Тіл үстемдік алмаса болашағың бұлыңғыр

Тіл  үстемдік  алмаса  болашағың  бұлыңғыр

Халқымызда «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деген мағынасы терең тәмсіл бар. Осыған қарап-ақ тіл – өрісі кең әлем екенін ұғынасың. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды отандастарымыздың білуі сөз жоқ күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Ал бұл жолдағы ауқымды жұмыстарды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалтқысыз атқарып келе жатқанына куәміз. Апта ортасында аудандық кітапханада өткен аудандық «Тіл шебері» байқауы да сол бағыттағы жоспарлы жұмыстардың бірі еді.

Дәстүрлі байқау жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарды анықтап, қолдау көрсету мақсатында жүзеге асып отыр. «Қазақстан халқы тілдері» айлығы аясында өткен байқауға 14-18 жас аралығындағы 17 үміткер қатысты. Додаға ақын, сазгер, Талғар аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Камнұр Тәлімұлы бастаған, аудандық мәслихаттың депутаты, «Caspian Education Group» (ағылшын тілі) білім беру орталығының директоры Сәуле Симамбаева, № 36 жалпы білім беретін орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назипа Төреханова төрелік етті. Аталмыш байқауға талабын ұштап, үмітін үкілеп келген жастарға ақжарма тілегін жолдаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлбосын Ақжігітова шараның талаптарымен және номинацияларымен таныстырып өтті.

Бірінші «Елтанымда» үміткерлер берілген сұрақтар бойынша үш тілде жауап берсе, екінші «Сөзтаным» деңгейінде экранда көрсетілген мақал-мәтелді оқып, орыс және ағылшын тілдеріндегі баламасын айту тапсырылды. Қорытынды «Ойтаным» кезеңінде ортақ тақырып бойынша мемлекеттік тілде эссе жазылды. Қазылар алқасы қатысушылардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманың сақталуын, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтарын сарапқа салды.

Байқаудың мақсаты айқын, бағыты дұрыс болғанымен балалардың білімі көкжиегі көңіл қуантпады. Өткен ғасырдағы әл-Фараби, Бұқар жырау, Төле би тұрмақ, бергі О.Бөкей, М.Әуезовті білмеуі, шығармаларын оқымауы жанымызды ширықтырды. Тіпті М.Мақатаевты танымайтын оқушыны «қалай байқауға жіберген?» деп бір-бірімізге қарастық. Бұл олқылықты бір жылға жуық болған онлайн оқудан көреріңді, не әдебиетті білмей әдебиеттен сабақ беретін мұғалімнен көреріңді білмей қалады екенсің. «Болашағымызға қазақ әдебиетінің қатысы жоқ» деген тұқыр жауап саналарын жаулап алды ма деп және ойладық. Бұл тақырып жабусыз күйінде қалмауы керек және алда ораларымыз хақ. Себебі, бұл жерде қазақтың болашағы тұр!
Сонымен, үш сағатқа созылған байқауда № 49 мектептің оқушылары Мирас Маратұлы бас жүлдені, Назира Бердіханқызы І орынды жеңіп алды. Осы мектептің оқушысы Айдар Абайұлы, № 24 мектептің оқушысы Аружан Сейдахмет, №36 мектептің оқушысы Камила Серікова ІІ орынды иеленді ІІІ-орынға Талғар жоғары медициналық колледжінің студенті Гүлнұрым Сағитжанова, № 16 мектептің оқушысы Қарлыға Айтуған, № 49 мектептің оқушысы Жадыра Қуанышқызы, №24 мектептің оқушысы Қарақат Айтан лайық деп танылды. Қалған қатысушыларға белсене қатысқаны үшін бөлім атынан «Алғыс хат» берілді. Сондай-ақ Сәуле Шакратқызы «Caspian Education Group» өз орталығының бір айлық тегін сертификатын Камила Серіковаға табыс етті.

Меруерт Мәулет,
Талғар