Қорғау – бәріміздің парызымыз

Қорғау – бәріміздің  парызымыз

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап аталып келеді. Оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен болатын. Оның басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Әлемнің 122 еліндегі 800-ге жуық тарихи-мәдени құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Табиғаты сырлы Талғар өңірі де тарихи және мәдени ескерткіштер сырын бүгіп жатқан аймақтың бірі. Аймақта бүгінде 24 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның ішінде көненің көзіндей, тарихтың өзіндей сыр шертетін «Талхиз» қалашығы 2014 жылы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 33 көне қоныстың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Ал «Киелі жерлер» тізіміне Әлмерек абыз кесенесі мен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған ескерткіш енген. Өлкемізде Елбасының бас­тамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлерді зерттеу, сақтау және насихаттау ісі жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр. Бұл саладағы іс-шаралардың басты бағыты өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталып отыр. Осындай тарихи маңызы бар ескерткіштерді қорғау тек қана тиісті органдардың емес, бәріміздің де парызымыз екенін ұмытпайық.

«Талғар-ақпарат»