ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНДЕ

ӨЛЕҢ  ӨЛКЕСІНДЕ

Тіл тағдыры

Қоғамның айтам індетін
Айту ол менің міндетім.
Қазақпын деп қалай айтамын,
Боп тұрса бүгін тіл жетім.

Жүрегім менің жаралы,
Басқа тіл билеп сананы.
Ұлтпын деп қалай айтасың,
Тіліңнің тайса жанары.

Ағалар қайда барасың,
Айыршы ақ пен қарасын.
Ойласаң ұлттың тағдырын,
Жүректің жазшы ау жарасын.

Тіліміз бүгін жоғалса,
Жеріміз ертең тоналса,
Кеудемсоқ келімсектерге,
Салт-дәстүрім таланса.
Ошақтың оты сөнеді ау,
Орнында қалып қоламса.

Қарттардың ойла жан-мұңын,
Қиналып жүрген әр күнін.
Қолға алайық ағайын,
Тіл тағдырын дәл бүгін.

Басқа тілді тастайық,
Ешкімнен бұйрық тоспайық.
Ана тілді бауырлар,
Отбасынан бастайық.

Ей Астана, жас қала,
Еліктеме басқаға.
Дүбәрә тілде шүлдірлеп,
Боп жүрме кейін масқара.

Тіліңнің кетсе құнары,
Үйіңнің сөнер шырағы.
Олжа боп кетер бөтенге,
Бабаңның мінген пырағы.

Ұлдарым қайда семсердей,
Қыздарым қайда көркемдей,
Қорғап қал ана тіліңді,
Аман тұрғанда өртенбей,
Күлкі болмай басқа ұлтқа,
Күніңді ойла ертеңгі ей.

Ел серкесі ағалар,
Көтерер жүкті қара нар.
Өзгеріс енгіз Заңдарға,
Тіліміз бүйтсе жоғалар.
Үміт күтеміз сендерден,
Уақыт жетті қолға алар.

Өзбекті анау қарашы,
Бөтен тілді байлаған.
Әзірбайжанды қарашы,
Өз тілінде сайраған.
Қырғызды анау қарашы,
Ана тілінде тойлаған.
Келешегін ұрпақтың,
Күні бұрын ойлаған.
Ал қазаққа қарашы,
Орыс тілі жайлаған.

Орысша тілде жиын қып,
Басыма түсті қиындық.
Биліктен көмек болмаса,
Бір Аллаға сыйындық.

Бақытым жанып өрлесе,
Дауысым көкті кернесе.
Тілейтінім Алладан,
Тіліміз мәңгі өлмесе!
Таңдайдың кетпей татымы,
Жанары тілдің сөнбесе.


Ауыл қалай, баяғы қалпында ма?

Ауыл қалай Жексембай, ауыл қалай?
Жүректің ауылды ойлап ауырғаны ай.
Жайлауда малын бағып жүрген шығар,
Медросыл, Нұрболат бауырлар ай.

Ауыл қалай баяғы қалпында ма,
Аман ба ағаларым алтын жаға.
Істеген істерінен үлгі аларлық,
Берекесі, бірлігі қартында ма?

Ауыл қалай баяғы қалпында ма,
Қызықпайтын ақшаға, алтынға да.
Ауылда аманба екен аналарым,
Ұстанған ата-баба салтын ғана.

Ұлдарға жол көрсетіп күнім деген,
Қыздарға қырық үйден тыйым деген,
Әулетті бір қария басқаруыш еді.
Шешімін әрбір істің түйіндеген.

Үш жыл өтті ауылға бара алмадым,
Көп жайды санаға сап сараладым.
Күйбеңдеп шаруасымен жүрген шығар,
Ақкөңіл, аңқылдаған ағаларым.

Әр үйдің жанып тұрған шамшырағы,
Қалжың айтсаң сөзінен бал шығады.
Ауылда аман ба екен жеңгелерім,
Мейірлі немеренің жан шуағы.

Қылыш мінез аман ба інілерім,
Аға деп артымыздан жүріп едің,
Орнына үлкендердің еңбек етіп,
Әр істі айтқызбай ақ біліп едің.

Аттаған ақниетпен босағадан,
Қолдары бесігінен босамаған.
Аман ба кербез мінез келіндерім.
Жат қылық, жаман әдет жасамаған.

Аузында тәубасы бар кәрі аман ба?
Сардалам, тауым тасым бәрі аман ба?
Кисе киім, жесеңдер тамақ болған
Төрт түлік қорадағы мал аман ба?

Өздері бақилық боп озды өмірден,
Қимас дос, құрдастардың жары аман ба?
Ертеңгі болашақтың туын ұстар,
Шыбықты ат қып мінген бала аман ба?

Қарағайлар сиреді деп естідім.
Суық қол сұғанақтар тонаған ба?
Таудағы су диірмен істеп тұр ма?
Пайдасын тигізіп еді көп адамға.

Бабамдар татулықпен жүріп өткен,
Ауылда ақиқаттың жолы аман ба?
Сағындым ауылымды ертең жүрем,
Құшақтап қарағайын тасын сүйем.
Тербетіп тал бесікте бізді өсірген,
Тәуба деп барлығыңа басымды ием.

 

Бексұлтан Көлбаев,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Талғар ауданының құрметті азаматы