Бойынан от жігерді көрсек дейміз

Бойынан от жігерді көрсек дейміз

Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау екендігін түйсіне түскен сайын құрмет те ерек бола бастады. Сондықтан да болар соңғы жылдары «Алаш» сөзі қасиетті түсінік ретінде асқақтала айтылып, қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне осы ұғым бойлай түскенінің куәсі болып жүрміз. Сондай бір рухты іс-шара. Білім күніне әрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде өтті.

«Алаш зиялыларының қазақ балаларының сауатын ашудағы еңбегі» деген тақырыпта өткен басқосуға ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Әнес, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Еркін Стамшалов, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Баянұлы Тілеубаев, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің» меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев пен тарихшылар қатысты.

Алаш зиялылары көтерген жалпықазақ идеясын бүгінгі жастардың санасына сіңіру керектігін алға тартқан кездесуді Ғарифолла Әнес ашып, білім беру жүйесі қалай басталғанына тоқталды.

1919 жылы Песковский бастаған әскери революциялық комитет құрылып, Ахмет Байтұрсынұлы соған мүше болып тікелей мектептердің жұмысымен айналысты. Ал 1920 жылы құрылған Қазақ Автономиялық Республикасында Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы оқу ағарту комиссары болып тағайындалды. (1946 жылға дейін министрлер халық комиссарлары болып аталған) А.Байтұрсынұлы өмір бойы осы қазақ балаларына білім беретін кітаптар жазып шығарумен айналысып келді. Қазір қолданыста жүрген дыбыс түрлерін, сөз түрлерін, сөйлем түрлерін жазып кеткен. 1929 жылы «Алаш» зиялыларының шығармаларына тыйым салынып, өкінішке орай талай оқулықтары жоғалып кеткендіктен де біз көптеген құнды білімнен айырылып қалдық. Бірақ, әлі де кеш емес. Алаш қайраткерлері ұстанған бағытты бүгінгі жастарымыздың ойына тоқып, бойына сіңіре білсек көп жоғалғанымызды табар едік, — деген профессордың сөзін басқа қонақтар да қостады. Еркін Стамшалов білім беру методикасының екі түрі яғни қәдімдік (ескіше) және Жадиттік (жаңа) кең түрде мағлұмат беріп, Алаш зиялылары химия, биология, физика сынды ғылымдар жаңа оқу методикасы бойынша мектеп бағдарламасына енгізілгендігін айтып өтті.

Жиынға қатысушылар қай-қайсы да «Алаш» зиялылары дайындап кеткен қазақ әліпбиі арқылы бірінші қазақ тілін, тарихын оқытып барып шет тілдерді үйретсек нұр үстіне нұр болар еді деген пікірге тоқтады. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің есімін ұлықтау, олардың мұрасына қатысты зерттеулерді жүйелеу, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қажеттігі туралы мәселелер көрініс тапқан басқосу бұдан кейін де жалғасын таба бермек.

Меруерт МӘУЛЕТ,
«Талғар»