Білім саласы Жолдаудың басты өзегі болды

Білім саласы Жолдаудың басты өзегі болды

Президентіміз Қ.Тоқаевтың жуырдағы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауына қолдау білдіріп және талқылау мақсатында қаламыздағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде жиын болып өтті. Оған барша білім алушылармен оқытушылар қатысты. Жиын айбынды Әнұранымызбен ашылып, қос жүргізуші Жолдау мазмұнына қысқаша тоқталып өтті.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөздерімен бастап, пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамалары туралы айтып өтті. Содан кейін Жолдаудан үзінді видеотоптама ұсынып, бейне ролик арқылы Мемлекет басшысы көтерген жеті мәселе мен бес бастаманы тарқатып берді. Колледж студенттері де өз кезектерінде ойларын ортаға салды. Колледж студенттерінің атынан Жерге орналастыру мамандығының 9 «А» тобының білім алушысы Айдын Дүйсембай мен Бухгалтерлік есеп және аудит мамандығының 9 «В» тобының білім алушысы Александра Болдырева баяндама жасады. Колледжге жаңа оқу жылында жұмысқа қабылданып, болашақта білікті ұстаздыққа жол бастаған жас маман Ербол Отынша Мемлекет басшысы жүктеген мақсат-міндеттер аясында өз ойын білдіріп, сапалы білім беру мәселесіне тоқталды.

— Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейгені жалпы ұстаздар және оқытушылар қауымын қуантты. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі Қазақстан Қарулы күштерінде берілуге тиіс екенін айтқан Президентіміздің Жолдауына мен толықтай қосыламын. Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, болашаққа бағдар көрсету менің міндетім,- деп сөзін аяқтады.

Барша жиылған көпшілік Жолдауды тарқата талдап, әрбір сала мамандарына жүктелетін міндеттің маңызды екенін түсініп, Жолдауға қолдау көрсетті. Колледждің Тех 9 «А» тобының білім алушыларының орындауындағы «Елбасы» әнін тыңдап, жиынды көңілді нотада аяқтады.

Перизат Ауғанбайқызы,
«Талғар».