Құрметке лайық жандар

Құрметке лайық жандар

Биыл Қазақстан Республикасы «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 10 жыл толады. Бұл ұйым Қарулы Күштер ардагерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ әскери қызметкерлерге патриоттық тәрбие беруде өзүлестерін қосу мақсатында құрылған болатын. Осы айтулы күнге орай Талғар ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға Ауған соғысы ардагерлері, Қарулы Күштер ардагерлері, таулы карабах және тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан сарбаздар келді. Қатысушылар Қазақстан Республикасының 2020 жылы 6 мамырда шыққан «Ардагерлер туралы» заңның негізгі баптарына тоқталып, мектеп жасындағы балаларға әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жүргізу барысында осы құжатты басшылыққа алса ұтылмайтындығымызды айтып өтті. Аталмыш бөлімнің басшысы Айдар Болатұлы болса Отан алдындағы азаматтық борышына адал болған азаматтарға қандай құрмет көрсетілсе де жарасатынын айтып:
– Ардагерлеріміз зейнетте жүрсе де, Қарулы Күштердің дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру жолында да әскери ардагерлердің еңбектері орасан. Ардагерлерге құрмет көрсету біздің және өскелең ұрпақтың міндеті, – деп, жиынның құрметті қонағы болған Сатыбалды Керімбаевты «Алғыс хатымен» марапаттады. Тағылымды іс-шараларымен жастардың Отанын сүюіне, тіліне, дініне деген мақтаныш сезімін ұялатуға үлес қосып жүрген бөлімнің ұстанған бағыты өзгелерге үлгі деп білеміз.

Меруерт МӘУЛЕТ,
«Талғар»