«АШЫҚ БЮДЖЕТТЕРДІҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ»

«АШЫҚ БЮДЖЕТТЕРДІҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бюджет қаражатының шығысы бойынша ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету, азаматтардың мемлекетке деген сенім деңгейін арттыру, сондай-ақ тиімді диалог платформасын құру мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» (publicbudget.kz) жобасын жүргізуде.
Бүгінгі күні карта қоғамдық бақылау мен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құру жөніндегі тапсырмасын іске асырудың пәрменді тетігіне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша кеңесте аталмыш ақпараттық жүйенің тиімділігі жоғары екенін атап, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы 7 триллион теңгеден астам бюджет қаражатының жұмсалуы бойынша ақпараттың қол жетімділігін қамтамасыз етті» деген болатын.
Бұл бастама сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы бойынша жүзеге асырылатын ТМД кеңістігіндегі бірегей жоба екендігін айта кету керек.

Картада нақты уақыт режимінде облыстағы әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінген бюджеттік қаражат туралы, жеткізушілер туралы ақпарат, бөлінген сомалар, құрылыс мерзімдері, кепілдік міндеттемелер және басқа да ақпараттар көрсетіледі. Республиканың кез келген азаматы картаның көмегімен облыстағы әлеуметтік нысандарға қанша қаражат бөлінгенін біле алады, сонымен қатар бюджеттік шығындарды бақылайды. Сомалар бойынша келіспеушіліктер немесе сәйкессіздіктер болған жағдайда, азамат белгілі бір бағыттарға қаражат бөлу туралы өз бастамаларын жасауға құқылы.
Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражат арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда азаматтар осы картада пікірлерін қалдыра алады.
                                              
«JETISẎ ADALDYQ ALAÑY» жобалық кеңсесі