АБЫРОЙ БИІГІНДЕ

АБЫРОЙ БИІГІНДЕ
Ізгілікті қоғамның іргетасы тамырлы тектіліктен бастау алады. Өмір заңы – ұрпақ өседі, алмасады, заман өзгеріп отырады. Дегенмен қай кезеңде де еліне ес, жеріне қорған болған, білімі терең, ақылы дария біртуар тұлғалардың жөні бөлек. Сондай өресі биік, жаны тұнық, жайсаң азаматтың бірі –Алматы облысы, Талғар ауданы, қазіргі Тұздыбастау ауылының тумасы, ұзақ жылдар партия, кеңес саласында жауапты жұмыстар атқарған қалаулы қызметкер, қажырлы қайраткер, бүгінде 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отырған абыз ақсақал, Талғар ауданының, Алматы облысының «Құрметті азаматы» Нұрсейіт Құдықұлы.
Осынау пайым-парасаты кең, тіршілік тамырын тереңге тартқан абзал азаматпен 50 жыл сыйлас дос, 30 жыл құдай қосқан құда болып келе жатқанымды тағдыр сыйындай көремін. Нұрсейіт жайындағы аз әңгімені сол алғашқы таныстықтан бастағым келеді.
Мен 1971 жылы Алматы қаласына жақын іргелі шаруашылық – Калинин колхозының жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаториясына бас дәрігер болып жұмысқа орналастым. Алматыға жаңа барған бетім, ешкімді жақсы танымаймын. Бірінші жұмыс күнім аяқталуға таяп қалған. Кеңсенің қабылдау бөлмесіне бір жас жігіт келіп, мені сұрап жатыр екен, кабинеттен шығып сәлем бердім. Өзін таныстыра бастады:
– Менің атым Нұрсейіт, осы ауылдың тумасымын, көршілес Дзержинский селолық кеңесі төрағасының орынбасарымын. Мына жаңа ашылған дәрігерлік амбулатория екі колхозға ортақ, бізде фельдшерлік пункт қана. Түстен кейін ғана естідім, жаңадан, басқа жақтан бір жас дәрігер келіпті деп, содан әдейі танысуға келдім. Келген жерің – келісті орын. Колхоздарымыз қаламен шектесіп жатыр, халық тығыз орналасқан, жақсы азаматтар көп. Ертең ерте екі колхоздың басшыларымен басқармаға барып, өзім таныстырамын, – деп, ашық-жарқын кейіппен, бастырмалата сөйлеп, көңілімді бір жайлап тастағандай болды.
– Тәжірибем бар, ауылда, туған елімде үш жыл аурухананың бас дәрігері болып қызмет істеп келдім. Білімімді жетілдіру мақсатында аспирантураға сырттай оқуға түстім. Үш балам, жолдасым ауылда, орналасқан соң көшіріп аламын, – деп, мен де өз жайымнан шамалы мағлұмат бердім.
Сөйтіп, кең қолтық, ақ пейіл азамат бірден үйіріп ала жөнелді. Менің де ішім жылып, қобалжыған жүрек орнына түскендей. Джержинский кентінде үй салып жатыр екен. Қолында – кәрі анасы, жұбайы Құндызай, Әлия, Жаннат есімді, 5-6-лар шамасындағы тетелес екі қызы бар, мені таныстырып жатыр:
– Құндызай, шай жаса, ас қамда. Саған мына бір жаңа келген дәрігерді таныстыруға алып келдім… Нүкеңмен алғашқы таныстығымыз осылай басталды.
Ертеңінде айтқанындай, колхоз басшыларына таныстырды. Калинин колхозының төрағасы аймақ-атырапқа танымал Алдабергенов Қапан Тәліпұлы деген азамат екен, артынан туған ағамдай көріп, жақсы араласып кеттік. Өкініштісі, Қапекең жүрек талмасынан ерте қайтыс болды. Дзержинский колхозын Социалистік Еңбек Ері Н.И.Скворцов басқарды. Ол да үлкен шаруашылық ұйымдастырушысы, іскер басшы еді… Басқа да біраз жігіттермен таныстырды. Күн құрғатпай хабарласып, үйіне жиі барып жүрдім.
1972 жылы мамыр айында колхозаралық 50 орындық орталық ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалдым. Аурухана Калинин, Мигурин, «Горный садовод» колхоздарына қызмет етеді, аумағында 34 мыңдай халық тұрады.
Нүкең бір жылдан кейін Алматының Фрунзе ауданына қарасты Ядролық физика кентіндегі ең үлкен поселкелік кеңеске төраға болып ауысты. Қашанда жақсы, адал досым болды. Балаларымыз қатар өсті, жақын араласып, біте қайнасып, өмір сүрдік. Шешесі марқұмды қолымыздан арулап қойдық. Әлия, Жаннаттардың артынан Данияр деген азамат дүниеге келді. Үлкен той жасады. Сонда Талғар ауданының барлық атқамінер азаматтарымен таныстым.
Мен «Мичурин» колхозындағы орталық ауруханада 15 жыл бас дәрігер болып қызмет атқардым. Нүкең «Ядролық физикадан» ауысып, бізге селолық кеңестің төрағасы болып келді. Бірнеше жыл қоян-қолтық қызмет істедік.
90-жылдардың басында, еліміз тәуелсіздік алып, мемлекет құрылымы жаңадан құрылған тұрлаулы жылдары, дәлірек айтқанда, 1994 жылы Нұрсейіт аудандық мәслихаттың депутаты, хатшысы болып сайланды. Мен де бірінші шақырылымда мәслихат депутаты болдым. 1995 жылы Әлихан Тойбаев досымыз Қаскелең ауданына ауысып, әкім болып тағайындалды.1989 жылы санаторийге қызмет ауыстырғанымда да арамыз алыстаған жоқ, барлық жағдайларда бірге болдық.
Н.Құдықұлы еліміз тәуелсіз мемлекет дәрежесіне жеткен кезеңдегі жаңа бір құрылым, жергілікті өкілетті орган– мәслихаттың заңға сай құрылып, ел санасында орнығып, қоғамдық өмірде тұрақтануына барын салып еңбек етті. Тәуелсіздіктің күрделі кезеңінде, алғашқы жылдарында – экономика күйреген, жаңа мемлекеттік институттар мен құрылымдар әлі аяғынан тұра қоймаған, заңдық база қалыптаспаған, қаржы тапшы, жұмыс жоқ кезде аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Осы лауазымда оның іскерлік, ұйымдастырушылық, қайраткерлік қарым-қабілеті мейлінше ашылды. Содан кейін де ІІ, ІІІ шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, хатшылық лауазымын берік ұстады.
Елдің дамуына сай халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да өзгеріп отыратыны белгілі. Сондықтан да әрбір шақырылымдағы мәслихаттар экономика мен қоғамдағы маңызды рөлге ие болды. Сол жылдары мәслихат құрамына өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы бірқатар таңдаулы өкілдер сайланды, олардың көпшілігі өздерін қайраткер, іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде көрсете алды. Халық қалаулылары ретінде халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілектерімен көп жұмыс жасады. Қалың бұқара мен билік органдары арасында алтын көпір болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосты. Міне, осы баталы істердің бәрінің басы-қасында Нұрсейіт Құдықұлы жүрді. Мәслихаттың іскерлігін, беделін жаңа сатыға көтеріп, халық арасындағы абыройын арттыруға білгірлікпен, білімділікпен, тиімді еңбек ете алды.
Біздің, қандай қызметте, қай қиырда жүрсек те, өзара сыйластығымызға, бір-бірімізге деген құрметімізге қылау түскен емес. Қызмет бабымен қарбаласып, жиі араласа алмай кеткен кездері де бір-бірімізді іштей түсініп, сырттай тілектестік ауанында болдық. Аман-сәлеміміз әр уақытта бірқалыпты еді, таза қарым-қатынасымыз сақталып отырды. Мәслихат қабырғасында да мүдделес, үндес болып қызмет жасадық. Өмірден көргеніміз, көңілге түйгеніміз көбейіп, байсал тартқан сайын бір-бірімізге жақындаса, туыса түсуімізге ішкі жан әлеміміздің ұқсастығы, көзқарасымыздың бірлігі басты себеп екендігін терең сезінетінбіз.
Нұрсейіттің бiреудi жоғары лауазымына қарап бөлгенін ешқашан көрген емеспін. Ол кiм-кiмдi де кiсiлiгiне қарай бағалайды. Осы тұрғыда оның адамдық қасиеттерiне тәнтi болмау мүмкін емес. Н.Құдықұлы – бір басына ұлықтық пен кiшiктiктi, қарапайымдылық пен бекзаттықты бiрдей сыйғызған ғажайып жан. Ол бүкіл саналы ғұмырында қашанда өз мүддесінен гөрі қоғамның мүддесін жоғары қоя білді, ауыл-аймақ, ағайын-туыс, көрші-қолаңның ісіне ниеттес болып, ілгері басуын тіледі. Қандай да бір іс-шараға бастамашы болып қолға алғанда, ақыл айтудан бұрын қоса тындыруға өзі бейімділік танытты. Бойын өресіз сөзден, алып қашпа әңгімеден әрдайым аулақ ұстады. Көзі жетпей көлденең сөзге сенбеді. Ешкімнің сыртынан сын айтып, айбат көрсетпеді. Өмір сүрген ортасының қадірін түсірмеді, күйбең тіршіліктің деңгейінен үнемі жоғары тұрды. Қызмет бабында өзін қашанда салқынқанды ұстады. Орынсыз ашу шақырмады, дауыс көтермеді. Азаматтық ар-намысқа нұқсан келтірмеді, кімді болса да байыпты мінезімен сабасына түсіре білді. Атақ-абыройға, шен-шекпенге бас ұрмай, адал қызмет етті. Игі-жақсылармен иық тіресе жүріп, ежелден етене ауылдағы ағайындардан ерекшеленуді өзіне жат қасиет деп қабылдады. Өскелең ұрпақтың бетін қақпады, жас мамандарға қамқор болды. Қарапайым қызметшіліктен басталған қызметi ауылдық кеңес төрағасының орынбасары, төрағасы, шаруашылық партия ұйымының хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы дәрежесiне дейiн сатылап, өзiнiң адал еңбегiмен өстi.
Нүкең қандай жұмысқа бармасын жігерлі, сөзі өтімді, орысшасы мықты, айтқанын істетін бір сөзді басшы болды. Алдына мұқтаждықпен келгендердің шаруасын өз шаруасындай қабылдап, колхоз басшылары, аудан басшыларына барып шешіп беруге бар күшін салатын. Өте сауатты, салауатты азамат – екі тілге бірдей, баяндама жасағанда ағып тұратын. Қолында барды аямайтын, қолынан келгенше көмек беретін, ешкімнің бетін қайтармайтын. Сондықтан да қазірде құрметті демалыста болса да, беделі, абыройы, сөйлеген сөзі көптен артып тұрады. Құданың абыройлы екенін көріп, менің мәртебем көкке жетеді, мұндай дос, құда бергеніне Аллаға мың да бір шүкір айтамын.
Әлбетте, қазақтың абыройлы, ардагер ақсақалдары баршылық. Бiрақ дәл Нүкеңдей бүкіл саналы өмірін тынымсыз еңбекпен өткізген адам некен-саяқ деп ойлаймын. Нұрсейіттің бүгiнге де, келешек ұрпаққа да қалдырар, мақтанышқа лайықты басты үлгісі осы. Ой мен бойға бiрдей кенен, жаны жайсаң, сексенді алқымдаса да санаттан қалмай, туған елiнiң кәдесiне жарап, белсендi iс-қимылдың дертесiн талмай тартып келе жатқан ардагердің өткен өмiр жолы кiм-кiмге де өнеге.
Әбілхакім АҚМЫРЗИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Талғар ауданының және
Ақмола облысы Бурабай ауданының «Құрметті азаматы».

 


Құттықтаймыз!

Құрметті Нұрсеит Құдықұлы! Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Осынау өмір белесінде бар саналы ғұмырыңызды туып-өскен өлкеңіздің өсіп-өркендеуіне бағыштап, еселі еңбегіңізбен ел құрметіне бөленген азамат ретінде Сіздің өнегелі ғұмырыңыз көпке үлгі. Өмір баспалдағыңызға зер салар болсақ, жалындаған жас шағыңыз партия, ауылдық атқару кеңесі қызметтерінде өтіп, өзіңізге жүктелген міндетті абыроймен атқардыңыз.
Тұңғыш өткен мәслихат сайлауында халықтың зор сеніміне ие болып депутат атанып, аудандық мәслихаттың хатшы болып сайландыңыз. Бұдан кейінгі екінші, үшінші шақырылымда да осы тұғырдан түспей, ел игілігі жолында аянбай еңбек еттіңіз. Ауыртпалығы мен жақсылығы қатар жүретін өмір өрісінде қандай қызмет атқарсаңыз да әрдайым елмен емен-жарқын араласып, көптің сенімінен шығып, үкілі үмітін ақтауға тырыстыңыз. Қашанда адамгершіліктің биік үлгісін танытып, үлкенге құрмет, кішіге ақылшы аға болумен қатар, өмірлік мол тәжірибеңізге сүйеніп жас мамандарды тәрбиелеуде де өзіндік із қалдырып келесіз. Сіздің еселі еңбегіңіз елеусіз қалған емес. Омырауыңыздағы жарқыраған медальдар, сонымен қатар Талғар ауданының, Алматы облысының «Құрметті азаматы» атануыңыз да еңбегіңізге берілген жоғары баға деп түсінеміз.
Дана халқымыз:«сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп тегін айтпаған. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жайдары мінезіңізден таймай сергек жетіп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, жас ұрпаққа аталық ақыл-кеңесіңізді беріп келесіз. Бүгінгі мерейтойыңызда өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз!

Қиясына өмірдің өрлеп көрді,
Ел-жұрты үшін ерінбей еңбектенді.
Ортамыздың ақылшы ақсақалы,
Сеңгіріне сексеннің сергек келді.
Жаныңыз жаз, шуақ сепкен жүрегіңіз,
Бір әулеттің ұйтқысы бір өзіңіз.
Ақылшы боп, ардақты Ата болып,
Жүзге жеткін, осы біздің тілегіміз.

Тілек білдірушілер: Мұхтар Әлімов, Қалимолда Байболов, Жанат Байкенов, Самат Сарипов, Хамза Сүлейменов, Райхан Садықова, Мәриям Сихимбаева, Бари Теміралиев, Чапай Тазабеков, Асқар Сүлейменов.