Ономастикалық кеңістік ұлттық сипатқа ие болып келеді

Ономастикалық кеңістік ұлттық  сипатқа ие болып келеді
Аудан әкімдігінде ұлттық санақты сапалы өткізу мақсатында 2018-2019 жылдары облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған көшелерді «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізуге арналған жиын ZOOM платформасы арқылы өткізілді.
Жиынға ауданға қарасты қала, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары мен тілге жауапты мамандары қатысты. Үш мәселе қаралған күн тәртібінің алғашқысы «2020 жылдың қорытындысы және 2021 жылдың І тоқсаны бойынша аудандағы тіл және ономастикалық ахуал» төңірегінде болды. Ол бойынша баяндама жасаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ұлттық ономастика – мемлекеттік идеологияның негізгі тіректердің бірі екендігін баса айта келе, өткен жылы атқарылған оң шаруаларды тізіп шықты. 2020 жылы облыстық ономастика комиссиясының қарауына 101 көше ұсынылса, биылғы жылдың І тоқсанында 233 көше жіберіліпті. Ал 2018-2019 жылдары ұсынылған атаулардың ішінде 624 көшені өзгерту туралы оң шешім шыққан. Оның 493-і ресми тіркеуден өтсе, 131 көше әлі күнге тіркелмей келеді. Бөлім басшысы тарапынан түрлі себептермен тіркеуден өтпей жүрген соңғы цифрға қатысты тиісті өңір басшыларына ескерту жасалып, жұмысты жандандыру қажеттігі қатаң айтылды. Осыған байланысты Қайнар, Бесқайнар ауылдық округі мен Талғар қаласы әкімдерінің есептері тыңдалды. Жалпы көшеге атау беру, қайта атау мәселелері республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа ала жүргізілуде. Фарида Мамырбекқызы бұдан бөлек аудандағы тіл ахуалына тоқталып, кіріс-шығыс құжаттарына келгенде әлі де енжарлық бар екенін баса айтты.
Келесі мәселе бойынша сөз алған аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Д.Мұқанов Әділет департаментінде тіркелген 493 көшенің «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізілгендігі туралы хабардар етті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Әшімахұн ономастика мәселесін қатаң бақылауға алатынын ескертті. Сондықтан ширақ жұмыс істеп, бірыңғайландыру керектігін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ