, Жаңалық ауылдық мешітінің бас имамы:
– КСРО кезінде өкіметтің Ислам дініне қарсы соңғы әрекеті 1986 жылғы 18 тамызда шыққан КОКП ОК «Ислам дінінің ықпалына қарсы күресті күшейту туралы» қаулысы болды. Бірақ бұл кезде жариялылықтың жалаулатып тұрған кезеңі болғандықтан халықтың дінге деген сұранысын ешкім тоқтата алмады. Мешіттер діни мейрамдарда ғана емес жұма күндері де толып кететін болды. Оның үстіне КСРО аумағында көп жағдайдың ушығуы, өте күрделі қайшылықтардың орын алуы билік органдарының назарын дінге қарсы күрестен басқа жаққа аударып жіберді. Сөйтіп, халық арасындағы діннің ықпалы адымдап арта берді. Ал оны жамандайтын идеология өзінен өзі құрып тынды.
Басқосуға жиналған өзге де діни қызметкерлер пікірлерін ортаға салып, алдағы уақытта әлі де ақталмаған дін қызметкерлерін анықтау жұмысын бірлесе жасау туралы келісімге келді.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»