Білімді шәкірттердің ұстазы

Білімді шәкірттердің ұстазы

«…Ұл-қызыңа үйрет білген білімді,
Қолына ұстат, кеудеңдегі Күніңді.
Сонда ұл-қызың, адамдықтан таймайды,
Көңілі таза, көзі шоқтай жайнайды» — деп шығыстың ұлы кемеңгері Жүсіп Баласағұн айтқандай, бала тәрбиесі тал бесіктен басталатын уыз тәрбиеге, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ұстаздың еншісіне көшеді. Алты-жеті жасар бала бейне бір балқыған қорғасын секілді. Оны қолына ұстаған зергер сол күйінде әсем бір зат жасап шығарады. Мұғалім де сондай зергердің бірі. Алдына балқыған қорғасындай таза күйінде келген жеткіншекті білім теңізіне қарай жетелеп әкету – ұстаздың білім-біліктілігі мен ұшқыр қиялына байланысты болмақ. Халық даналығы: «Ұстазы талантты болса, шәкірті қанат байлап аспанға ұшады» — деп текке айтты дейсің бе?

Талғар орталығындағы №9 қазақ орта мектебінде де білім-парасаты мол, ұзақ жылдар бойы бастауыш сыныптарға сабақ беріп, оларға қырық екі әріп танытып, есеп сабағын түгел меңгертіп, жоғарғы сыныптарға аттандырып отыратын тәжірибелі ұстаздар өте көп. Соның бірі – жоғары дәрежелі мұғалім, отыз жылдан астам уақыттан бері жас ұрпақ тәрбиелеу ісінде тер төгіп жүрген Салима Тәуекелова. 1995 жылы Қарақалпақ жерінен ата-мекені Қазақстанға көшіп келген Салима Қара-Өзек деп аталатын аудандағы «Есім өзек» деп аталатын қалың қазақ қоныс тепкен ауылда дүниеге келіпті. Өсіп-жетілген, балалық шағы өткен сол жер. Сол ауылдағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы орта мектепті 1980 жылы бітірген Салиманың әкесі Мадрин мектепте тарих пәнінен сабақ берген өте білімді, директор болып білім ордаларында жетекшілік еткен сауатты кісі еді. Ал анасы Перида он бала тәрбиелеп өсірген «Батыр ананың» бірі болатын. Жас кезінен саусағы майысып, табиғат көріністерін, портреттік суретті шебер салатын, спор алаңында жүгіріп, велосипед тебуден жалықпайтын Салима өсе келе жан-жақты дамыған, салауатты жан болып қалыптасты. Ол 1980 жылы Нүкіс қаласындағы педагогикалық училищесінің «бастауыш сынып мұғалімі» бөліміне түсіп, оны жақсы көрсеткішпен аяқтады. Сөйтіп, 1982 жылы өзі оқу бітірген «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы мектепке қайта оралып, ұзақ жыл сол жерде еңбек етті. «Туған жерге – туыңды тік!» демекші, 1995 жылы Талғар қаласына қоныс аударып келген Салима Мадринқызы, міне №9 қазақ орта мектебінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Қаншама жыл бүлдіршіндерді бірінші сыныпқа қабылдап алып, төртінші сыныптан соң қанатын қатайған балапандарын ұядан ұшырып отыратын ұстаз еңбегіне жететін не бар, дүниеде?! Бақытын ұстаздықтан тапқан деп осындай жандарды айтар болар!

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»