Мүгедектің оңалту бағдарламасы

Мүгедектің оңалту бағдарламасы

Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы — оңалту шараларын жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін, сондай-ақ әлеуметтік көмектің түрлерін анықтайтын құжат. Оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органымен медициналық ұйымдардың, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдары мен оңалту іс-шараларын жүзеге асыратын басқа да ұйымдардың қызметкерлерін тарта отырып мүгедекті куәландырған күннен бастап бір айдың ішінде әзірленеді.

Мүгедектердi оңалту ағза функцияларының тұрақты бұзылуы бар денсаулықтың нашарлауынан туындаған тiршiлiк әрекетінің шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды. Оңалтудың жеке бағдарламасы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдараламалар басқармасына ұсынылған ОЖБ алуға арналған өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат, медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы, мүгедектікті растайтын анықтаманың көшірмесі, амбулаторлық аурудың медициналық картасы негізінде мүгедектікті белгілеу мерзімінде әзірленеді.

Оңалтудың медициналық бөлігін медициналық ұйымдар мен басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргізеді. Медициналық оңалту жөнiндегi iс-шараларды денсаулық сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi. Санаторий-курорттық емдеу халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган анықтайтын тәртiпте, жеке оңалту бағдарламарына сәйкес мүгедектер мен мүгедек балаларға ұсынылады. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi. Жұмыс берушi — жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекті санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес ұсынылады.
Оңалтудың әлеуметтік бөлігін халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдары, арнайы білім беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері) және басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргізеді. Олар мүгедектердi жеке бас гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік машықтарына үйретеді. Мүгедектердi техникалық көмекшi және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етеді. Бөгде адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, соның iшiнде мүгедек балаларға үйде арнайы әлеуметтiк қызметтер ұсынады. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер ұсынады. Жүрiп-тұруы қиын бiрiншi топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшi береді. Есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тiлi маманын – жылына алпыс сағаттық сабақ үйретуге жібереді. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде арнайы әлеуметтiк қызметтер ұсынады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетеді. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік оңалтудың өзге түрлерін бекітіп береді.

Оңалтудың кәсіптік бөлігін халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдары, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте алынған лицензияның негізінде білім беру қызметін атқаратын ұйымдар жүргізеді. Мүгедектерді кәсіптік оңалту кәсіптік бағдарлауды, кәсіптік оқытуды, жұмысқа орналастыруды қамтиды. Кәсiптiк бағдарлауды білім беру, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары жүзеге асырады. Мүгедектердің жұмысқа орналасуы үшін арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілер мүгедектерді кәсіптік бағдарлауға қатысады. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiпте алынған лицензия негiзiнде бiлiм беру қызметiн жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады. Оңалтудың медициналық, әлеуметтік және кәсіптік бөліктері бойынша өткізілген іс-шаралардың тиімділігін бағалауды, мүгедекті кезекті қайта куәландыру кезінде немесе оны динамикалық бақылау тәртібінде аумақтық бөлімше жүзеге асырады. Оңалтудың жеке бағдарламасы уақытында түзету және одан арғы оңалту шараларын әзірлеу үшін аумақтық бөлімше динамикалық қадағалауды ұйымдастырады, ол үшін мүгедектің аумақтық бөлімшеде болуының бақылау мерзімдерін анықтайды.

Бекзат Ашимов,
№4 Медициналық әлеуметтік
сараптама бөлімінің басшысы.