Еңбегімен ер сыйлы

Еңбегімен ер сыйлы
Ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне бөленіп жүрген жандар біздің ауданымызда жетерлік. Білімі терең, тұлғасы кесек, өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұратын ағаларымыздың бірі – М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Жақсылық Сатылғанов дер едім. Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен жастар тәрбиесі жолында еш аянып қалмастан, тер төге еңбек етіп жүрген Жақсылық Қасабекұлы биыл зейнет жасына жетті.
Мектепті бітіре сала, жастайынан еңбекке араласқан Жақсылық Қасабекұлының еңбек жолы 1975 жылы суландыру желісінің Төменгі Шу басқармасынан бастау алған еді. Сонда екі жылдай техник-геодезист болып еңбек еткен жігерлі жас 1977 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының «Ауылшаруашылығын механикаландыру» факультетіне оқуға түсіп, оны 1982 жылы аяқтап, инженер-механик мамандығын алып шыққан. Тек қана білім алып қоймай, институттың қоғамдық жұмысына белсене араласып, комсомол комитетінің мүшесі болып сайланып, жатақхананың студенттік кеңесін басқарғаны да бар. Институтты аяқтаған соң туған топырағы Қордай ауданының «Алмалы» жеміс-шарап кеңшарына жұмысқа жолдамамен жіберіледі.Сол кеңшарда бригадир, машина ауласының меңгерушісі, қауіпсіздік техникасы жөніндегі аға инженері болып он жылдай еңбек етіп, 1992 жылдан 1995 жылдар аралығында «Алмалы» кеңшарының бас инженері қызметін атқарады. Кеңестік кезде білімі терең, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Басты талап – істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Жақсылық Қасабекұлы осындай табанды еңбегінің арқасында 1996 жылы Алматы облыстық техникалық қамтамасыз ету және жинақтау базасына директордың орынбасары болып жұмыс ауыстырады. Ал 1997 жылы Қордай ауданындағы «Өтеген» өндірістік кооперативінде бас инженер болып барып, одан кейін Алматы қаласындағы №6 автобус паркінде алдымен директордың орынбасары, кейінірек жабдықтау бөлімінің бастығы болады. Осындай өз ісіне мығым, жауапкершілікті желеу еткен, бекзат болмысты, үлкен жүректі азамат 2003-2007 жылдар аралығында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ассистент, аға оқытушы, агроинженерлік факультет деканының орынбасары, ҚазҰАУ ректорының көмекшісі қызметтерін атқарады. 2008 жылы «Агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық-салалық кластерлердің қалыптастыру және дамыту» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған-ды. Ал 2010 жылы Алматы аграрлық колледжінің директоры қызметіне бекітіліп, одан кейін ҚазҰАУ И.В.Сахаров атындағы «Көлік техникасы және тасымалдауды ұйымдастыру» кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Осы оқу орнында еңбек ете жүріп, қырыққа тарта ғылыми мақалалар мен әдістемелік нұсқаулықтар жариялады. Жас мамандарды тәрбиелеудегі еңбегі еленіп Министрліктің, университет басшылығының «Құрмет грамоталары» мен мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталғаны бар. Жақсылық Қасабекұлы 2012 жылдың 12 наурызында Талғар қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі – М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжіне директор болып тағайындалып, бүгінге дейін басшылық етіп келеді.
«Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, бүгінде экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының ұлттық машина және көлік ғылым академиясының академигі, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Жақсылық Сатылғанов ауылшаруашылығына білімді де білікті мамандар даярлап, білім саласына сіңірген ерен еңбегі үшін «Д.А.Қонаев атындағы» орденнің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің, Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалінің, Франция Республикасы Ұлттық өнеркәсіп ынталандыру компаниясының «Шапталь» Алтын төсбелгісінің иегері атанып, абырой биігінен көрінді. Отандық білім мен ғылым, инженерлік техника, ауылшаруашылығы секілді салаларда сүбелі еңбек етіп, зор жетістіктерге жеткен Жақсылық Қасабекұлы әрдайым өзінің қарапайымдылығымен ерекшеленіп келді. Биыл жемісті еңбегінің рахатын көрер зейнет жасына жеткен Жақсылық Қасабекұлының әлі де болса берер рухани азығы, жас мамандарға жол көрсетер бағыт-бағдары мол.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Тарихы тереңде жатқан Жамбыл облысының Қордай ауданының Қарасай ауылында дүниеге келіп, бүгінде қасиетті Талғар топырағында еңбек етіп жүрген Жақсылық Қасабекұлы өз бақытын еңбектен тапқан жан. Өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқарып бүгінде зейнет жасына жеткен арда азаматтың отбасы да басқаларға үлгі, өнеге тұтарлықтай. Құдай қосқан қосағы Джаныгулмен бірге 4 бала өсіріп-тәрбиеледі. Отбасындағы төрт ұлын төрт құбыласына балайтын жанашыр әке балаларынан заман талабына сай білімді, әрі білікті маман болуын талап етеді. Балаларының барлығы дерлік жоғары білімді, әр саланың тізгінін ұстаған білікті мамандар. Ең кенже ұлы Нұрсұлтан Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университетінде білім алуда. Үлгілі, ынтымағы жарасқан отбасының мәуелі бәйтеректері бүгінде 8 немересінің ардақты ата-әжесі болып отыр.
Елге жасаған елеулі ісі де, арқалаған абыройы да Жақсылық Қасабекұлына ендігіде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешуіне даңғыл жол ашатынына сеніміз мол.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»