Ұстаздық еткен жалықпас…

Ұстаздық еткен жалықпас…

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз бола алады. Талдыбұлақ ауылының тұрғыны, зейнетке шықса да, ұстаздық жұмысынан қол үзбеген Исаева Айнұр Әлімқызы осындай білікті маман. Ол саналы ғұмырының 42 жылын жас ұрпаққа білім беріп, жастарға тәрбие үйретуге арнаған ұстаз. Бір сөзбен айтқанда, көргені мен көңілге түйгені көп ұстаздың өткен өмір белестері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Шынында да, бала оқытып, ұрпақ тәрбиелеу – қиын жұмыс. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айнұр Әлімқызы зейнетке шыққанына қарамастан, әлі де ұстаздық жұмысын жалғастырып келеді. Өйткені оның өмірінің қызығы – мектеп, еңбегінің жемісі – өскен ұрпақ, қуанышы – үлкен өмір айдынына қанат қағып жатқан түлектер.
Айнұр Әлімқызы 1960 жылы 8-маусымда Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылында дүниеге келген. Әкесі Исаев Әлім 30 жыл ауыл әкімі қызметін атқарып, халық мүддесін биік қойған арда азамат. Ал анасы Сапиянова Мейрамхан 45 жыл математика пәнінен сабақ беріп, кеңес заманының үздік ұстазы атанған аяулы жан. Білімге деген құштарлық ананың қанымен дарыса керек. Бірге туған бауырлары, ұл-қыздары, тіпті қазіргі уақытта Әлім ақсақалдың немерелерінің біразы ұстаздық жолды ұстанған. Кейіпкеріміз де туған ауылындағы Ленин атындағы он жылдық мектепті 1977 жылы тәмәмдап, бірден еңбек жолын сол мектепке пионер-вожатый болып бастайды. Сол салада бес жыл қызмет еткен соң, Қаскелең педучилищесіне оқуға түседі. Ол оқуды тәмәмдап, 1995 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы университеттің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білімін толықтырады. Райымбек ауданына қарасты Көкбел ауылының орта мектебінде ұстаздық жолын бастап, Талғар ауданындағы №28, №29 орта мектептерде, Бірлік ауылындағы №35 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып қызметін жалғастырады. 2013-2015 жылдары атаулы мектеп-гимназиясында оқу ісінің орынбасары болып еңбек еткен ұлағатты ұстаз сол білім ордасынан зейнеткерлікке шығады. Айнұр Әлімқызынан бастауыш сыныпта білім алып, 2019 жылы бітірген түлектерінің бесеуі алтын медалмен, екеуі қызыл атестатпен тәмәмдап, ұстздарының мерейін өсіргені тағы бар. Ұстаздық жолындағы ерен еңбектері ескеріліп, 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының «Алғыс хатымен», Республикалық «Нұрлы жастар» продюсерлік орталығы мен Қазақ радиосының алғыс хаттарымен марапатталды.

Кәсіби міндеті — бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан балалардың ақыл — ой ынтасын көтеріп, білімді игеруге ынтасы мен дағдысын қалыптастыруға, ойлау қабілетін шыңдап, жан — жақты дамыған, жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын білімді жас жеткіншектер тәрбиелеп шығаруды басты парызы деп санайтын Айнұр Исаева зейнеткерлікке шықса да ұстаздық жолдан қол үзіп қалған емес. Бүгінде Талғар ауданындағы «Білім шуағы» деп аталатын оқу орталығында бастауыш пәндерінен сабақ беріп, білімді ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосуда.

Иә, Сократша сөз өнерін меңгерген, Абайша толғанған, тіл маржанын Мұхтарша терген, қазақ тілі мен әдебиетін, Алаш руханиятын қызғыш құстай қорыған Айнұр Әлімқызы тумысынан ұстаз болып жаралған. Ерге жүк, елге сын болған заманда, нәзік жүрегімен ұстаз деген ұлы есімді арқалаған жанның ең жоғарғы алғыс пен марапатқа, мойындауға лайық екені рас.

«Жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей» демекші бастауыш сыныпта қалыптасқан мығым білім, одан кейін де қатая түсетіні сөзсіз. Тамыры мықты ағашты қатты соққан желдің құлата алмайтыны секілді, бастауышта санасына сіңірген білім өмір бойына салынған сара жол десек артық емес. Демек, осы орайда алғаш рет қолға қалам ұстатып, білімнің негізін қалаушы болып саналатын бастауыш сынып мұғалімдерінің ерен еңбектерін ескерген жөн. Жоғарғы сыныпты бітірген уақытта осы бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбектері ескерілмей қалып жатқандығы да жасырын емес. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»