Оңалту орталығы ашылды

Оңалту орталығы ашылды

Жуырда қаламыздағы аудандық орталық аурухананы сенімгерлік басқаруға алған «A-Class Medical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз қаражаттарына жаңа жұқпалы ауруларды емдеу орталығын ашқанын айтқан едік. Енді міне, бұл серіктестік тағы халыққа аса қажетті орталықтың тұсауын кесті. Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-Қайрат ауылының тау бөктерінен жаңа заманға сай, еңселі оңалту орталығын ашып, салтанатты түрде тұсау кесілді.

 

Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев бастап, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерғали Сыдыманов, аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтар арнайы қатысты. Халық саулығы үшін бой көтерген еңселі ғимараттың қызыл лентасын облыс әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков қиып, жылы лебіздерін білдірді. Содан кейін орталықтың ішіне еніп, жаңа заман талабына сай жабдықталған бөлімшелерді аралап көрді. Жиналған көпшілік алдында «A-Class Medical» ЖШС-нің бас директоры Бақыт Белғожанова алғы сөз сөйлеп, аталмыш серіктестіктің қашанда халық саулығын алдыңғы орынға қойып, науқастардың тез айығып кетуі үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатқандықтарын айтты. Содан кейін сөзді оңалту орталығының бас дәрігері Д.Алдынгұров алып, орталық жұмысымен таныстыру үшін жол бастап жүрді. 

Медициналық оңалту-науқастар мен мүгедектер организмінің бұзылған және жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені. Орталық негізгі бес бағыт бойынша оңалту жұмыстарын жасайды. Жүрек, қантамыр жүйесіне, миокард инфарктісіне, ЖИА-ға операциялық араласудан кейінгі оңалту шараларын жүзеге асыратын-Кардиореабилитация, инсульттан кейін оңалту, Паркинсон ауруы бар науқастар, омыртқааралық дискілердің зақымдануы, эпилепсия ауруларына арналған -Нейрореабилитация, алған жарақаттардан кейін, әртүрлі буындарды эндопротезден кейін оңалтуға арналған -Травматологиялық оңалту, орташа және ауыр коронавирустық инфекциядан кейінгі қалыпына келтіру шараларын жүзеге асыратын -Ковидтан кейінгі қалпына келтіру және арнайы терапиядан кейінгі -Онкологиялық оңалту бағдарламалары бойынша жұмыстар жүреді. Орталықта білімді де білікті реабилитолог, терапевт, онколог, невролог, травматолог, каридиолог, эрготерапевт, логопед-дефектолог, физиотерапевт, рефлексотерапевт, психолог мамандары халыққа адал қызмет етуде. Төрт қабатты ғимараттың төмеңгі қабаты түрлі дене жаттығуларын жасауға жабдықталған екен. Онда белсенді оңалту тренажерлері, эрготерапия, механотерапия кабинеттеріне арналған үстел тренажерларының жиынтығы, электр жетегі бар вертикализатор, буындары үздіксіз пассивті дамытуға арналған «BTL-Promotion» аппараты, «OPMED-кинезо» механотерапиялық тренажеры, жаяу жүру дағдылары үшін «Горка» тренажеры, механотерапияға арналған үстел, иппотерапияға арналған тренажер, «OPMED-тракцион» механикалық терапия қондырғысы, тепе-теңдікті және «Биокинект» вестибулярлық аппаратын жаттықтыруға арналған БОС тренажеры, «ORMED- FLEX» роботты механотерпиялық қондырғы, жамбас пен тізе буынның қалпына келуіне арналған F 01 модификациясы, шынтақ буынның қалпына келуіне арналған F 03 модификациясы, иық буынына арналған F04 модификациясы, білек буынына арналған F05 модификациясы арқылы оңалту орталығына келген науқастарға ем жүрігізіледі. Бір ғана физиотерапия бөлімшесінде төмен жиілікті тоқтармен емдейтін электротерапия, магнитотерапия әдісі, УВЧ60-МедТеКо 60 аппаратындағы УЖЖ терапиясы, соққы-толқындық терапия, лазерлік терапия, ультродыбыстық терапия, жарық терапиясы, парафинді ванна, ингаляцияға арналған 7F-3L оттегі концентраторы бар. Біз орталықты аралап жүрген уақытта аудан тұрғындарының алды осында ем қабылдап, дәрігерлерге алғыстарын жаудырып жатты. Бұндай құрылғылар мен аппараттарда ем қабылдап, жоғарыда аталған дәрігерлердің қабылдауында болған науқастардың тез сауығып, еңбекке оралып, қалыпты өмір салтына көшетіндіктеріне сенімді болдық.

Орталықтың ашылуы өңірдің бейінделген медициналық ұйымдарының жүктемесін азайтуға, сондай-ақ диагностикалық базаны күшейтуге, диагностикалық процедураларды жүргізуді шоғырландыруға және аурудың ерте кезеңдерінде алдын алу терапиясын бастауға мүмкіндік береді. Палаталар жаңа жиһазбен жабдықталған, күніне үш рет ыстық тамақ ұйымдастырылған, дәрі-дәрмектер қоры бір ай бұрын қамтамасыз етілген. Орталықта науқастарды тіркеу орны, қабылдау бөлімі, кеңес беру блогы, тәулік бойғы стационар бөлімшесі, күндізгі стационар бөлімшесі, емшара кабинеті, массаж бөлмелері заманға сай жабдықталып, халыққа қызмет етіп тұр.

Оңалту орталығының өзі Іле Алатауының бөктерінен бой көтерген. Бір гектар жерді алып жатқан заманауи орталықтың жемісті бақшасы да бар. Емделушілерге таудың таза ауасы мен жасыл желегі қуат беріп, тез сауығып шығуына мол әсерін тигізеді. Әңгіме барысында облыс әкімінің орынбасары орталықтың жұмысын жоғары бағалап, ризашылығын білдіріп, алдағы күндері облысымызда осындай оңалту орталықтарының көптеп ашылуына ықпалдасатынын жеткізді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»