ЖАС ДЕПУТАТ, ЖЕМІСТІ КӘСІПКЕР

ЖАС ДЕПУТАТ,  ЖЕМІСТІ КӘСІПКЕР

«Жас келсе, іске» демекші қажыр-қайраттың барында ел дамуына еңбек ету қажет. Өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, аудан жастарын қоғамның дамуына атсалысуға ынталандыру керек. Жастар арасындағы мәселелерді шешуде, оларды жарқын болашаққа жетелеуде өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген жерлесіміз аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Марат Алимов та нәтежиелі кәсіптің арқасында үлкен істер атқарып жүр. Ол жастардың жұмысқа орналасуына ықпал етіп, қолынан келгенінше кәсіптік бағдар беріп келеді. Қоғамдағы жастардың арасындағы бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізіп ерікті түрде жұмыс жасап келеді. «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылған халық қалаулысы аудан ішіндегі қоғамдық істерден шет қалған емес. Мәдениет және діни ұйымдармен сонымен қатар ҮЕҰ-мен де бірлесіп ел игілігі үшін жұмыстар жасап жатқаны жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі.

«Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді»,-деп Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз айтқандай, елдің ертеңін ойлайтын жастың тәлімі мен тәрбиесі дұрыс болуы міндет. 1990 жылдың тоғызыншы шілдесінде Алматы қаласында дүниеге келген кейіпкеріміз. Алматы қаласындағы №128 қазақ орта мектепті аяқтағаннан соң, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (ҚазБСҚА) колледжіне оқуға қабылданып «Өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс» мамандығының иесі атанады. Әлбетте өсем деген жігіттің талабы таудай болатыны белгілі. Кейіннен 2012 жылы «Алатау» Қазақстан университетіне түсіп «Қаржы» мамандықтары бойынша білім алып шығады. Оқуды аятағаннан кейін Әкесі Сәбит Алиманов негізін салған мейрамханалар желісіне жұмысқа келіп ерте жастан еңбекке ет үйретеді. Осылайша 2009 жылдан бері аталған салада ісін өрге домалатып келе жатқан жас депутат 2014 жылы Талғар қаласына қоныс аударды. Тау етегінде орналасқан «Талғар форелі» демалыс аймағының жұмысын жандандыруды мықтап қолға алады. Бүгінгі таңда отбасылық кәсіптің арқасында 82 жанға жұмыс тауып беріп отырған жәйі бар. Соның ішіндегі 32 қызметкер «Талғар фореліне» келген қонақтарға қызмет етуде. Балықтың бабын іздеген кәсіпкердің айтуынша форель орталығын ашуда Талғарды таңдауы тегін емес. Кәсіп иесі Талғар және көршілес жатқан Еңбекшіқазақ аудандары арқылы өтетін өзен сулардың құрамында балықтың өсіп жетілуіне қажетті дәрумендердің бәрі бар екендігін айтады. Ауданға келетін қонақтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында көрші аудандағы Саймасай елді мекенінде балық өсіретін қосымша қожалығының да жұмыс жасап тұрғанын айтады. Болашақта Түрген тауы аймағынан да форель демалыс аймағын салу жоспарында бар екенін де жасырмады.

Халықпен биліктің арасында негізгі көпір саналатын депутаттық мандат иелерінің жұмысы шаш етектен болатыны айтпаса да белгілі. Тапқан табысының бір бөлігін халық игілігі жолында жұмсап, жұрттың жыртығына жамау, қолдан келсе колдауын көрсетіп қолтығына демеу болуда халық қалаған жандардың азаматтық міндеті. Сөзіміздің басында аңдатпа беріп өткендей әр түрлі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен тізе қосып, қайырымдылық шаралардан шет қалмайды. Мәселен Белбұлақ округіне қарасты Бірлік аулындағы жаңадан бой көтерген мешіт құрылысына қаржылай көмек бергенін мешіт жамағаттарынан білдік. Сонымен қоса Белбұлақ ауылындағы №10 мектептің жанындағы көпірді жөндеп беруге ниетті екенін де білдік. 1-қазан Халықаралық қарттар күніне орай «Nur Otan» партиясы Алматы облысы Талғар аудандық филиалының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасына атсалысып ауданымызда тұратын қарттарымыздың үйіне барып құттықтап, азық-түлік себеттерін ұсынып келгенін желі беттерінен байқадық. Осындай тіршілігінен танып, жұмысына деген тиянақтылығына «Жауынгер» Қоғамдық Бірлестігінің ардагерлерінің қолынан «Қазақстан Республикасының Патриоты» медалін алған болатын.

Жылқыны текті деп таныған халқымыздың «жылқы жеті тегіне тартпай қоймайды» деген сөзі бар. Грек-рим күресінен КСРО-ның спорт шебері Есенжол Алимановтай жанның өз уақытында депутат, совхоз басшысы жауапты міндеттерде болғанын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Атасының ісін амантындай көрген немересіде спорттан алыс жан емес. Осы ретте облыстық спорт басқармасымен біріге отырып атасы Есенжол Алимановты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Республикалық турнир өткізуді қолға алған. Биыл бірінші рет өтейін деп отырған жарысты, 7-9 қазан аралығында Талғар қаласындағы «Алмалы» спорт мектебінде өткізу жоспарланып отыр.
«Ел боламын десең,бесігіңді түзе»,-дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан еліміз үшін, дарынды, білімді, білікті, жігерлі жастардың орны әркез ерекше. Еңбек майданына араласқан жас кәсіпкерге әрдайым еңбегі жанып, ел үмітін ақтайтын атаулы тұлға болсын деп тілейміз.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«ТАЛҒАР»