Алты соғыстан аман қалған ардагер

Алты соғыстан аман қалған ардагер

Қан майданнан оралған майдангер аталарымыз бен әжелеріміздің қатары күн озған сайын сиреп, бүгінде санаулысы ғана қалды. Ортамызда жүрген ардагерлеріміздің ғибратқа толы әңгімелерін тыңдап, көңілге тоқудың өзі бір ғанибет. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған қарт майдангер Талғар қаласының тұрғыны Краснослав Маценко 1941 жыл мен 1946 жылдар аралығында алты шайқасқа қатысып, жау әскерлерімен табанды күресіп, ерлік көрсеткен соғыс ардагері.

Краснослав Маценко — 1925 жылы Одесса облысының Анетовка ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Отбасында одан басқа екі ұл, бір қыз бала болған екен. Мектепті бітірісімен Комсомольск-на-Амуре қаласындағы фабрика-заводтық оқу орнында ағаш ұстасы мамандығын игеріп, алған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтаған. Сол кездері халық басынан өте ауыр кезеңді өткізіп жатқан еді. Отбасында ішерге ас болмайтын. Өлместің күнін көріп жүрген күндердің күнінде анасы мен бауыры аштықтан көз жұмады. Одан кейін араға жылдар салып, 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Небәрі он алты жасар Краснослав Феофанович өз еркімен әскер қатарына жазылып, 120-шы минометты батальонның 3-ші қосалқы полкіне түседі. 1942 жылдың қазан айында Сталинград түбіндегі марштық ротаның 78-ші атқыштар дивизиясына жіберіледі. Ол мықты байланысшы болады. 1943 жылдың қаңтар айында Сталинград түбіндегі шайқастың бірінде жараланып, басынан ауыр жарақат алады. Алдымен Котово қаласындағы дала госпиталінде емделіп, кейін Челябинскіге денсаулығын түзеу үшін жіберіледі. Алған ауыр жарақатынан жазылған бетте қарауыл ротасына түсіп Шығыс майданына жасырын қару-жарақтарды жеткізушілердің қатарында болған. Одан кейін тағдыр оны Уссурийск қаласындағы 918-ші жеке байланыс батальонынан бірақ шығарған. 1945 жылы Жапон әскерлерімен болған соғыс пен Солтүстік Кореяны азат етуге атсалысқан. Харбин қаласы мен Ляодунский түбегін, Дальян қаласын, Порт-Артур қалаларын азат ету жолында бес жыл бойы шайқасқа қатысқан. Краснослав Феофанович соғыс жылдарында жаяу әскер қатарында, теңіз флотында, байланыс саласында да ерлік көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатуда күрес­кен жан. Осындай ерен ерлігі үшін «Сталин» орденімен, «Отан соғысы 1-ші, 2-ші дәрежелі» медальдарымен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кореяны азат еткені үшін», «Ерлігі үшін», «Соғыстағы ерлігі үшін», «Жуков» ордендерімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары еліміздің өркендеуі жолында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосқан.

Биыл 96 жасқа толып, Ұлы Жеңістің 76-шы мерекесін тойлап отырған Краснослав Маценкодай ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»