Ағалар еккен ағашқа балалар саялайды

Ағалар еккен ағашқа  балалар саялайды

Пафосқа толы шаралардан гөрі қоғамға, қоршаған ортаға пайдасы зор акциялардың қатарына енген ағаш егу науқанына соңғы кездері тиянақты мән беріліп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынған игі бастаманың бір ұшын Талғар ауданы да іліп алып, абыроймен жалғастырып жатыр. Наурызда басталған «Бір тал кессең, он тал ек!», «Әр жанұядан бір тал» акциялары аясындағы ілкімді істердің ізгі жолында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де біркісідей атсалысып келеді.

Бөлімнің басшылығымен мәдениет, кітапхана қызметкерлері, үйірме қатысушылары сәуір-мамыр айларында 500-ден астам ағаш көшетін отырғызған. Жуырда табиғат жанашырлары қарағай, қайың, өрік, тал-терек сынды ағаш түрлері бар тағы да 130 көшет отырғызды. Бұл жолы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш аумағын көкжелекке айналдыруға көңіл бөлінген екен. Аудандық қана емес республикалық деңгейде маңызы бар нысанды абаттандыруға аудандық аналар кеңесінің төрайымы М.Ордабайқызы, аудан әкімдігінің қызметкерлері де қатысты. Желтоқсаншылар бірлестігінің мүшелері де маңызды шарадан қалыс қалмай, 30 түп ағаш көшетін отырғызып, күтіп-баптауды өз жауапкершіліктеріне алды. Үш сауаптың бірін бірлесе атқарған белсенділер игі істі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арнап отыр.

Айта кетелік, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ф.Бегенбаеваның бастамасымен, табанды өтінішімен ұлттық саябақтан 4,5 мың ағаш көшеттері алынған еді. Олар округ әкімдіктеріне, маңызы бар мекемелер мен кәсіпкерлерге таратылып берілген.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»