Карантин талаптары күшейтілді

Карантин талаптары күшейтілді
Адамзатқа зор қауіп төндірген коронавирус індетінің беті қайтпай тұр. Жасыратыны жоқ, аты жаман вирустың мутацияланған штамдарының пайда болуы қоғамды қатты алаңдатып отыр. Індетті жұқтырғандардың саны күрт өршуіне байланысты еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделенгені де белгілі. Іргеміздегі Алматы қаласы «қызыл аймаққа» еніп, санитарлық сақтану талаптары күшейтілсе, Алматы облысында да қатерлі дерттің өршу фактілері айқындалып отыр. Өңірдегі эпидахуалға көз жүгіртсек, соңғы деректер бойынша бір тәулікте 220 адам індеттің ілмегіне іліккен. Сәуірдің бірі күнгі нәтижелерге сәйкес, зертханалық талдау қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам адамнан вирус табылғандығы анықталған. Олардың 6492-де ауру белгілері бар болып шыққан. Сәйкесінше, аймақта індеттің өсу қарқыны 1,6 % -ды құрап отыр.
Талғар ауданы да аты жаман жұқпалы індеттің өршуі жағынан «алдыңғы қатарларда» тұр. Ауданда коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап өсіп келеді. Соңғы екі аптада 2856 адам ПЦР сынамасын тапсырып, оның 225-і КВИ бойынша оң нәтиже берген. Тың деректерге сүйенсек, бүгінде аудан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 242 науқас аудандық ауруханада ем алып жатыр, оның 12-сі ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде. Ауданда 12 мобильді топ жұмыс жасауда.
«Сақтықта қорлық жоқ» деп тегін айтылмаған. Ең алдымен қатерлі дертті жұқтыруға жол бермеу үшін әрбір адам сақтық шараларын қатаң ұстануы керек, дер кезінде ем-дом қабылдаудың да маңызы зор. Ең бастысы, вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыра отырып, індетті тізгіндеу мүмкін болмақ.
Бүгінгі таңда ауданда қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалды ескере келе, Талғар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Б.Ус­пановтың «Алматы облысы Талғар ауданының аумағында карантин режимі және кейбір шектеу шараларын енгізу туралы» Қаулысы 1 сәуірден бастап күшіне енді. Қауіпті коронавирус дертін жұқтырғандардың саны күрт өсуіне байланысты қабылданған қаулы негізінде шектеу шаралары күшейтіліп отыр.
Сол талаптардың бірқатарын атап өтсек, қоғамдық тамақтандыру объек­тіле­рінің, оның ішінде алып кету, жет­кізіп беру қызметін қоспағанда, жұмысы уақытша тоқтатылады. Мектепке дейінгі балалар мекемесінің 15 баладан аспайтын кезекші топтарынан басқасының, балаларды сауықтыру лагерлерінің, түрлі ойын-сауық нысандарының (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, боулинг орталықтары т.с.с.), сауда-саттық орталықтарындағы жабық балалар ойыны алаңдарының, кинотеатрлар мен мәдениет нысандарының, СПА салондарының, бассейндер мен спорт кешендерінің қызметі тоқтатылып, діни объектілерде құлшылық етуді өткізуге тыйым салынды. Әсіресе індеттің таралуына тікелей себеп болатын адам көп шоғырланатын іс-шараларды, атап айтсақ түрлі той-томалақ, мерейтойлар, құдайы тамақ сияқты дүниелерді өткізуге қатаң тыйым салынды. Сенбі, жексенбі күндерінде жабық сауда базарларының, монша, сауна жұмысына шектеу қойылса, тіпті ашық сауда орындарының қызметі де жексенбі күндері жабылады. Колледждер мен мектептердегі білім беру қашықтан жүзеге асырылатын болады. Бұл қаулыда көрініс тапқан бірқатар шектеу шаралары ғана. Оған қоса санитарлық және дезинфекциялық өңдеу жүргізу шараларын жүргізу тәртібі, бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары да қатаң сақталу керектігі айтылған. Қоғамдық көліктерге, «Қазпошта» бөлімшелері мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, екінші деңгейлі банктердің жұмысына, дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінің, халыққа байланыссыз қызмет көрсету объектілерінің, бизнес-орталықтарының, алдын-ала жазылу бойынша қабылдау жүргізу міндеттелген медициналық орталықтардың, сән салондары мен шаштараз қызметін жүзеге асыруға қатысты қойылатын шектеулер мен талаптар да күшейтілген. Сайып келгенде, осының бәрі күрт өскен қауіпті дерттің әрі қарай жайылып кетпеуіне бағытталып отырғаны анық. Айта кету керек, карантин режиміндегі бірқатар шектеу шараларының ұзақтығы «COVID-19» коронавирус инфекциясының таралу жағдайының өзгеруіне байланысты болмақ. Өзіміз көріп отырғандай арқаны кеңге салып, босаңсуға еш негіз жоқ! Олай болса, аталмыш аурудың қаншалықты қауіпті екенін бір сәтте естен шығармай, бетперде режимін, сақтық шараларын мүлтіксіз орындап, өзімізді де, өзгені де қауіпті дерттің кесапатынан сақтауға тырысайық!
Райхан Азимова,
«Талғар»