Ана тілі – жүрегіңнің үні

Ана тілі –  жүрегіңнің үні

«Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ, дін де осында, ғылым-білім де осында, әулиешілдік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың бәрі жақсы әулие болып өтті» (Мәшһүр Жүсіп Көпеев) -деген сөзге әрқашан ден қоямын. Тіл – сөйлеу, сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі.
«….Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай жарқырап көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тұнық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр» — деп жазған екен «Қазақтың Пушкині» атанған ұлы ақын Мағжан Жұмабев бір туындысында. «Тіл жыртқыш аң сияқты, босатып жіберсең тістеп алады» — деген сөзді айтқан да дана халықтың өзі.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тойланбақ. Қазақстандағы күрмеуі әлі шешілмеген мәселенің бірі осы тіл болып тұр. Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстанда ғана бар. Көршілес Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан республикасының халқы «Қазақ тілі» мәселесі бізде де әлі күрмеуі шешілмеген түйінді мәселе екендігін естігенде таңданыстарын жасыра алмайды» — деп өзі де мойындап еді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялар тұста ҚазССР-нің депутаттары: «Қазақстанда мемлекеттік тіл – орыс тілі» деп жаппай қол көтеріп, масқара бола жаздағанда мінберге көтеріліп: «Сендер екінші желтоқсанды күтіп отырсыңдар ма? Қай елді көрдіңдер, Ресейден басқа орыс тілін мемлекеттік тіл етіп алған елді айтыңдаршы маған?! Бұған қазақ ұлты өлсе де көнбейді..» — деп халық депутаттарын райынан қайтарған осы Мұхтар Шаханов емес пе еді? Үш ғасыр Ресей империясының табанында болған қазақ ұлтының сана-сезімі, ойлау деңгейі әлі шала-жансар күйінде қалғаны өкінішті. Кенияның тұңғыш экс-президенті Джумо Кеньято бір кітабында «… Миссионерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал олардың «інжілі» бар еді. Олар біздің көзімізді жұмып қойып, табынуға көндірді. Ақырында көзімізді ашқан кезде біздің жеріміз солардың иелігінде, ал «інжіл» бізде қалды» — деп налыған екен. Қазақ ұлты енді болмаса «мәңгүрттенген» елге айналуы әбден мүмкін еді. Тәуелсіздік таңы құтқарып қалды. Қазақстан қазір бостандықтағы еркін ел. Қазақтың саны 70 пайыздан асқан тұста тіл мәселесі бізде болмауы керек еді ғой?! Баспасөз бетінде жарық көрген «Түрік танырлық балаң қане?»-деген мақаласында ғалым С.Шілдебай: «Тілдерің үш тұғырлы» дегеннен асқан қауіп жоқ. «Үш тұғырлы» деген ұғымның өзі арам ойдың туындысы. Тұғыр адамда біреу ғана болуы тиіс. Ол тұғыр – ана тілің!» -деп тіліп тұрып, ащы шындықты айтпап па еді? Ана тілін көкпарға салып қойған қазақ ұлты қандай ұлт өзі?
«…О, сонау бір ілгеріде тоғайға «Балта» деген жау шығыпты деседі. «Ойбай, балта деген жау шығыпты, кәрімізге, жасымызға қарамай, қырып келе жатыр, енді не айла табамыз?-деп хабар келгенде, мың жыл тұрған Арша ағашы: «Е, сол қырқып келе жатқан жау құр балтаның өзі ғана ма екен?»-деп сұраса: «Сабы ағаш екен»-деп жауап беріпті біреуі. «Ә, солай болса керек-ті. Өзімізден шыққан жау болмаса, сырымызды білмейтін балта жалғыз өзі не істей алушы еді» -деген екен көпті көрген арша ағашы. Сол айтпақшы, ана тіліне өршелене қарсы шығып, жау жоқ кезде мемлекетті ішінен ірітуге көшкен «шала қазақтардың» тірлігі жаулық әрекет екенін ел-жұрт біліп отыр. Кезінде ұлы ғалым, көрнекті ел азаматы Рахманқұл Бердібай: «Не істеймін десе де бәрі мемлекеттің қолында. Бәрін де мемлекет басындағылар шешеді» — деп осы бір мәселенің шешілер түйінін айтып еді. Өткен ғасырдың бас кезінде Алаш ардақтысы Жүсібек Аймауытов баспасөз бетінде жазған бір мақаласында: «Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтарды жоғары билікке жақындатуға болмайды» — деп, сол кездің өзінде зар қақсаған екен. «Айтсам тілім күйеді, айтпасам ділім күйеді» — депті асыл азамат. «Халықтың бағы – тақтан-ды, жүйріктің бағы – баптан-ды, іруі елдің жаттан-ды…» -дейді халық даналығы. Ана тіліңді көзіңнің қарашығындай сақта, Алаш баласы!

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»