«Жағажай волейболының» саңлағы

«Жағажай волейболының» саңлағы
«Зерденің жұмысын жақсартуға аса маңызды жағдай жүйкелердің саулығы болып саналады, бұған дене жаттығулары аса қажет», — депті педагог К.Д.Ушинский. Дене жаттығуларын ұдайы жасап отырған адам — дені сау, төзімді, әрі ақыл-ой жүйесін дамытуда да үлкен жетістіктерге жететінін ғылым екені әлдеқашан дәлелдеген. Демек, «Жаны саудың, тәні-сау» деп дана халқымыз бекер айтпаған болар. Талдыбұлақ ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының түлегі, волейболдан спорт шебері, жағажай волейболынан Қазақстан құрама командасының мүшесі, он сегіз жасар спортшы – Айсұлу Мұхтарқызы Талғар ауданының мақтанышы.
Алтыншы сыныптан бастап Айсұлуды алғыр жаттықтырушы Тимур Тулеев жаттықтырып, ауыл мектебінен бойы өзен жағасындағы алып теректей күн сайын өсіп келе жатқан сұңғақ бойлы қызды жақсы дайындап шығарды. Жетісіне үш рет дайындық жасап, бапкер айтқан ауыр-ауыр жаттығуларды еш қабақ шытпай орындайтын Айсұлу — Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өткен республикалық жарыстарда «Жетісу» қыздар командасының сапында алғашқы үштіктен көрініп жүрді. Жастар арасында 2018 жылы Ресейдің Ленинград облысы мен Соль-Илецк қаласында өткен «Достастық елдері» кубогында бас жүлдені ием­де­ніп қайтқан «Жетісу» қыздар волейбол­­шы­ла­ры­ның сапында тал­ды­бұлақтық Айсұлу Мұхтарқызы да бар бола­тын.

Қазір Айсұлу жағажай волей­болы­мен айналысып жүр. Жағажай волейболы дегеніміз — теңіз жаға­сына құрылған 8х8 алаңда, то­бық­тан келетін ақ шағыл құмда жұп болып, өнер көрсету. Үш айналымнан тұратын бұл ойында әр айналым 21 ұпайға дейін созылады және әрбір команда 7 ұпай алған сайын алаң ауыстырып тұрады. Әйтпесе, ыстық құм үстіндегі ауыр ойында волейболшылар шыдас бере бермеуі мүмкін. Қазақстан құрама командасының сапында ойнап жүрген Айсұлу соңғы жылдары Ақтау, Алматы, Қапшағай, Орал қалаларында өткен жарыстарда қасындағы құрбысы Сабанбаева Әсемай екеуі жүлделі орындардан көрінуде. 2020 жылдың шілде-тамыз айларында қос құрбы Тайландтың Пхукэд қаласында өткен жаттығу жиынына барып қайтты. Мұнда сол кездері Азия чемпионаты жалауын көтеруге тиісті еді. Бірақ әлемді жайлаған пандемия дерті бұл жарысты тоқтатуға мәжбүр етті. Айсұлу қазір Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» бөлімінің 1-курс студенті. Жас қыздың асқақ арманы — әлемдік додаларда да топ жарып, Қазақ елінің көкбайрағын биікке желбірету.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»