Вакцина ал да, сыйлық ал!

Вакцина ал да, сыйлық ал!

Белбұлақ ауылдық округінде вакцина бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылдық округке қарасты үш елдімекенде 19356 тұрғын бар. Белбұлақ ауылында 6454 халық болса, оның 1833-і вакцина алса, Бірлік ауылының 2082 тұрғынының 841-і вакцина алды. Ал талдыбұлақтық 3420 тұрғынның 1645-і екпе ектірген.

Белбұлақ ауылдық округінде вакцинация бойынша жұмыс тобы құрылып, халыққа түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Амбулаторияның алдына, орталық көшелерде көрсеткіш белгілері және билбордтар ілінді. Округ бойынша аналар кеңесінің төрайымдары, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымдары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері халыққа вакцина бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты арнайы жұмыс тобын құрып, ол топ вакцинация бойынша үгіт жұмыстарын жасап, халықты екпе алуға шақыруда. Мешіт имамдары, мектеп ұжымдары және басқа да мекемелермен тығыз жұмыстар жасалуда. Әлеуметтік желілерге вакцина жасауға шақыратын жарнамалар жарияланып келеді.
Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарын екпе егуге шақыру және әрі екпенің маңыздылығын арттыру мақсатында 1 шілдемен 15 шілде күндері аралығында вакцинаның 1 компонентін алған адамдар арасында ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен және ауыл кәсіпкерлерінің демеу­шілігімен акция бастау алған болатын. «Вакцина ал да, сыйлық ұтып ал!» атты акциясы жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Акцияға ауыл дәрігерлерінен екпе алған кез келген ауыл азаматтары қатысты. Қорытындысы бойынша ауылымыздағы «Аква Вилаж» ойын — сауық орталығының сертификатын 12 отбасы ұтып алды. 15 мың теңгелік ақшалай сертификатқа 5 азамат ие болды. Ең үлкен сыйлық – ұялы телефонды белбұлақтық Марина Заркумова ұтып алды.
Бүгінгі күні аталмыш акцияның екінші кезеңі бастау алған. Оның қорытындысы тамыздың ортасында жария болмақ.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»