«Педагог мәртебесі»: Ұстаздардың құқығы бұзылса 120 АЕК айыппұл салынады

«Педагог мәртебесі»: Ұстаздардың құқығы бұзылса 120 АЕК айыппұл салынады

Алматы облысындағы орта білім беретін мектептерде профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 132 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде 67-і өрескел құқық бұзушылыққа жатады. Тексерік қорытындысы бойынша, 22 мектепке анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізілді. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі білім беру қызметін ұйымдастыру қағидалары талаптарының орындалмауы болып отыр.

«Педагог мәртебесі» Заңының талаптары бұзыла отырып, 14 мектепте білім беру ұйымдарының педагогтерін бес жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыру курстарынан өткізуге жағдайлар жасалмаған»,-дейді Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Сәуле Нұраханқызы.

Департамент өкілдерінің арнайы бақылауы барысында, 4 мектепте денсаулықтарына байланысты үйден оқитын балаларға арналған жоспарлар үлгілік оқу жоспарларына сәйкес келмейтіндігі белгілі болған.

Сонымен қатар, құжаттарды жүргізу бойынша 10 мектеп, материалдық-техникалық базалары төмен, сондай-ақ бірінші санаттағы мұғалімдердің үлесі біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін 2 мектеп анықталып отыр. Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің құзыреттілігіне білім мекемелерін лицензия беру функциясы да кіреді. Лицензиялау толығымен «Е-лицензиялау» мемлекеттік мәліметтер базасы арқылы электронды нысанда жүзеге асырылады. 2021 жылдың басынан департаменттің «Е-лицензиялау» мемлекеттік мәліметтер базасына 300 өтініш түскен. Өтініштерді қарау нәтижесінде 1 бастауыш мектепке білім беру қызметімен айналысуға лицензия беріліп, 289 лицензия және (немесе) лицензияға қосымша қайта рәсімделді.

«Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың толық болмауына байланысты 1 кешкі (ауысымдық) мектепке лицензия, 9-колледжге лицензияға қосымша беруден дәлелді бас тартылды»,- деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, педагогтердің құқықтарын қорғау – Департаменттің кредосы болып саналады. 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Департамент құзырына педагогтердің құқықтарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар мен ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту кіреді. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабына 20-дан 120-ға дейін АЕК мөлшерінде айыппұл сала отырып әкімшілік жауапкершілікке тарту нормасы енгізілді.

Қоғаммен, педагогтермен тығыз байланыс орнату, олардың сұранымдары бойынша нақты шаралар қолдану – департаменттің принциптік мәселесі болып қала бермек.