Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігер мамандығы. Адамзат денсаулығы үшін күресіп, жанына араша түсетін дәрігер мамандығы қай кезеңде де қасиетті мамандық саналған.

Адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен жоғары құндылықтың жоқтығы айтпаса да белгілі. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылып жататын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық.

Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Медицина қызметкерлері күні мерекесі аталып өтті. Игі шарада аудан әкімінің орынбасары Барлық Төреханов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар ауданымыздың денсау­лық сақтау саласының мамандарын аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Салтанатты кеште аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков те сөз алып, бұл мереке — жаны қиналғанға жанашыр болып, дауа іздегеннің көңіліне демеу болған жандардың ерен еңбегі бағаланатын күн екенін айтып, медицина саласының үздіктерін облыстық «Nur Otan» партиясы басшылығының «Алғыс хаттарымен» марапаттады. Әсем кешті ауданымыздың мәдениет саласының майталмандары әуезді әндерімен әрлеп, жиылған қауымға сұлу сырлы әндерін тарту етті.