Қолың шипа, дертке дауа сөздерің

Қолың шипа, дертке дауа сөздерің

Кез келген адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақандарының жылуын сезінеді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына — дауа, тәніне — шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалайтын ақ желеңді абзал жандар. Ал, медицина қызметкерлерінің мерекесі — ақ халатты абзал жандардың, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы, адам өмірінен асқан қымбаттылық жоқ екенін бағалай алатын мамандардың төл мерекесі. Іс жүзінде ақ халаттыларды басқа кәсіп өкілдерінен ерекшелендіретіні — халық игілігіне қызмет ету, ерекше қайсарлық пен мейірімділік дер едім.

Осындай асыл қасиеттерді тұла бойына дарыта білген айтулы саланың білікті маманы Сайынов Ернат Бауыржанұлының да ел игілігі үшін атқарған еңбектері ерен.

Тарқатып айтар болсақ, ол — Райымбек ауданы, Қақпақ ауылындағы орта мектепті 2005 жылы тәмамдап, сол жылы Асфендияров атындагы Қазақ Ұлттық Медициналык университетінің «емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Студент кезінен медицина саласына бет түзеп, Алматы қалалық жедел-жәрдем ауруханасында фельдшер болып еңбек жолын бастайды. 2012 жылы Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне терапевт болып ауысып, 2013 жылдан 2018 жылға дейін жан сақтау бөлімінде реаниматолог- анестезио­лог қызметін абыроймен атқарады. Осы уақытта аудандық аурухананың жұқпалы ауруларды емдеу бөлімінде қызмет етіп, елімізді жайлаған індетпен күрес жолында өмір мен өлім арасында арпалысқан жандарға жәрдем көрсетіп келеді. Одан бөлек «А class Medical» ЖШС-нің гемодиализ бөлімінің меңгеруші қызметін қатар алып, нефролог дәрігер болып жұмыс жасауда.

Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын Ернат Бауыржанұлы: «Еліміздің басынан өтіп жатқан сын-сағаттарда әр науқастың дертіне дауа, еміне шипа болатындай қызмет етіп, қолдан келген көмекті көрсету антына берік әр медицина қызметкерінің азаматтық борышы деп білемін» — дейді.

Дәрігер деген – ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып, соларға сенім артуда. Себебі жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен күнге белең алып, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертке айналып үлгерді. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүргендердің еңбегі орасан зор екені ақиқат.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»