Көк тудың желбірегені

Көк тудың желбірегені

«Бөрілі байрақ астында, бөгеліп көрген жан – емен. Бөрідей жортып кеткенде, бөлініп қалған жан – емен», депті Сүйінбай Аронұлы. Желбіреген Туының жығылмауын тілеген, ұлтының ұлылығына бас иген ұлдың сөзі еді бұл.

4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні аудан жастары мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау арқылы оларға құрмет көрсету, азаматтардың туған еліне деген патриоттық сезімін ояту мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық және ауылдық жастар ресурстық орталығы жастарының ұйымдас­тыруымен автошеру өткен еді. Атаулы шара аудандық Мәдениет үйінің алдында мемлекеттік әнұранымызбен салтанатты түрде ашылды. Көк байрағымызды желбірете ілген автокөліктер Талғар қаласының және ауылдық округтердің орталық көшелерімен жүріп өтіп, «I love Talgar» деп көрнекілік жазумен жазылған төбеге тоқтады.

Ел тірегі – елжанды ұрпақ. Ал мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көрініс­терінің бірі. Сондықтан болар, шараға жастар қауымы көптеп тартылды.

Көк Туымен тұғырлы болған Қазақ елі мәңгіліктің даңғылына түскен кер уен көшінің өн бойында жаңа заманның жылы лебі еседі. Шұғылалы күннің астында қалықтап ұшқан қыран да қазақтың алар биігі асқақ екенінен сыр шертетіндей.

Талғар — ақпарат