Журналист — өмір барлаушысы

Журналист — өмір барлаушысы

Батыстың үлкен өкілі, ойшыл Оскар Уайльд: «Ертеде кітаптарды жазушылар жазып, оқырмандар оқитын. Қазір оқырмандар кітап жазады, ал оны ешкім оқымайды», — деген пікір осы біздің заманымызға тура келетіндей. Қазір біздің қоғам кітап оқуды қойды. Тіпті газет-журнал беттеріне үңілуден де қалып барады. Кезінде әлемнің ғажайып құбылыстарын білуге күш салған ғұлама Сократ бір сөзінде: «Менің білетінім, мен өзімнің түк білмейтінімді ғана білемін», — депті. Бұл құпиясы көп ғаламның қонағы — адамзаттың ана дүниеге еш нәрсені де түсінбеген қалпы аттана беретінін меңземей ме?

Жас кезімнен арманым — журналист болу еді. Болдым. Бірақ бүкіл ғұмырымды арнаған осы мамандықтың «инемен құдық қазғандай» машақаты мен мехнаты көп жұмыс екенін ұқтым. Журналистика — өмір мектебі болса, ал журналистер — өмір барлаушысы екенін түсіндім. Қарапайым халықтың мұң-зары мен қайғы-қасіретін, бастарынан өткеріп жатқан қиындықтарын дер кезінде теледидар бетінен көрсетіп, газет беттерінде ақиқатын айтатын осы бір журналистерден де биік тұратын мамандық иелерін көргендерің бар ма? Бар деп айта алар ма екенсіз? Өйткені бұл кәсіп иелері өздерін халықсыз елестете алмайды, олар — қоғамды кір-қоқыстан тазалаушы санитарлар. Шерхан Мұртаза бір мақаласында осылай деп еді.

«Өмірде — аялдама жоқ, шаршасаң да тоқтай алмайсың» — деп бір ғұлама айтқандай, қолыма қауырсын қаламды ұстап, баспасөз бетінде мақала жаза бастағанда, он жеті, он сегіздегі бозбала едім, енді міне, басын ақ қырау шалған зейнеткер журналиспін. 28 маусым баспасөз қызметкерлерінің төл мерекесі. Мен барлық әріптестерімді осы мерекемен құттықтай отырып, оларға жер бетіндегі адамды қуанышқа бөлейтін барлық жақсылықтарды тілеймін!

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»