Көк туды желбіреткен азамат

Көк туды желбіреткен азамат

Түрлі спорттық додаларда топ жарып, Туымызды желбіретіп жүрген саңлақтардан ауданымыз кенде емес. Солардың қатарында еркін күрестен чемпион атанған Қайпанов Нұрқожа Аралбекұлы. Жуырда мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Ақдала ауылындағы №44 мектеп ұжымы спортшы ауылдастарын мерекемен құттықтап қайтты.

Қайпанов Нұрқожа Аралбекұлы 1998 жылы 21 маусымда Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. 1-3-сыныпты Арал қаласында, 4-6 -сыныпты Ақтөбе қаласында оқыған. 4-сынып оқып жүрген кезінен еркін күреспен айналысқан. Еркін күреске қызығушылығы оянған сәттен бастап, 15 күннен кейін облыстық жарысқа қатысып, 3-орын иеленген. 1 жыл ішінде Ақтөбе облыс­тық жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған. 6-сыныпты аяқтағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы спорттық мектепке түскен. 16 жасында чемпион атағын алып, әлемдік деңгейдегі жарыстардың қатысушысы болған. 7 рет Қазақстан Республикасының чемпионы атағын алған. Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы колледжді бітіріп, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ІІІ курс студенті.
Ата-анасының да спортқа деген қызығушылықтары жоғары. Екеуі де жеңіл атлетикамен айналысқан. Отбасында 2 ұл. Інісі Құрманбек Қайпанов еркін күрес жүлдегері. Нұрқожа үйленген, жары Марина еркін күрес­тен 4 дүркін әлем чемпионы. 2020 жылдан бері Талғар ауданына қоныс аударып, қазіргі таңда Ақдала ауылында тұрады.
Небәрі 23 жасында аталмыш белестерді бағындырып, орасан жетістіктерге жеткен ауылдасымызды мақтан тұта отырып, соңы­нан ерген інілеріне үлгі болады деп сенеміз.

Кеңдала ауылдық
округі әкімінің аппараты.