Қарт жауынгердің тілегі – бейбіт өмір

Қарт жауынгердің  тілегі – бейбіт өмір

Фашист басқыншыларына қарсы қанқұйлы соғысқа 35 миллион кеңестік жауынгер қатысқан болса, олардың 1 млн 366 мыңы қазақстандықтар еді. Солардың қатарында Абдрахим Садықов ақсақал да бар.

Ұлы Отан соғысы басталған шақта Абдрахим Садықов небәрі 16 жаста еді. Ол 1922 жылдың 26 шілдесінде Талғар қаласында дүниеге келген. 1933 жылы Сталин атындағы мектепке қабылданып, оны 1942 жылы бітіріп шығады. Жастығына қарай әлі де әскер қатарына шақырылмаған боз-балалар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп күн демей, түн демей тылдағы қиын жұмыста белдері бүгілген аналарына, егде жастағы ата-әжелеріне болысып, тынымсыз еңбек етті. 1943 жылы жасы он сегізге толған ол бірден жеделдетілген әскери қызметке шақырылып, алдымен Хабаровск өлкесінің Красная Речка ауылында бірнеше ай Генерал Рокосовскийдің қарамағындағы әскери бөлімшеде әскери дайындықтан өтеді. Осыдан соң еліміздің шығыс аймағындағы Жапон майданына аттанады. №59 атқыштар полкінің құрамында Жапон әскерімен кескілескен шайқастарға қатысады. Совет әскерлері алдымен Жапон елінің Мулин, Мудазьян қалаларын басып, көп ұзамай Мугден қаласына да кіреді. Осылайша, күн-түн демей мыңдаған шақырым жолды жүріп өткен совет жауынгерлері кескілескен шайқаста жеңіске жетеді. Күндізгі шыжыған ыстық, түнгі суық, азық-түліктің тапшылығы, жол азабы сынды қиындықтар жауынгерлердің сағын сындыра алған жоқ, керісінше жігерін жанып, намысын қайрады. Барлығының бір ғана мақсаты — жауды жеңіп, туған елге оралу еді. Ақырында жапон солдаттарымен болған қанды шайқастың нәтижесінде совет әскерлері Харбен қаласын да басып алады. Осылайша, совет жауынгерлері Қиыр Шығыстан қауіп төндірген жапон әскерін күл-талқан етіп жеңеді. Абдрахим ақсақал бұл жеңіске генерал Жуковтың шебер басшылығының арқасында жеткендіктерін жиі еске алады. Жеңіс көктемін Қиыр Шығыста қарсы алған ол туған елге тек 1950 жылдың жазында аман-есен оралады. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін Абдрахим Аляұлы «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен, «Жапония жеріндегі жеңісі үшін», «Кеңес Одағы маршалы Жуков» атындағы және «Жеңістің 20 жылдығы» медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Талғарға келген жылы қаламыздағы механизация техникумына оқуға түсіп, электрмен дәнекерлеуші мамандығын игеріп шығады. 1953 жылы Талғар аудандық электр станциясында монтер болып жұмыс істейді. Осы салада табаны күректей 40 жыл еңбек етеді. Жиырма жеті жасында Ульяна Бавдунқызымен отау құрған. Дүниеге екі ұл, бір қыз әкеліп, тәлімді тәрбие беріп өсірген аяулы жандар. Бүгінде бала-шағасының ортасында немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған қарт жауынгер ешқашан да соғыс болмаса екен деп тілейді.

Райхан Азимова,
«Талғар»