«Кәусар» – дертке дауа, жанға шипа жаңа орталық

«Кәусар» – дертке дауа, жанға шипа жаңа  орталық

Халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын айырықша орынға қойып, назарға алған. Сол себепті «бірінші байлық – денсаулық», «денсаулық-зор байлық», «тәні саудың-жаны сау» деп мақалдатуы тектен-тек емес. Халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Өткен жылдан бері әуреге салып келе жатқан тәж тажалы басты байлығымыздың қадірін арттырғандай болды. Бұл ретте адам жанына араша түсіп, саулығымызды сақтауға септігін тигізетін, бұқара халыққа қамқор болатын дәрігерлердің еңбегі ерекше екенін білеміз.

Жуырда редакциямызға ақ жау­лықты ана Жанат Мүшірбекқызы кел­ген еді. Апамыз осы дәрігерлер қауы­мына алғысын айта келіпті. Замандасы Гүлжан Нұрмұхамбетқызы екеуі жақында Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Кәусар» облыстық оңалту орталығында денсаулықтарын түзеп, ем алып шыққан екен. Орталықтың ұжымының жасаған ем-домы мен көрсеткен қызметіне разы болған аналар ондағы дәрігерлерге алғыс­та­рын біздің газетіміз арқылы жеткізуді жөн санаған.
Еліміздің денсаулық сақтау саласы дамыған сайын медициналық көмек құрылымында арнайы көмектің дербес тармақтары енгізіле бастаған болатын.Соның ішінде емделушілерді жылдам қалыпқа келтіруге көмектесетін ме­дици­налық оңалту қызметін еміне ерекше назар аударыла бастады. «Қазақстан Республикасының халқына оңалту көрсетуді ұйымдастыру стандартына» сәйкес медициналық оңалту шараларын жүргізетін медициналық ұйымдар ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Оңалту орталықтарында басына түскен немесе туа біткен аурулардың нәтижесінде, сонымен қатар жарақат нәтижесінде пайда болған физикалық және психологиялық шектеулері бар тұлғалардың автономдығын, еңбекке жарамдылығын және денсаулықтарын қалпына келтіру бойынша ме­дици­налық, психологиялық, педаго­ги­ка­лық, кәсіби және заңды шаралар кешені өткізіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, емделуші ауруханадан шыққан соң, емін ары қарай жалғас­тыру үшін, өз-өзіне тезірек келу үшін медициналық оңалту қызметін пайдалана алады. Ол үшін өзі емдел­ген емханадан өзіне ыңғайлы оңалту орталығына жолдама алып, денсаулығы бойынша 10 күннен 21 күнге дейін тағы да оңалту орталы­ғында ем ала алады.

-«Кәусар» облыстық оңалту орта­лығы ауданымыздағы « Шымбұлақ» шипажайы жанынан ашылған орта­лық. Онда созылмалы ауруы бар науқастар мен ғасыр індеті «COVID – 19» дан жазылып шыққан науқас­тарға, ауыр отадан кейін кейінгі оңалтуды қажет ететін науқастарды емдеу мақсатында кешенді жұмыс жүргізіледі. Орталықта негізінен тоқпен емдеу, физиотерапия, уқалау, электрофорез, парафин, тұз шахтасы, миды тынықтыруға арналған кислородты коктейль бөлмесі, емдік денешынықтыру жаттығулары (ЛФК),ингаляция (бумен емдеу),жүйке жүйелерін инемен және дәрілік шөппен емдеу, әр науқастың жеке созылмалы ауруларын сауықтыру мақсатында дәрігерлік емдеу кешенді жүргізіліп, нәтижесінде ем — шара алған науқастар екі аяқтан тік тұрып, көтеріңкі көңіл күймен отбасына оралып жатыр. Мезгілімен берілетін дәмді ас мәзірі,сан түрлілігімен жанға дәру. Бесін уақытында ешкінің сүті, түрлі жемістер, тәтті тағамдар берсе, жатын уақытында тұрақты түрдеайран беріледі. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Дәрі-дәрмек қоры да жетерлік екенін білдік. Ауласы жасыл желекпен көмкерілген. Жанға жайлы, таза ауасы да тынысыңды ашады, — дейді Жанат Мүшірбекқызы әңгіме барысында.

Әр адамның өміріне араша түсе­тін дәрігерлік мамандықты таңдау кім-кімге де болмасын үлкен жауап­кершілікті жүктейтіні рас. Өйткені дәрігер адамның жан-дүниесін өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы шарт. Ақ халатты жандардың алдына күніне қаншама адам балтыры сыз­дап, басы ауырып, шипа іздеп келеді. Дәрігерлерден ем қабылдап, ақ халаттыларға алғысын жаудырып жатады.

— «Кәусар» оңалту ортылығының дәрігерлері де көптің алғысына бөленіп жүрген өз ісінің майталман мамандары. Бізге шипалы қолдарымен ем-домын жасап, ел ілтипатына бөленген терапевт-дәрігерЖадыра Қалқожаева, физиотерапия бөлімінің меңгерушісі Зина Мұқанқызы, уқалаушылар Күлпаш Жұмадилова, Гүлзира Ауғанбаева, Аружан Алайдар, медбикелер Бақыткүл Қазиева, Света Сейдахмет, Бибінұр Қаби, Камшат Серік сынды ақ халатты абзал жандардың еңбектері өлшеусіз. «Тазалық-саулық негізі» демекші орталықтың тазалығын қадағалап, науқастарға таза ауа мен жайлы жатын орын даярлап жүрген тазалықшылар Гүлзат Лекерқызы мен Мағира Карлқызы, бес уақыт астарататын Гүлназ Әділбекқызына да риза­мыз. Ал, антына адал білік­­ті маман, өз ісінің шебері ине-шөппен емдейтін, сынықшы әрі оташы Нұрлан Нұғымандай ақ халатты абзал жанға ерекше алғыс айтамыз. Біздің саулығымыз үшін әбігерге түсіп жүрген дәрігерлердің еңбегіқашанда зор бағаға лайық. Осындай білікті мамандарды бір ұжымға топтастырып, тындырымды тірліктерімен ел сенімінен шығып, ұйымдастыру шеберлігімен орталық жұмысын жандандырып отырған «Кәусар» оңалту орталығының директоры Берікжан Қойлыбаевты ерекше атағымыз келеді. «Іс тетігін білікті маман шешеді» демекші, білікті басшының өз ісіне деген сүйіс­пен­шілігінің арқасында қаншама нау­қас ем алып, денсаулықтарын түзеп, күнделікті жайсаң өмірлеріне ора­лып жатыр,- дейді қос әжей ағынан жарыла.

Әсіресе, қазіргі таңдағы пандемия кезінде коронавирус инфекциясынан емделіп шыққан науқастар осындай орталықтарда денсаулықтарын түзеп, жаңа өмірге оралуда. Өйткені коронавирус науқастың ағзасына айтарлықтай зиян келтіреді. Пациенттің инфекциялық стационардан емделіп шығуы – денсаулығының толық қалпына келгенін білдірмейді. Дәрігерлердің өзі де COVID-19 дертінен өткен адамға медициналық оңалту қажеттігін айтады.Сондықтан осындай орталықтың бүгінгі күні ел игілігі үшін атқаратын қызметі орасан зор.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»